Қоршаған орта қорғансыз қалмайды
Депутаттар облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында 2025-2027 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау бойынша іс-шаралар жоспарын талқылады. Сондай-ақ, мәслихаттың бюджет және жергілікті басқару мен өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Аян Әбдікәрімовтың басшылығымен өткен жиында облыс әкімінің жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі облыстық комиссияның құрамы өзгертілді.
Жалпы, облыстық мәслихат сессиясында қаралатын мәселелердің барлығы алдымен тұрақты комиссияларда жан-жақты қаралып, талқыланады. Содан кейін ғана аймақтың жай-күйіне жауапты жергілікті өкілетті орган ретінде мемлекеттік мүддені ескере отырып, нақты әрі түбегейлі шешім қабылдайды.
Облыстың табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бахтияр Санбаев айтқандай, облыстың 2025-2029 жылдарға арналған қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінің жобасы бойынша, өнеркәсіптік көздерден атмосфералық ауаға ластаушы заттардың шығарындылары – 594,254 мың тонна. Бұл көрсеткіш үш жылдан соң, яғни, 2027 жылы – 576,426 мың тонна, ал, 2029 жылы 564,541 мың тоннаға азаяды деген болжам бар. Ластаушы заттардың ең көп шығарындылары Теміртау қаласында. Яғни, биыл 250,627 мың тоннаға жеткен.
Ал, облыстың ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикеновтың айтуынша, мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның отырысы жылына екі рет өтетінін айтады. Бұл ретте облыстық мәслихат депутаты Меруеш Башай рәміздерге қатысты комиссия құрамында депутаттар болады ма деген сауалын жолдады.
– Кейінгі бекітілген комиссия құрамында депутаттар жоқ. Бірақ, қандай да бір сұрақтар туындайтын жағдай болса, депутаттар комиссия отырысына қатыса алады, – деді Нұрлан Рахметоллаұлы.
Депутаттар облыс әкімі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия құрамын бірауыздан қолдап, дауыс берді.
Сессия соңында бірқатар депутаттар облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқаны және әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан еңбегі үшін облыстың «Құрмет грамоталарымен» марапатталғанын айту керек.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz