Ортақ мүдде орасан игілікке бастайды
Қоғам пікірін дөп басып, айтылған сынды аяқсыз қалдырмай, түзетуге септесіп, билік пен халық арасында көпір болып жүрген облыстық мәслихат депутаттары өңір проблемаларын үнемі назарда ұстап келеді. Облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжановтың төрағалығымен өткен кезекті XVIII сессия барысында да ауқымды мәселелер қаралып, облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы есебі тыңдалды. Тыңдап қана қойған жоқ, депутаттар өңір игілігі үшін атқарылуы тиіс бірқатар мәселелерді де көтерді. Одан бөлек, сессияға дайындық барысында халық қалаулылары бюджетті нақтылау, өңірдің даму қорытындылары, дәрігерлерді әлеуметтік қолдау шаралары және тағы басқа да сұрақтарды зерделеуден бөлек, тұрғындардың наразылығы бойынша келіп түскен мәселелерге қатысты аймақтағы полигондарға, қоқыс сұрыптау зауыттарына барып, облыстағы қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару мен қайта өңдеудің жағдайын да көздерімен көріп қайтқан болатын.
Билік тармақтарының бірлігі
Ермағанбет Қабдулаұлының айтуынша, облыс экономикасы тұрақты дамып келеді. Өңдеу өнеркәсібінде сегіз айдың қорытындысы бойынша өсім – 10,3%-ды құрады. Одан бөлек, өңірде мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейтінін де айту керек. Дәл осы кәсіпорындарда жұмыс істейтіндердің саны миллионнан асады. Одан бөлек, аймақ басшысы бюджеттің әлеуметтік бағдарлануы, экономика, шағын және орта бизнесті дамыту, агроөнеркәсіптік кешен, жолдарды жөндеу, жаңа мектептер салу және спортты қолдау туралы айтты.
Сессия жұмысын ашқан Нұркен Сайфиддинұлы бірлескен күш-жігердің арқасында ғана өңірдің кешенді дамуына және басты мақсатты шешуге қол жеткізуге болатынына тоқталды.
– Бүгін біз жергілікті атқарушы органдардың, депутаттық корпустың және өңір тұрғындарының ортақ жұмысының нәтижесі болып табылатын аралық қорытындыларды шығарамыз. Облыс әкімінің депутаттар алдындағы есебі атқарылған жұмыстарға талдау жүргізуге, динамиканы атап өтуге, шешілмеген мәселелерге объективті қарауға және өңіріміздің одан әрі даму жолдарын анықтауға мүмкіндік береді. Сізге ауқымды міндеттер қойылды және біз оларды жүзеге асыруға барлық жағынан жәрдемдесуге дайынбыз. Сайлаушылардан, саяси партиялардан алдағы сессияларда қарастыруды жоспарлап отырған мәселелер бойынша бірқатар өтініштер бар. Олардың жүзеге асырылуы облыс тұрғындарының әл-ауқаты мен жайлылық деңгейін арттыруға ықпал етеді, – деді Нұркен Кобжанов.
Депутаттар көтерген мәселе
Облыс басшысының есебін тыңдап, депутаттар бірқатар мәселелерді көтерді. Мәселен, Михаил Коновалов кәсіпкерлікке жеңілдікпен несие беруді кеңейту туралы айтса, Ерден Халилин спорттық инфрақұрылымды дамыту қажеттілігіне тоқталды. Ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелерге бейжай қарай алмайтын Игорь Жабяк ет бағытын молайту, жемшөп базасын құру, жайылымдарды кеңейту тәрізді бастамаларды көтерді.
– Қазіргі уақытта шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында мемлекет кәсіпкерлер үшін өнімдер мен қызметтердің кең спектрін ұсынады. Олардың қатарында несиелеу, субсидиялау бағдарламалары шеңберінде қаржыландыру, несиелерге кепілдік беру, кәсіпкерлік жобаларды консультациялық қолдау және сүйемелдеу сияқты бірқатар шаралар бар. Мәселен, 2022 жылдан 2024 жылғы тамызға дейінгі кезеңде оң динамика байқалады. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілері саны 9,2%-ға өсуі байқалады. Олар шығаратын өнім көлемі – 2,7 трлн теңге. Ал, 2023-2024 жылдары жалпы сомасы 63,3 млрд теңгеге 994 жаңа жоба субсидияланды, – дейді Михаил Александрович.
Бірақ, депутат жетістіктерімен қатар, кез келген елдің экономикасының негізі саналатын ШОБ алдында кедергілердің де жоқ емес екенін көрсетті. Айтуынша, бизнес несие ресурстарына қол жеткізу сияқты қиындықтарға жиі тап болады. Осыған байланысты, өңір болашағына қатысты маңызды тақырып – кәсіпкерлікті субсидиялау мен жеңілдікпен кредиттеуді кеңейту қажеттілігіне тоқталды.
– Өңірде жас стартаптар, шағын және орта бизнес белсенді қолдауға ие болғанына қарамастан, көбінесе бұл шаралар кәсіпкерлік ортаны табысты дамыту үшін жеткіліксіз. Қазіргі уақытта Қарағанды облысы бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры өтінімдерді қарауды, субсидиялау және кепілдік беру шарттарына қол қоюды тоқтатты. Уәкілетті органдардың деректері бойынша субсидиялау және кепілдік беру бойынша бұрын қабылданған міндеттемелерге 6 млрд теңге және жаңа жобаларды іске асыруға 1,4 млрд теңге мөлшерінде қаражат жетпейді, – деді Михаил Коновалов.
Одан бөлек, субсидиялау көлемі бизнестің нақты қажеттіліктеріне сәйкес емес. Қаржылық қолдау да қысқа мерзімге ғана көрсетіледі. Осыған байланысты Михаил Александрович Ермағанбет Қабдулаұлына кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін, оның ішінде, облыстық бюджет қаражаты есебінен шешу мүмкіндігін қарастыруды сұрады.
Ал, депутат Ерден Халилин аймақ спортына қатысты пікірін білдірді. Ол жастардың дені сау, мықты азамат болып өсуі, ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша дейді.
– Биыл Париж Олимпиадасы және Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары өтті. Нәтижесі жаман емес. Мәселен, пара- спортшыларымыз 2 қола жүлдеге қол жеткізсе, көшпенділер ойындары бойынша 1 алтын, 1 күміс, 1 қола жүлдеге ие болды. Спортты дамытуға ерекше ықпал ететін негізгі факторлардың бірі – халықты спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. Осы бағытта соңғы жылдары аудан орталықтарында, ауылдарда және шағын қалаларда көптеген спорт нысандары салынып, қолданысқа берілді. Одан бөлек, 30 жыл бұрын жабылып қалған дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерінің қайта ашылуы. Спорттың дамуына дәрігерлік бақылаудың және ғылыми бағыттағы жұмыстардың болмауы үлкен кедергі. Қазіргі таңда осы бағытта үлкен жұмыстар атқарылып жатыр, – деді Ерден Балтабайұлы.
Соған қарамастан, бірқатар проблемалар да бар екенін айтады депутат. Мәселен, Дүниежүзілік көшпенділер ойыны әлі де болса ұлттық спорттың дамуында олқылықтар бар екенін көрсетті.
– Бұған бірден-бір себеп – облысымызда заманауи талапқа сай оқу-жаттығу және жарыстар өткізетін ипподромның болмауы. Жоғарыда айтылған спорттық нысандарды жүзеге асыруда облыстық мәслихат депутаттары мен облыс басшылығы бірлесіп, қолдау көрсетеді деп білемін, – деп сөзін аяқтады Ерден Халилин.
Ал, Игорь Жабяк сессия барысында Ермағанбет Бөлекпаевқа ауыл шаруашылығы саласында жылдар бойы қордаланып, шешімін таппай келе жатқан мәселелерді жеткізді. Айтуынша, етті бағыттағы өсімді молайтуды ұйымдастыру, жайылымдарды кеңейту және табиғи алқаптарды жақсарту жолымен тиімді жемшөп базасын құру жөніндегі іс-шараларды іске асыру талап етіледі. Одан бөлек, жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруға, тұқым шаруашылығын қолдауға субсидиялар беру тәжірибесін сақтау да маңызды.
– Облыстық бюджеттен қаржылық көмек көрсетілетін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қызметінің тиімділігін бағалау мәселелеріне ерекше назар аудару қажет. Одан бөлек, «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының азықтүлік тауарларының тұрақтандыру қорын құру, қолда бар көкөніс қоймалары мен жер учаскелерін тиімді пайдалану жөніндегі жұмысының тиімділігін арттыру мәселесі де өзекті, – деді Игорь Жабяк.
Тұрмыстық қалдық зиянын тигізбеуі тиіс
Сессияда қаралған басты мәселенің бірі – қоқысты шығару және қайта өңдеу. Аталған мәселеге ерекше ыждағаттылық танытқан депутаттар бірнеше ай қатарынан жұмыс жүргізгенін де айту керек. Мәселен, Нұркен Кобжановтың өкімімен 13 топтан тұратын уақытша жұмыс комиссиясы құрылып, оның құрамына облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаттары, аудандық және қалалық әкімдіктердің, экология, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінің, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілдері кірген.
Олар рұқсат етілмеген полигондарға, күл үйінділеріне, қоқыс сұрыптау кәсіпорындарына барып, проблеманы көзбен көрген. Бұл, өз кезегінде осы саладағы проблемаларды анықтауға мүмкіндік беретіні анық. Нәтижесінде, тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарының санитарлық және экологиялық нормаларға сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында шешім шығарылды. Онда 30-дан астам ұсыныстар көрсетілген.
Мәселен, облыс әкімдігіне коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бірыңғай органды айқындау ұсынылды. Ол ҚТҚ полигондарын сұрыптау, жинау, тасымалдау, кәдеге жарату, көму, өртеу, салу және стихиялық полигондарды жою мәселелері бойынша жұмысты үйлестіретін болады.
Ал, қалалар мен аудандардың әкімдіктері полигондар үшін ресімделген жер учаскелерінің болуы және олардың қажеттіліктері туралы талдамалық ақпарат беруі, сондай-ақ, Экологиялық кодекс талаптарына сәйкес келмейтін 131 полигонды заңдастыру жөніндегі жұмысты жалғастыруы қажет.
Қазіргі заманғы экологиялық стандарттарды ескере отырып, ҚТҚ жаңа полигондарын салуға немесе қолданыстағы полигондарды жаңғыртуға жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге бюджет қаражатын бөлу және қоғамдық тыңдаулар өткізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылады. Ал, депутаттар құрылыс қалдықтарының жеке полигондарын, оларды уақытша сақтау және қайта өңдеу үшін арнайы алаңдар құруды ұсынды.
Облыстың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне, экология департаментіне қалалар мен аудандар әкімдіктерімен бірлесіп, жұмыс істеп тұрған полигондарды санитарлық және экологиялық нормаларға сәйкестігін тексеруді, санитарлық-экологиялық талаптардың сақталуын бақылауды күшейтуді жүзеге асыру тапсырылды.
Сондай-ақ, депутаттар қоғамдық орындарда және аудандарда пластик, қағаз, шыны және органикалық қалдықтарға арналған бөлек контейнерлер орнатуды, аулаларда контейнерлік алаңдарды жабдықтауды және коммуналдық кәсіпорындардың қызметкерлерін қалдықтардың әртүрлі түрлерін сұрыптау және өңдеу техникасына үйретуді сұрады.
Облыстық бюджетке өзгерістер енгізілді
Сессия барысында депутаттар Ермек Әбілдин мен Ойрат Нұрқазов та өздерінің сұраныстарын білдірді. Олар облыс автожолдарындағы полиция қызметкерлерінің іс-әрекеті мен салық органдары қызметкерлерінің ауыл тұрғындарына салық берешегі бойынша хабарламаларына қатысты болды. Бұл сауалдарды мемлекеттік органдардың бақылауына алғанын облыстық мәслихат өзі қадағалайды.
Одан бөлек, сессия барысында облыстың ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов депутаттар назарына Қарағанды облысы мен Қазақстан Республикасының дамуына қосқан ерекше еңбегі мен жеке үлесі үшін «Қарағанды облысының Құрметті азаматы» атағына ие болатын тұлғалардың кандидатураларын ұсынды.
Халық қалаулылары Еңбек ардагері, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы, Қазақстанның мемлекеттік және саяси қайраткері, экономика ғылымдарының кандидаты Камалтин Мұхамеджановқа, Самбо күресінен КСРО спорт шебері, ҚазКСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі, ҚазКСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы, еңбек ардагері, Олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебінің қазақ күресінен жаттықтырушы-оқытушысы Диқанбай Биткөзовке, сондай-ақ, КСРО Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Екатерина Кузнецоваға «Қарағанды облысының Құрметті азаматы» атағын беруді бірауыздан қолдады.
Сессияда депутаттар 2024 жылға арналған облыстық бюджетке өзгерістер енгізгенін де айту керек. Олардың барлығы облыс тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.
Айта кету керек, Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясының үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті қамтамасыз ету мақсатында ұлттың имиджін айқындайтын іргелі құндылықтарды, базалық идеологиялар мен бағдарларды ілгерілету жөнінде бірқатар міндеттер қойған болатын. Осыған орай, Нұркен Кобжанов «Бірлік» депутаттық тобы құрылатынын да айтты.
– Бүгінде халқымыздың бірлігін нығайту өте маңызды. Бұл жағдайда депутаттық корпус ерекше роль атқарады. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту үшін барлық деңгейдегі депутаттардың мемлекеттік органдармен, ұйымдармен, азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимылы қажет. Осыған байланысты біз Қазақстан халқы Ассамблеясымен және азаматтық қоғаммен, оның ішінде, этносаралық және конфессияаралық келісім мәселелері бойынша одан әрі жұмыс істеу үшін «Бірлік» депутаттық тобын құрамыз, – деді ол.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz