Жаңалықтар

Ортақ парыз, ортақ мүдде, ортақ міндет

Қазақстан халқы Ассамблеясы алғашында елімізді мекен еткен ұлттар мен ұлыстар арасындағы татулық пен бірлікті үйлестіруші орган болып құрылғанымен, уақыт өте келе, ол қоғамды біріктіруші ұлы күшке айналды. Ассамблея төңірегіндегі көпфункциялы қызметтер мазмұны мен 30 жылда атқарылған жұмыстар нәтижесі осы сөзімізді қуаттайтыны даусыз. Әлемнің ешбір елінде баламасы жоқ бірегей институттың қызмет ауқымы кеңейіп, тарихи жауапкершілігі мен биліктің барлық тармағы алдындағы ықпалы артып келеді.

Сурет assembly.kz

Береке мен бірлікті, ымыра мен ынтымақты қадірлеу – ежелден қанымызға сіңіп, жанымызға жалау болған асыл қасиетіміз. Жарасымдылық пен сыйластықты ғасырлар бойы жалғаған бабалар дәстүрі бүгін де жойылған жоқ. Біртұтас еліміз бейбітшіліктің бесігіне айналып, біздің бұл өнегемізді әлемнің аса беделді сарапшылары мен халықаралық ұйымдары бірауыздан әлем халықтарына үлгі боларлық басты жетістігіміз деп мойындады. Тарихтың ұрымтал сәттеріндегі сын-қатерлерге төтеп беріп, іргемізді берік етіп отырған да – осы тұтастық пен тұрақтылық. Елімізде ұлт пен ұлысты ұйыстырып, 100-ден аса этносты бір шаңырақ астына біріктірген іргелі институт Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы – 1 наурыз Алғыс айту күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Алғыс айту күнінің шығу тарихы да тарих тоғыстырған этностардың қазақ жұртының ерекше мейіріміне көрсеткен құрметімен байланысты.

Биылғы Алғыс айту күні қарсаңында Қазақстан халқы Ассамблея­сы жанынан құрылған Ақсақалдар кеңесінің республикалық отырысы Сарыарқаның төсінде, ел индустрия­сының қара қазаны – Қарағандыда өтті. Қоғам өмірінде зор маңызы мен салмағы бар бұл кеңес әр өңірде тағылымы мен тәрбиелік мәні зор жұмыстар атқаруда. Құрамына енген қоғам қайраткерлері, ел мүддесі жолында қызмет қылып жүрген ағалар, тағдыры қазақ халқымен тамырласқан этностар ортақ мақсат, бір мүдде төңірегіне топтасты. Кеңестің басты идеологемасы – Патриотизм және Тәрбие. Ол Қазақстан халқының іргелі құндылықтары негізінде жастар мен балаларды тәрбиелеу жөніндегі шараларды іске асыруға бағытталған. Сондай-ақ, отбасылық құндылықтарды нығайтуды және жауапты тұлғаны тәрбиелеуді, жас ұрпақты еңбекке құрметпен қарауға, адалдық пен үнемшілдікке тәрбиелеуді, өскелең ұрпақ арасында салауатты өмір салтын насихаттауды, адамгершілік құндылықтарын ілгерілетіп, білім мен кәсіпқойлықты құрметтеуді мақсат етеді.
«Қарияң болса еліңде – жазып қойған хатпен тең», – дейді халық даналығы. Қазыналы қария – даналықтың, терең өмірлік тәжірибенің символы. Иә, аға буын – қашан да өткен мен бүгінгінің арасындағы алтын көпір іспетті, мол рухани қазынаға ие және өскелең ұрпақ үшін өмір мектебі. Әсіресе, бүгінгідей ақпараттық технология ғарыштық жылдамдықпен дамыған, жаһандану дәуірінде аға буынның өнегесі мен өмірлік тәжірибесі қоғам үшін аса қажет. Осы тұрғыда ақсақалдар институтын қайта жаңғырту қажет деген бастама күн тәртібіне көтерілді. Себебі, бұл ел ішіндегі маңызды мәселелерді шешу, тарихи құбылыстарды таразылауда салмақты орын алады.

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайда «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидасы негізінде «Адал азамат» тұжырымдамасын енгізудің маңыздылығын атап өтті. «Адал азамат – ең жақсы қасиеттерге ие, адал еңбектеніп, әділдік негізінде табысқа жететін адам», – деген Президент прогрессивті қоғамға қол жеткізу үшін азаматтардың дүниетанымын өзгерту және жаңа құндылықтарды қалыптастыру қажеттігін айтты. Осыған байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақсақалдар кеңесі «Адал Азамат» жобасын іске асыру бойынша бастама жасаған еді.

Адалдық жолы – тура жол. Қоғамды құратын – халық, жеке тұлға. Ақиқатқа арқа сүйеген әділетті қоғам орнату үшін алдымен адам адал болуы керек. Бір адамның адалдығы қоғамға аздық етеді. «Әділетті Қазақстанды» адал азамат қана дамыта алады. Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс.

Тәрбие басы – тіл, отбасы, мектеп, мейірім, өзара құрмет. Тәрбиемен қоса берілген білім – өркениет көшіндегі өлшемі жоқ байлық. Ал «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Бұны заманында ғұлама ұстаз әл-Фараби айтып кеткен. Осы сәтте жас кезімізде үлкендер жиі айтатын: «Адам бол, содан кейін маман бол», – деген сөзі ойыма оралып отыр. Ассамблея жанындағы Ақсақалдар кеңесінің де ұстанымы – осы.

Сондықтан, ҚХА Ақсақалдар кеңесі жас ұрпақтың бойында адалдық, әділеттілік және патриотизм құндылықтарын қалыптастыру мақсатында жүйелі және кешенді жұмыс жүргізіп жатыр.

Әл-Фараби, Бұқар жырау, Абай, Шәкәрім, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Бауыржан Момышұлы және басқа тұлғалардың тағылымын Ақсақалдар кеңесінің ұстанымымен ұштастыра отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайда атап өткен Тәуелсіздік пен патриотизм, бірлік пен ынтымақтастық, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіпқойлық секілді басты құндылықтардың мәні және олардың азаматтардың тұлғасын қалыптастырудағы маңыздылығын талдау да – кеңес жұмысының басты бағыттарының бірі. Биылғы жыл «Жұмысшы мамандықтарының жылы» болып жарияланғандықтан, бұл жұмыс оқу орындарында тәрбиелік іс-шаралар, жастар форумдары, спорттық-бұқаралық іс-шаралар, әскери бөлімшелердегі және еңбек ұжымдарындағы кездесулер және басқа да форматтарда өтеді.

Жастардың бойында өз еліне, туған жеріне деген сүйіспеншілікті, тарих пен мәдениетке деген құрметті оятуға бағытталған «Туған елге тағзым» тарихи-мәдени экспедицияларын ұйымдастырудың да маңызы зор. Экспедиция арқылы жастар туған жердің бай тарихымен, мәдени мұраларымен танысып, ұлттық құндылықтардың маңыздылығын түсінеді.

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы, Бауыржан Момышұлының 115 жылдығы және Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы аясында Ардагерлер кеңестерімен бірлесіп, жастарға патриоттық тәрбие беру, тарихи сананы жаңғырту және батырлардың ерлігін құрметтеу мақсатында бірқатар шаралар ұйымдастыру ұсынылып отыр.

Сонымен қатар, этномәдени бірлестіктермен, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігімен бірлесе отырып, әскери-патриоттық әндер конкурсын, ұлттық спорт сайыстарын ұйымдастыруды жоспарладық.

Атап өтейін, Кеңес өнер адамдары және асабалармен жұмыс жүргізуді қолға алды. Қоғамда саналы мәдениет қалыптастыру – бүгінгі күні аса маңызды міндеттердің бірі және қажеттілік. Тәрбие құралы болып саналатын той-жиындарға арнайы ереже енгізу, тәрбиелік мазмұнды күшейту, сөз мәдениетін жақсарту және әлеуметтік мәселелерді көтеру және бар. Ақсақалдардың өмірлік тәжірибесі өнер адамдарына рухани құндылықтарды таратуға негіз бола алады.

Блогерлердің жастар арасындағы ықпалын ескере отырып, ақсақалдар олардың контентіне әділдік, адалдық және патриотизм сияқты құндылықтарды енгізуге бағыт-бағдар бере алады.
Нашақорлық, құмар ойындарға тәуелділік, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты салдары орасан әлеуметтік кеселдермен күресудегі жұмыс та күн тәртібінде.

«Жомарт Жан», «Жаңа толқын», «Тамырлас» жобалары да жүзеге асады. Президент жариялаған «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында «Адал еңбек – Адал кәсіп» қағидаты негізінде еңбек құндылықтарын насихаттау алға қойылды.

Еліміздің әр аймағында құрылған аудандық, ауылдық кеңестер осы жүйелі жоспар аясында тыңғылықты жұмысты бастады. Және ол жалғасатын болады.
Шежіресі сақталған елдің, шежірешісі де сақталады. Кеңес құрамындағы әр азаматтың өмірлік тәжірибесі, қоғамдық пікір қалыптастыру қабілеті, көшбасшылық, даналық, аталық, абыздық жолдары әрі қасиеттері бар. Ұлт пен қоғам мүддесі жолында бірлесе атқарған жұмыс ұлттың жаңа сапасын қалыптастырмақ. Біз жүрген ізбен өскелең ұрпақ, жас буын келеді. Мемлекет болашағы – солардың қолында. Оларға ізгі жол көрсету – біздің ортақ парызымыз.

Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,
ҚХА мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы,
облыстық мәслихаттың депутаты

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button