Қоршаған орта қорғансыз ба?
Қарағанды аспанынан қайыра жауған қара-қошқыл түтін табы жуық арада әсте сейілмейтіндей. Қорытылған темір тозаңының күлімсі иісі таңертең терезеңізден сыналап кіріп, кешқұрым ластанған әуе «тосын сыйымен» тұншықтырады. Биылдың алғашқы алты айында ғана өңір аясына 241 мың тоннадан астам зиянды шығарынды таралса, оның жартысына жуығы Теміртаудан шыққан. Ақзер қағаз бетіндегі миллиардтар менмұндалағанымен, игерілген игілік мардымсыз. Онлайн бақылау жүйелері – орнатылмаған, орнатылғандары – істен шыққан. Қысқасы, үміт пен уайым, уәде мен үнсіздік қарама-қайшылығы саналы жанды сарсаңға салды…

Шымбайға батқан шығарынды
Облыс көкжиегін тұмшалаған, ауасын ауырлатып, табиғатын тоздырып жатқан алып ластаушы кәсіпорындар қатарының сап басында «Қазақмыс» корпорациясы, Qarmet-тің Сәтбаев және Теміртаудағы өндірістік бөлімшелері, «Central Asia Cement», «ТЭМК» акционерлік қоғамдары мен «Өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты Кентөбе кеніші, «Қазмарганец» кәсіпорны төбе көрсетеді. Бұдан кейінгі қатарға «Қарағанды Энергоцентр» (ТЭЦ-1, ТЭЦ-3), «Bapy Mining» серіктестіктері, «Карцемент» акционерлік қоғамы, Балқаш жылу электр орталығы Топардағы «ГРЭС» пен Балқаш металлургия зауыты және тағы өзгесін жатқыза аламыз. Табиғат тынысына әредік алаңдап қоятын жамиғат «Зауыттардың қошқыл түтіні саф ауаны ұмыттырғалы қашан, өзіміз түгілі балаларымыздың да тынысы тарылып барады» деген жанайқайын жанай өтіп, айтып үлгереді.
Айтпағанда ше?! Өндірісті өңірде зиянды шығарындылар көлемі артпаса кемімеді. Мәселен, осы жылдың алғашқы жартыжылдығында аймақ бойынша атмосфераға шығарылған валдық шығарындылар көлемі 241,11 мың тоннаға жеткен! Салыстырып қарасақ, былтырғы жылдың осы кезеңінде көрсеткіш 230,85 мың тонна болған. Енді ірі қалаларға жеке-жеке тоқталсақ, мұнда көрініс тіптен алаңдатарлық халде. Былтырғы жыл қорытындысы бойынша стационарлық көздерден шыққан жалпы шығарындылар – 474,1 мың тоннаны құраса, мұның 35,9 мың тоннасын Қарағанды, 227,6 мың тонна Теміртау, 79,4 мың тоннасы Балқаш қаласының еншісінде. Бөктердің баурайын қарайтып, көлеңкесін қоюлатқан зарарлы шығарындылар көңіл көншітпей тұр. Ол аз дегендей, биылдың алғашқы 6 айының көрсеткіштеріне көз жүгіртелік. Санамалайық, Қарағанды – 18,1 мың тонна, Теміртау – 120,2 мың тонна, Балқаш – 36,2 мың тонна. Аты айтып тұрғандай, Теміртау қаласы әлі де болса, облыстағы ең ірі ластаушы шаһар ретінде алда тұр. Бір өзі небәрі алты айда 120 мың тоннадан астам зиянды затты аспанға атқан!
Жергілікті тұрғындар бұл жағдайға аса алаңдаулы. «Таңертең терезені ашсаң – темір иісі, кешке – түтін… Қос өкпеміз не болмақ?!» – дейді Теміртау тұрғындары бір ауыздан. Асылында экология албаты статистика емес, сіз бен біздің күнделікті өмірімізге тікелей әсер ететін шетін мәселе. Күн сайын аспанымыз сұрланып, табиғатымыз тұншығып жатқанда, жоғарыдағы сандар – үнсіз дабыл қағып тұрған деректер деп қабылдасақ ләзім!
Қарсы уәжге экологиялық реттеу бөлімі қызметкерлеріне жүгінген едік. Анықталғандай, салалық департамент бірінші жартыжылдықтың өзінде 274 мемлекеттік қызмет көрсетіп, қоршаған ортаға әсерді бағалау аясын айқындау, жоспарланып отырған қызметтің әсеріне скрининг жүргізу бағытында 81 қызмет, I санаттағы нысандар үшін экологиялық рұқсат беру бойынша 29 сондай-ақ, мемлекеттік экологиялық сараптаманың 20 қорытындысы жарық көрген. Қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері бойынша 22 сараптамалық қорытынды қолма-қол берілді. Елмен алысқан, желмен жарысқан тозаң зарары сайып келгенде қағаз бетіне де дерек болып қона қалғандай. Есесіне шарапатты шарамыз кем.
332 миллиард теңгелік уәде
Бірақ, тек 1,6 миллиард теңге игерілген. Облыстағы ірі өнеркәсіп алпауыттары биылға қоршаған ортаны қорғауға 332 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсауға сөз берген. Табиғатты сауықтыру жолындағы ауқымды жоспарлардың бастауы болсын деп. Алайда, алдын ала ұсынылған мәліметтер осыны айғақтайды. Санаулы сома жоспарланған соманың жарты пайызына да жетпейді! Экологиялық төлемдерге келсек, былтыр тұмса табиғатты ластағаны үшін төленген салықтар мен айыппұлдар сомасы 20,8 миллиард теңгені құраған. Ал, биылдың алғашқы жартыжылдығында аталған сома 7,8 миллиард теңгеге жетті. Көкейден кетпес сұрақ біреу. Әлгі 332 миллиард теңгелік уәде қайда?! Бюджет бүйірін ауызша толтырғанымен, жоспарды жойдасыз жаза бергенмен, нақты нәтиже мен айқын әсер әлі де байқалмайды. Бұл жайт «Ұшты, ұшты, қарға ұшты» деп емес, «ұшты-ұшты, уәде ұшты» деуге келерлік балалар ойыны іспетті. Экологиялық апаттың алдын алу үшін қағаз жүзіндегі құрғақ сандар емес, нақты әрекет қажет! Қордаланған түйткілге тың бетбұрыс қажеттігі әмбеге аян. 2025-2030 жылдарға арналған экологиялық мәселелерді кешенді шешу жөніндегі Жол картасы бекітілді. Құжатта барлығы 53 нақты іс-шара көзделген. Бастысы, «Құнды құжат Қарағанды көкжиегін тұмшалаған түтінді сейілте ме?» деген сауал бар. Амал қайсы, қарапайым сауалға нақты жауапты тек уақыттың өзі ғана бермек тәрізді.
Бірақ, біздің көкейкесті сауалымызға облыстық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Айман Құлатаева ханым тұшымды жауап берді. Спикердің сөзі қысқа да нұсқа шықты. «Заң бұзсаңыз, жауап бересіз!».
– Бірден айталық, аймақтағы өндіріс ошақтары мен ластаушы кәсіпорындарға экологиялық бақылау күшейтілді. Алғашқы жартыжылдықта мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімі тарапынан 44 тексеріс жүргізілген. Тексеру нәтижесінде 93 экологиялық заң бұзушылық анықталса, мұның 65-і – өрескел сипатқа ие. Осыған байланысты, 81 нұсқама берілген, оның 66-сы қазіргі уақытта орындалған, қалғаны – орындалу мерзімі аяқталмаған құжаттар. Заң бұзушыларға жалпы сомасы 71,3 миллион теңге болатын 56 әкімшілік айыппұл салынды. Айта кетерлігі, оның 54-і ерікті түрде өтелген. Екі әкімшілік хаттама сот тарабына жолданып, нәтижесінде 3,6 миллион теңге көлемінде қосымша айыппұл салынды, – деді Айман Заруханқызы.
Мамандар атмосфераға және су нысандарындағы зиянды шығарындыларды онлайн бақылайтын автоматтандырылған бақылау жүйесін енгізу – экологияны жақсартудың маңызды тетігі деп санайды. Оған зер салғанымызда үр жаңа үдеріс баяу әрі сан түрлі қиындықтарға тап болып жатқаны мәлім болды. Жай-жапсарына үңілгенімізде «Qarmet» тарабы 22 шығарынды көзіне сандық «елеуіш» орнатуы тиіс еді. Қазірде тек 6 нысанға жартылай орнатылған болып шықты. «Nova Novatis Ltd» кәсіпорнының бір көзіне автоматты жүйе орнатылған. Деректер легі кедергісіз жолдануда. «Kazakhmys Energy» серіктестігінің бір көзіне онлайн жүйе қондырылғанымен, 10 маусымнан бері серверлік бөлме су астында қалып, дерек беру уақытша тоқтаған. Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жоғарыдағы үш деректен-ақ ахуалды бағамдай берсек боларлықтай. Маң-маң басқан мардымсыз бастаманың мағынасы сетінемесе екен деген тілек қостық. Әуел баста онлайн экобақылау жүйесінің басты мақсаты – зауыттардың шығарындыларын нақты уақыт режимінде қадағалау болатын-тұғын. Бірақ, қазіргі ауыр ахуал толық енгізуге дейінгі жол ұзақ әрі киліккен кедергілерге толы екенін іс жүзінде көрсетіп отыр. Халық пен табиғаттың қауіпсіздігі үшін электронды есептегіш жүйесі жедел әрі толыққанды іске қосылуы қажет. Әзірге тағы да уәде бар, нәтиже жоқ.
Халық үнін естіген департамент
Өңір экологиясына алаңдаған азаматтар мен ұйымдар салалық ведомство тарабына 581 өтініш жолдаған. Жұртшылық табиғатқа, ауа мен суға, өндіріс орындарының қисынсыз әрекетіне төзбейтінін әрі бейжай қарамайтынын айқын көрсетті. Жеке және заңды тұлғалардан түскен әрбір өтініш назардан тыс қалмаған. Барлық арыздар мен шағымдар бойынша нақты шаралар қабылданып, өтініш иелеріне толық түсініктемелер берілген. Ең маңыздысы, азаматтардың үнін тыңдау үдерісінде ешқандай бюрократиялық кідіріс болмаған. Өтініштерді қарау мерзімдері бұзылмаған. Басқа мемлекеттік органдарға жолдау кезінде де заңда белгіленген үш күндік мерзім сақталған. Айта кетелік, қоғамдық сенім осындай жүйелі жауапкершілік пен уақытылы әрекет арқылы қалыптасады. Табиғатты қорғаудағы әрбір үн, әрбір арыз артында адам тұрғанын ұмытпаған ләзім. Ал, сол дауыстың естіліп, тиісті шараға айналуы жауапкершілік жұрнағы десек болар.
Сөйтіп, экологиялық мәселелерге немқұрайлы қарамайтын азаматтардың қатары артып келеді. Қоғамдық экологиялық қозғалыс жаңа серпін алып, жергілікті тұрғындар қоршаған ортаны қорғау жолындағы іс-шараларға белсене қатысуда. Облыстық экология департаменті ашық диалог құру мақсатында бірнеше тиімді алаң қалыптастырып үлгеріпті. Айта кетерлігі, апта сайын азаматтарды жеке мәселелері негізінде қабылдау амалы жүргізіліп, әлеуметтік желілерде тікелей эфирлер қатары өткізіледі. Жедел желі және ресми әлеуметтік парақшалар арқылы келіп түскен сұрақтар жедел қаралады. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі экологиялық мәселелерге қатысты жарияланымдарға нақты жауап беріліп, қабылданған шаралар жайлы түсініктеме беріледі. Бүгінде өңірде 18 экологиялық үкіметтік емес ұйым белсенді жұмыс атқаруда. Түп нәтижесінде жылма-жыл бірлескен тараптар «Таза Қазақстан», «Таза жағалау», «Таза ауа», «Жер күні», «Халықаралық өзендер күні» сынды сияқты табиғатты қорғауға арналған акциялар мен шараларға белсене қатысуда. Сан түрлі семинарлар мен дөңгелек үстелдер, конференциялар – қым-қуыт қоғамдастықтың ортақ алаңына айналып келеді.
Иә, уәде – көп, игілік – кем. Жоспар – мол, нәтиже – мардымсыз. Бірақ, үнсіз қалмаған жұрт пен әрекетке көшкен қоғам үміт отын өшірмей келеді. Табиғатты қорғау – шенді шенеуніктердің де, әрбір тұрғынның борышы екенін ұғынатын уақыт әлдеқашан жетті. Ендігі жол – уәденің нақты іске бастауы болғай!
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»