Жолдаумен жауапкершілігіміз артатын болады
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған кезекті Жолдауында еліміздің экономикалық және әлеуметтік саясатының маңызды бағыттарымен қатар, мемлекеттік идеология және оның негіздері мәселесіне де айрықша тоқталды.

Бұған дейін бірқатар сарапшылар Президент Қ.Тоқаев өзінің сегізінші Жолдауында «күтпеген, тосын» мәлімдемелер жасамайды деп болжағанымен де, Мемлекет басшысының Парламентте бір жылдың көлемінде ауқымды реформа жасалатыны туралы бастама көтергені елеулі жаңалық болғаны рас. «Өткен 30 жылда Сенат өзінің тарихи миссиясын абыроймен атқарып шықты. Бірақ бұл істе асығыстық жасауға болмайды, бір палаталы Парламент құру мәселесін жан-жақты талқылаудан өткіземіз», – деп атап көрсетті Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Қандай маңызды іс болсын, байыппен қарап, ақыл-парасат таразысынан өткізіп алмай, көпшілікке жария етпейтін Мемлекет басшысының әр сөзінен халыққа деген қамқорлық, елдің ертеңіне деген алаңдаушылық аңғарылып тұрады.
2025 жылды «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялаған ел басшысы «Жұмысшы мамандықтарына құрметті арттыру негізгі міндеттердің бірі» екендігіне тоқталып, технология дамыған қазіргі заманда жұмысшылардың жалақысын ұдайы көтеріп отырудың маңыздылығын айтты. «Әр азаматтың лайықты табыс тауып, ертеңгі күніне сенімді болуы үшін бар мүмкіндік жасалады», – деп атап көрсеткені де жоғарыдағы ойымызды айқындай түседі.
«Судың да сұрауы бар» дейтін халқымыздың даналығын еске түсіретін су ресурстарына ұқыптылықпен қарап, ысырапшылдыққа жол бермеудің де биыл «Су кодексін» қабылдаған еліміз үшін аса маңызды міндет екендігі Жолдауда баса айтылды. Орталық Азиядағы бес мемлекеттің қатарында, әсіресе кең-байтақ Қазақстан үшін су тапшылығын жою міндеті өте өзекті болып тұрғанын біздің әр азаматтың түсінгені ауадай қажет.
Жолдауда шетелден білікті мамандарды ұлтына қарамай елімізде еңбек етуге тарту, сондай-ақ, мықты мамандарды елге қайтарып, оларға барлық жағдайды жасау міндеті қойылды.
Жасанды интеллектпен жұмыс істейтін, кәсіби даярлығы мен сапасы жоғары адами ресурстар қажеттігін алға тартқан Мемлекет басшысының: «Келесі мәселе: Жасанды интеллекті дәуіріндегі мәдениет пен өнердің дамуы. Осы салаға бұрынғыдай айрықша мән береміз, тиісті инфрақұрылымды саламыз және қажет болса жөндеуден өткізіп, қалпына келтіреміз. Өнер адамдары еліміздің мәдениетін, салт-дәстүрін шетелге паш етіп жатыр. Бұл – құрметке лайық жұмыс. Сондықтан мәдениет қайраткерлеріне қажетті қолдауды көрсетеміз. Бірақ олар жаңа заманның талабына бейімделіп жұмыс істеуі керек», – деп атап көрсеткені, біздің атқарып жатқан, әлі де атқарар қызметімізді айқындап, айшықтай түсті.
Міндетімізді зорайтып, мақсатымызды үлкейтті. Сәйкесінше, жауапкершілігіміз де артатын болады. Бұл ретте «Озық ойлы ұлт болу үшін жағымсыз әдеттен түбегейлі арылуымыз керек» деп атап көрсете отырып, қоғамда адамдар арасындағы қарым-қатынаста сыпайылықты сақтамай, «дөрекі сөйлеп, жаға жыртысатындардың» кездесетініне өкініш білдірді. Осы орайда «Мәдениет пен әдеп, тәртіп пен тәрбие әр азаматтың отбасылық қағидасы болуы керек» деп Мемлекет басшысы нақтылаған міндетті жүзеге асыруда біздің мәдениет пен өнер қызметкерлерінің қосар үлесі орасан зор, сол мақсаттағы атқарар ісіміз де ұшан-теңіз деп білеміз. Әрбір сахналық қойылымымыз қалың көрерменді ел бірлігі мен тыныштығын сақтауға шақырып, барды бағалай білетін отаншыл, мемлекетшіл рухтағы ортақ ұстанымға бағыттайтын болады.
Құрман ҚАЛЫМОВ,
С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық
академиялық қазақ драма театрының басшысы