Жаңалықтар

Қоршаған ортаға – қамқорлық

Қарағандының Орталық саябағында Қоршаған ортаны қорғау күніне орай ауқымды мерекелік акция өтті. Табиғатқа жауапты көзқарасты қалыптастыруды мақсат еткен бастама тұрғындардың экологиялық сауатын арттырып, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырды.

Сурет ұйымдастырушылардан

Акцияны облыстың табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ұйымдас­тырды. Оған жастар, белсенді азаматтар мен экология мәселесіне бейжай қарамайтын тұрғындар белсене атсалысты.

– Бұл – барша табиғат жанашырлары үшін маңызды күн. Экология – тек еліміздің емес, бүкіл әлемнің алдында тұрған өзекті мәселе. Табиғатты қорғау – әр адамның азаматтық міндеті. Себебі, біз – сол табиғаттың ажырамас бөлшегіміз, – деді Қарағанды су қоймалары мекемесінің басшысы Мира Махатчина.

Саябақ аумағында арнайы білім беру және ойын-сауық аймақтары ұйымдастырылып, «Біздің Жер планетамыз» атты фотокөрмеде табиғаттың көркем сәттері бейнеленген 20 сурет көрермен назарына ұсынылды. Сондай-ақ, энергияны үнемдеу, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу тақырыптарындағы ақпараттық стендтер пайдалы мәліметтермен бөлісті.

– Біздің негізгі міндетіміз – көктем мен күз мезгілдерінде ағаш отырғызу. Жыл сайын 300 гектар аумаққа жасыл желек егіледі. Ке­йін осы ағаштарға күтім жасап, орманды қорғаймыз. Сонымен қатар, демалушыларға орман ережелерін сақтаудың маңызын үнемі түсіндіріп отырамыз. Әр адам орман тәртібін бұзбай, от жақпай, қоқыс тастамаса, бұл табиғатқа жасалған үлкен қамқорлық болар еді, – деді облыстық орман шаруашылығының бас орманшысы Дулат Жұмабек.

Балалар мен ересектерге арналған экологиялық шеберлік сабақтары да көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Жас қатысушылар баламалы энергия көздерімен танысып, жел диірмендерінің жұмыс істеу қағидасын білді. «Фуросики» техникасын меңгеріп, экологиялық пазлдар құрастырып, киізден бұйымдар жасады. Сонымен қатар, велосипедпен жүрудің табиғатты сақтаудағы маңызы түсіндірілді.

Көпшілік арасында ерекше қызығушылық тудырған акция – «Пластикті балмұздаққа ауыстырыңыз» болды. Әр адам 5 дана пластик немесе шыны бөтелке өткізгені үшін балмұздақ пен лотерея билетін алды. Бұл қарапайым әрі әсерлі бастама қайта өңдеудің маңызын түсіндірудің тиімді жолына айналды.

– Мен екінші жыл қатарынан «Жасыл ел» жобасында еңбек етіп жүрмін. Қоршаған ортаны таза ұстауға, табиғатты аялауға өз үлесімді қосып келемін. Жақын достарыма да қоқыс тастамауды үнемі айтып жүремін. Өз жұмысыммен мақтанамын. Мені көрген үлкен кісілер батасын беріп, қолдау білдіреді, – дейді «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшесі Қайыржан Мерекеев.

Іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жобалар халықтың экологиялық тәрбиесін қалыптастыруда айрықша рөл атқарады. Экологиялық мәдениет – тек бүгінгі күннің ғана емес, келер ұрпақтың да ең басты құндылығы.

Жыл сайын дәстүрге айналған бұл мерекелік шара биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қарағандылықтарға қызықты әрі танымды демалыс сыйлады. Табиғатты аялау – әр азаматтың қасиетті борышы екенін тағы бір мәрте еске салған бұл күн жас ұрпақтың табиғатқа жанашыр көзқарасын қалыптастыруға зор үлес қосты.

Әлішер СҮЛЕЙМЕНОВ,
Қарағанды зерттеу
университетінің III курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button