Қоршаған ортаның қорғаны
Жаңа Конституция жобасында тиісінше табиғатты сақтау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және жасыл болашаққа бағытталған жауапкершілік – мемлекетіміздің ең маңызды қағидатының бірі ретінде айқын жазылды. Өздеріңіз білетіндей, бұл Конституция жобасында адам құқықтары мен бостандықтары, әлеуметтік әділеттілік, экономикалық және саяси даму ғана емес, сонымен бірге, табиғатты қорғау міндеттері де стратегиялық басымдық ретінде көрсетілді.

Экологиялық қауіпсіздік – біздің ортақ болашағымыздың кепілі. Жаңа Конституция жобасында азаматтардың табиғатты сақтауға және қоршаған ортаға жауапты қарауға міндетті екені нақтыланады; жауапты органдар мен тұлғалар нақты экологиялық қауіптерді жасыру үшін заң алдында жауап беретіні жазылды.
Жоғары деңгейлі экологиялық мәдениетті қалыптастыру мемлекет тарапынан насихатталатын негізгі принцип ретінде бекітілді. Бұл – қоғам үшін маңызды қадам. Себебі, экология – бұл тек табиғатты қорғау ғана емес, адам денсаулығы, қауіпсіздік пен болашақ ұрпаққа таза қоршаған орта қалдыру. Қазақстанның әр өңірінде, әр қала мен ауылда бұл идеяны шынайы іске асыру – ортақ парыз.
Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» акциясы миллиондаған адамды біріктірді. Бұл құбылыс қоғамның экологиялық жауапкершілігін күшейтіп, табиғатты сақтау идеясын күнделікті өмірге енгізуде үлкен рөл атқарды.
Біз енді Конституция деңгейінде табиғи ресурстарды ұтымды пайдалануымыз, экологиялық зиянды азайтумыз, табиғатты қалпына келтіру бойынша шаралар жүргізуді заң жүзінде міндеттеу сияқты принциптерді бекітеміз. Осы арқылы біз табиғатты сақтау мен экономикалық даму арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеміз.
Асылжан ТӨЛЕГЕНОВ,
«Kazakhmys holding» ЖШС компаниясының экология мәселелері жөніндегі
департаментінің бас маманы, «ТALDAU мектебі Қарағанды» аналитика мектебінің түлегі



