Өмірімнің басым бөлігі спортпен, нақтырақ айтсам, бокс өнерімен біте қайнасып өтті. Ринг маған бір өзгермес шындықты ұқтырды. Жеңіс ешқашан кездейсоқ келмейді. Әрбір табыстың артында нақты қағидалар, темірдей тәртіп, адалдық пен айқын жауапкершілік тұрады. Бұл – тек спортқа ғана емес, тұтас өмірге ортақ заңдылық. Бокста бәрі анық. Яғни, ереже, төреші бар, жауапкершілік бар. Шаршы алаңда кім мықты екенін тек күш емес, тәртіп пен дайындық айқындайды. Ереже сақталмаса – әділ бәсеке жоғалады. Ал, бір спортшының тәртіп бұзуы тек қарсыласына емес, бүкіл спорттың абыройына көлеңке түсіреді. Себебі, спорт – сенімге құрылған жүйе. Ол сенім әділдікпен ғана нығаяды.
Мемлекет те дәл сондай үлкен ринг іспетті. Тек мұндағы бәсеке – мүдделердің, көзқарастардың, ұстанымдардың бәсекесі. Ал, осы күрделі кеңістіктегі үйлесімділік пен тұрақтылықтың кепілі – ортақ ережелер. Ол ережелердің жиынтығы – жаңа Конституция жобасы.

Конституция – жай ғана құқықтық құжат емес. Ол – елдің өмір сүру қағидаларын айқындайтын басты бағдаршам, қоғам мен билік арасындағы келісім. Әр азаматтың құқығы мен міндетін белгілейтін берік тұғыр. Спорттағыдай, мемлекетте де ереже бәріне ортақ болғанда ғана әділдік үстемдік етеді. Заң үстемдігі сақталған жерде сенім бар. Сенім бар жерде даму да бар. Рингтегі тәртіп жеңіске бастаса, мемлекеттегі құқықтық тәртіп елдің ертеңін айқындайды.
Бүгінде біз Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын талқылау үстіндеміз. Бұл – жай ғана құқықтық құжатты жаңарту емес. Бұл – елдің ертеңін айқындайтын стратегиялық таңдау, болашағымыздың берік іргетасын қалау. Конституция – біздің ғана емес, балаларымыз бен келер ұрпақ өмір сүретін ортақ ережеміз, ортақ жауапкершілігіміз. Мен спортшы ретінде бір нәрсені анық білемін. Егер ережелер ескірсе – оларды қайта қарау қажет. Егер олар әділдікті толық қамтамасыз етпесе – күшейту қажет. Егер тең мүмкіндік бермесе – өзгерту қажет. Өйткені, әділ бәсеке тек заманына сай, бәріне бірдей талап қоятын қағидаларға сүйенгенде ғана мүмкін болады.
Жаңа Конституцияның мәні де – осы. Ол әділеттілікті нығайтуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды нақты әрі пәрменді тетіктермен қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар билік пен жауапкершілік арасындағы тепе-теңдікті орнықтырып, халық үнінің шынайы саяси мәнге ие болуына жол ашуды көздейді. Яғни, азаматтық ұстаным формалдылық деңгейінде қалмай, нақты шешімдерге ықпал ететін күшке айналуы тиіс.
Ең маңыздысы – бұл өзгерістердің өзегінде адам тұр. Оның қадір-қасиеті, бостандығы, заңмен қорғалатын құқығы – мемлекеттің басты құндылығы ретінде айқындалады. Бұл қағида қағаз жүзінде емес, нақты құқықтық және институционалдық кепілдіктер арқылы жүзеге асуы қажет. Әсіресе, бұл бастамалардың жастар үшін маңызы айрықша. Себебі, елдің ертеңін қалыптастыратын да, жаңа дәуірдің жауапкершілігін арқалайтын да – жастар. Конституция қаншалықты әділ әрі өміршең болса, олардың мүмкіндігі де соншалықты кең болмақ. Сондықтан жаңа Негізгі заңды талқылау – бүгінгі күннің ғана емес, келешек ұрпақтың алдындағы тарихи жауапкершілік.
Мен жас спортшылармен де, студент жастармен де жиі жүздесемін. Сондай кездесулерде айқын аңғаратыным – біздің жастарда қуат та бар, асқақ арман да бар, өз ойын ашық айтып, қоғам өміріне белсенді араласуға деген шынайы ұмтылыс та бар. Бұл – ел болашағының ең басты капиталы. Алайда әлеует өздігінен жүзеге аспайды. Ол үшін әділ орта, айқын қағидалар, тең мүмкіндік қажет. Еңбегің еленетін, үнің естілетін, таңдауың құрметтелетін жүйе қажет. Тек сонда ғана жас буынның талпынысы нақты нәтижеге ұласады.
Спортта қарапайым бір шындық бар. Ережені білмеген адам чемпион атанбайды. Қай бағытта, не үшін күресіп жатқанын түсінбеген жан жеңіске жете алмайды. Дәл сол сияқты, қоғамда да әр азамат ел өмірінің басты қағидаларын жете түсінгенде ғана саналы таңдау жасап, ортақ іске жауапкершілікпен қарай алады. Бұл – формалды құжат емес, бұл – біздің ортақ ережеміз, ортақ бағытымыз, ортақ болашағымыз. Сондықтан, баршаңызды Конституция жобасымен толық танысып шығуға шақырамын.
Бүгінгі жас – ертеңгі білікті маман, жауапты көшбасшы, табысты кәсіпкер, кәсіби мемлекеттік қызметші. Ең бастысы – саналы ата-ана. Уақыт өте рөлдер өзгереді, бірақ, азаматтық жауапкершілік өзгермейді. Қоғамның сапасы – оны құрайтын адамдардың ұстанымымен өлшенеді. Қазақстанның болашағы сіздердің азаматтық көзқарастарыңызға, белсенділіктеріңізге, әділдікке деген талаптарыңызға тікелей байланысты. Мен Қазақстан адал қағидаларға сүйенген, заң үстемдігі берік орныққан, әр азаматқа тең мүмкіндік берілген ел болуы тиіс әрі бола алады деп сенемін. Бұл – жай ұран емес, бұл – ортақ мақсат. Ал, сол мақсатқа жету әрқайсымыздың ұстанымымыз бен ісімізден басталады.
Сабыржан АҚҚАЛЫҚОВ
Қарағанды облысы бойынша «2025 жылдың үздік спортшысы» номинациясының жеңімпазы, бокстан Азия чемпионы, жастар арасындағы әлем чемпионы



