Жаңалықтар

Қоршаған орта қорғауға зәру

Облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжановтың төрағалығымен өткен XXIV сессияда Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарының 2024 жылы 80 тармағын іске асыру туралы уәкілетті органның есебі тыңдалды. Облыстық мәслихат сессияларының мұндай экологиялық мәселелерді қарауы жергілікті билік пен халық арасындағы диалогты нығайтуға, тұрғындардың экологиялық жағдайға деген жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бұл шаралар облыс көлемінде экологияны қорғауға бағытталған әрі тиімді саясаттың қалыптасуына ықпал етеді.

Облыстың табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бақтияр Санбаевтың айтуынша, экологиялық жағдайды жақсарту үшін облыстық бюджеттен табиғатты қорғау бойынша 80 түрлі іс-шараны атқаруға 24,3 млрд теңге қарастырылған. Бұл ретте игерілмеген сома – 4 237,6 мың теңге.

Басқарма басшысының есебі бойынша бөлінген сома гидротехникалық құрылыстарды күрделі жөндеу, орман дақылдарын отырғызу және жасыл екпелер алаңдарын ұлғайту, резервтік балық шаруашылығы су айдындарын балықтандыру бойынша жобалар іске асырылған. Сондай-ақ, мамандандырылған техника мен жабдықтар сатып алынған. Бүгінде газбен жабдықтау, өзендерді санациялау, қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнерлер орнату және рұқсат етілмеген қоқыстарды жою сияқты жұмыстар атқарылуда.

Жалпы, облыстық мәслихат депутаттары кез келген мәселені сессия алдында талқылайды. Себебі, мәслихат депутаттары бюджет жобасының тиімділігі мен қоғам мүддесіне қаншалықты сәйкес келетінін саралап, қаражаттың нақты қай салаларға бөлінуі керек екенін шешеді. Бұл шешімдер облыс экономикасының тұрақтылығын және әлеуметтік салалардың дамуын қамтамасыз етеді.

«Байтақ» жасылдар партия­сынан облыстық мәслихат депутаты Сейфул-Малик Казитов проблемалық мәселелерге назар аударды. Олардың қатарында Абай ауданында салынып жатқан полигонның құрылысы, Шахтинск қаласындағы зауыт құрылысы бар. Бақтияр Санбаев бұл депутаттың сұрағына алдағы уақытта жазбаша есеп берілетінін айтты.

Сонымен қатар, сессия барысында Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарының 15 тармағы іске асырылмаған күйінде қалып отырғаны белгілі болды.

– Бүгінде жоспарланған 80 іс-шараның он бесі орындалмай қалып отыр. Осыған байланысты облыстың табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына және бейіндік комиссияларға бағалау тетігі мен мониторингтің неғұрлым қатаң шараларын қоса алғанда, жергілікті жерлерде іс-шараларды жоспарлауды және іске асыруды қарастыруы керек, – деді Нұркен Сайфиддинұлы.

Есепті тыңдау қорытындылары бойынша мемлекеттік органдарға басталған жобаларды аяқтау қажеттілігін ескере отырып, табиғат қорғау іс-шараларына бұрын бекітілген және игерілмеген бюджет қаражатын бөлуді, сондай-ақ, іске асырылып жатқан іс-шаралар туралы халық арасында ақпараттық жұмыс жүргізуді қамтамасыз ету тапсырылды. Ал, бейіндік комиссияға облыстық мәслихат сессиясының қарауына тиісті ұсыныстар енгізе отырып, олардың орындалуына талдау жүргізуді ұйымдастыру тапсырылды.

Сессия аясында нақтылауды ескере отырып, облыстық бюджеттің жобасы да қаралды. Бюджет қаражаты Шахтинск ЖЭО-да жөндеуге, Балқаш көшелерін абаттандыруға, Сарандағы ИКИ құрылысына, Осакаров ауданындағы су құбыры желілеріне, ауылдағы 78 денсаулық сақтау нысандарының құрылысын аяқтауға және тағы да басқа жобаларды іске асыруға бағытталатын болады.

Сонымен қатар, облыстың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова да баяндама оқыды. Оның нәтижесі бойынша орфандық аурулары бар азаматтарға дәрі-дәрмектің 18 түрін сатып алуға қосымша шығыстар бекітілді.

Сессия барысында тұрақты комиссиялар төрағаларының 2024 жылғы атқарылған жұмыстар туралы есептері қаралып, облыс әкімі жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың құрамына өзгерістер енгізілді.

XXIV сессияның күн тәртібіндегі барлық аталған мәселелерді депутаттар бақылауға алады.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button