Табиғат – адамзаттың тіршілік негізі, ұлттың өмір сүру сапасын айқындайтын басты құндылықтың бірі һәм бірегейі. Соңғы жылдары қоршаған ортаға деген көзқарас түбегейлі өзгеріп, тазалық пен көгалдандыру мәселесі күн тәртібінің алдыңғы шебіне шықты. Осы бағытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде экомәдениетті қалыптастыру мен ауқымды көгалдандыру жұмыстарын жүргізуді нақты міндет ретінде белгілеп, 2 миллиард ағаш егу және елдімекендерді 15 миллион жасыл желек пен көмкеру жөнінде тапсырма берді. Осы игі бастама негізінде қабылданған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы тазалықты қамтамасыз етумен қатар, қоғамның санасын жаңғыртуға бағытталған кешенді бағдарламаға айналды.

Нақты нәтижелер
Мемлекет басшысы атаған міндеттер аймақта да кезең-кезеңімен іске асырылып, өңірде инфрақұрылымдық жаңғырту, жасыл аймақтарды кеңейту және табиғатты қорғау бағытындағы жұмыстар жүйелі сипат алды. Экологиялық бастамалар тек маусымдық шаралармен шектелмей, нақты көрсеткіштер мен ұзақмерзімді жоспарларға негізделген тұрақты саясатқа ұласып келеді.
Қарағанды облысында бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен аппарат жиынында жан-сақты сараланып, таразыға салынды. Экомәдениетті қалыптастыру мен қоршаған ортаны қорғау мәселелері өңірлік саясаттың басым бағыттарының біріне айналып, нақты көрсеткіштермен бекітілген жүйелі жұмыстармен толықтырылуда.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаевтың айтуынша, бағдарлама аясында өңірде экологиялық бақылау мен цифрландыру жұмыстары айтарлықтай күшейтілген. Атап айтқанда, 8 өңірде абаттандыру ережелерін бұзушылықтарды тіркеу үшін 395 сыртқы бақылау камерасы орнатылды. Сонымен қатар, 594 суды есепке алу аспабы енгізіліп, ресурстарды тиімді пайдалану бағытында нақты қадамдар жасалды. Ерекше назар жасыл қорды есепке алу мен басқаруға аударылып, облыс бойынша 1,8 миллионнан астам жасыл желек толық цифрландырылды.

– Облысымызда көгалдандыру жұмыстары да жүйелі сипат алып отыр. Көктем және күз мезгілдерінде 60 мыңнан астам тал-дарақ егіліп, елдімекендердің экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған шаралар жалғасуда. Қоқыс қалдықтарын сұрыптау саласында да нақты жобалар іске асырылуда. «Жасыл Даму» акционерлік қоғамы арқылы қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу бағытында екі ірі жоба қолға алынып, оның ішінде полимерлі қалдықтарды өңдеу және Қарағанды қаласында қағаз зауытын салу жұмыстары жүргізілуде. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға білім беру ұйымдары да белсенді атсалысып келеді. Бүгінде облыстың 328 мектебінде «жасыл қорлар» құрылып, жас ұрпақтың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде, – деді Тілектес Темірбекұлы.
Экологиялық саясаттың тиімділігі тек инфрақұрылымдық жобалармен ғана емес, қоғамның оған қаншалықты қатысатынымен де өлшенсе керек. Бұл тұрғыда өңірде қолға алынған бастамалар тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстармен ұштасып отыр.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше биыл облыста 45 іс-шара өткізу жоспарланған. Бүгінде оның алтауы толық орындалып, қалған 39 бағыт бойынша жұмыстар жалғасуда. Соның жарқын мысалы – 2026 жылғы 23 наурызда Наурызнама онкүндігі аясында өткен «Тазару күні» экоакциясы. Аталған игі іс-шараға облыстың барлық қала және аудандарында қоғамдық ұйымдар, студенттер мен белсенділер қатысып, кең ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді.
Жасыл желек жайқала ма?
Өңірде көгалдандыру мен орман қорын ұлғайту бағытындағы жұмыстар Мемлекет басшысының ауқымды тапсырмалары аясында кезең-кезеңімен іске асырылып келеді. Бұл бағыт тек ағаш егумен шектелмейді.
Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бақытжан Санбаевтың мәліметінше, 2026-2027 жылдары орман қоры аумағында 4,7 миллион көшет егу жоспарланған. Оның ішінде биылдың өзінде 2,2 миллионнан астам көшет 602,6 гектар аумаққа егілмек. Бұл жұмыстардың негізгі бөлігі көктем мезгіліне тиесілі болса, қалған көлемі күзгі кезеңде жүзеге асырылады.

Жетелі жұмыстарды сапалы жүргізу үшін инфрақұрылымдық база да күшейтілуде. Бүгінде облыста жалпы аумағы 41 гектарды құрайтын орман көшетжайы жұмыс істейді, оның 26 гектары – суармалы жер. Мұнда италиялық жаңбырлатып суару технологиясы қолданылып, көшеттердің өсіп-өнуіне қолайлы жағдай жасалған. Қазіргі таңда тәлімбақта 5,5 миллионнан астам көшет дайын тұр.
Сонымен қатар, алдағы кезеңде жабық тамыр жүйесі бар көшеттерді өсіруге арналған заманауи жылыжай кешенін салу жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде егілген ағаштардың жерсіну деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, қаржыландыру мәселесі шешілген.
Көгалдандыру жұмыстары тек орман қорымен шектелмей, жол бойындағы жасыл аймақтарды дамытуға да бағытталған. Атап айтқанда, «Қарағанды-Теміртау» күрежолы бойында 108 гектар аумақты көгалдандыру жобасы әзірленуде. Сондай-ақ, «Қарағанды-Әуежай» бағыты бойынша 90 гектар жерге 300 мыңнан астам жапырақты тал-дарақ егу жоспарланған. Бұдан бөлек, 3 400 түп пирамидалық терек егу жобасы қолға алынып, оған кейінгі күтім жұмыстары 2028 жылға дейін жүргізілмек.
Саланы материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз етуге де ерекше назар аударылған. Соңғы екі жылда бұл бағытқа жергілікті бюджеттен 1,5 миллиард теңге бөлініп, орман шаруашылығының әлеуеті айтарлықтай нығайтылды.
Қалалардың қарқыны
Өңір орталығы ретінде Қарағанды қаласында экосаясат нақты инфрақұрылымдық шешімдермен және басқарудың жүйелі тәсілдерімен бекітілді. Қала әкімдігі тарапынан санитарлық тазалықты қамтамасыз ету жұмыстары толық қамтылған жүйе ретінде жолға қойылған. Бүгінде 645 көше мен 842 шақырым автожол және ішкіорам жолдары тұрақты күтіммен қамтылып, 305 шақырым тротуар түледі. Бұл жұмыстарға 21 мердігер ұйым тартылып, 390 арнайы техника мен 200-ден астам жұмысшы жұмылдырылған. Сонымен қатар, қала аумағындағы 6 саябақ пен 80-нен астам гүлзарларды күтіп ұстау жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде.
– Тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау саласында нақты нәтижелер бар. Қалада 6 800-ден астам қоқыс жәшігі орнатылып, 800-ден астам қоқыс алаңы жабдықталған. Соңғы кезеңде қосымша 400 еврожәшік қойылып, 16 жаңа қоқыс алаңы абаттандырылды. Бұл бағыттағы жұмыстарға бірқатар мамандандырылған ұйымдар тартылып, қалдықтарды жинау мен шығару қызметі кезең-кезеңімен жетілдіріліп келеді. Абаттандыру жұмыстары тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты жобалармен толықтырылуда. Қалада 60-тан астам аула мен ондаған қоғамдық кеңістік жаңартылып, балалар және спорт алаңдары салынуда. Жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын жақсарту мақсатында 12 мың шаршы метрден астам тротуар төселіп, жол жамылғысын жөндеу жұмыстары да жүргізілуде, – деді Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Рүстем Қожақанов өз сөзінде.
Рүстем Мақсатұлының мәлімдеуінше, көгалдандыру мәселесіне де айрықша мән берілген. Қала аумағында 20 мыңнан астам ағаш, миллиондаған гүл егілген. Бұл жұмыстар қала келбетін жақсартумен қатар, экологиялық ахуалды тұрақтандыруға бағытталған.
Құрыш қала Теміртауда экологиялық ахуалды жақсарту мен қалалық ортаны жаңғырту бағытындағы жұмыстар жаңа мазмұнға ие. Қала әкімдігі тарапынан абаттандыру жұмыстары ауқымды жобалар арқылы жүзеге асырылуда. Соңғы жылдары 20-дан астам аула аумағы жаңартылып, бұл бағытқа қомақты қаржы бөлінген. Сонымен қатар, қаланың негізгі көшелерінің бірі – Кеншілер (Металлургтер) даңғылын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, қалалық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсарту қолға алынған.
Қала әкімі Ғалым Әшімовтің айтуынша, санитарлық тазалықты қамтамасыз ету жұмыстары да жүйелендірілген. Қала аумағында жүздеген шақырым жолдар мен қоғамдық кеңістіктер жанданып, коммуналдық қызметтердің жұмысы күшейтілген. Қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару бағытында контейнерлік инфрақұрылым жаңартылып, заңсыз қоқыс орындарын жою жұмыстары жүргізілуде.
Көкше көлдің жағасында орналасқан Балқаш қаласында болса, әкімдік тарапынан қолға алынған «Таза Балқаш – 2026» акциясы осы бағыттағы жүйелі жұмыстың айқын көрінісі. Бастама аясында ондаған сенбілік ұйымдастырылып, мыңдаған тонна қоқыс қалдықтары шығарылды.
Жағалау аумақтарын абаттандыруға ерекше көңіл бөлінуде. Балқаш көлінің жағасы ретке келтіріліп, тұрғындар мен туристер үшін қолайлы демалыс аймақтары қызмет етпек. Қаланың туристік келбетін қалыптастыру мақсатында заманауи тәсілдер де енгізілуде.
Мониторингті күшейту мақсатында цифрлық құралдар қолданылады. Дрондар арқылы бақылау жүргізу тәжірибесі енгізіліп, қаланың тазалығы мен табиғи нысандардың жағдайы тұрақты қадағалауға алынған.
Түйін
Қоршаған ортаны қорғау һәм тазалық мәдениетін қалыптастыру – тек мемлекеттік саясаттың бағыты ғана емес, қоғамның ішкі мәдениетінің айнасы. Экология мәселесі ағаш егіп немесе сенбілік өткізумен өлшенбейді. Ресми деректерге сүйенсек, егілген ағаштардың небәрі 55-60 пайызы ғана жерсініп, толық өсіп шығады. Бұл дегеніміз, көгалдандыру жұмыстарының санымен қатар сапасына, күтіміне және жүйелі бақылауға басымдық беру қажеттігін көрсетсе керек.
Жиын соңында облыс әкімі Ермағанбет Қабдулаұлы осы бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, олардың сапалы әрі нәтижелі орындалуын қамтамасыз етуді орынбасары Азамат Айтбайұлына жүктеді.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



