Қоршаған орта
(Басы газеттің №№ 86, 89, 92, 95, 100, 103, 106, 112 сандарында)
Австрия елшісі Ресей хақында (XVI ғ.)
«Орыстар бөгде тілді үйренуге бейім емес. Тіпті, өзара әңгімелескенде де ешқашан өзге тілді араластырмайды. Шіркеулерінде ғибадат орыс тілінде жүреді. Пірәдарлары қасиетті кітапты оқып жатқанда, былайғы жұрт өзара күбірлесумен болады. Оның сөзін ешкім тыңдамайды. Себебі, түсінбейді. Ал, құлшылықтың соңында шіркеу қызметкерлеріне қосыла: «Господи, помилуй!» деп жамырап кетеді» (1549 жылы Ресейде елшілік қызметте болған австриялық Сигизмунд Герберштейн (ФБ-дан).
Георгиев лентасы
Орыстар омырауына Георгиев лентасын таққан күні біз Абай тәнті болған, Қасым, Мұқағали, Олжастар сүйген орман жұртынан айырылып қалдық, көзді ашып-жұмғанша… Өкінішті.
Қарқаралы – қараорманым
Қарқаралы! Сенің Сарыарқадағы заңғар бір шыңың Қызыларай тауының етегінде дүниеге шыр етіп келіп, орда бұзар отызымды жасыл орманды Жиренсақал тауының қойнауында дүркірете өткізген бір ұлың едім. Адамзаттың сұлуы Сенің Ләйләң еді ғой. «Шайтанкөлде бір қыз бар Ләйлә деген, соған мені ғашық қып байлады өлең» деп жыр жазып жүріп, қалай ақын болып кеткенімді өзім де байқамай қалғам…
«Коммунизм таңы» газеті менің Музамды басынан құс ұшырмай әлдилеп, Қарқаралының халқы мені алақанына салып, Алаштың аспанына көтерді. Қарқаралы ғаламзатты көз алдыма алып келді. Қарқаралының тауына шығып – Адамзатты көрдім! «ХХ ғасырдың 20 сәтін» жазып, арқама аруақ қонғандай күй кештім.
«Әуелі Алланы аузыңа ал, құлыным!» – деп отырушы еді менің шешем, Тұранға Құранды әкелген арабтың үмбеті – Қожаның қызы – Һалифа Рамазанқызы. Содан Құранның өзегіне нұр, өміріне мән-мағына беретін он шақты сүресін өзімше қазақша тәржімалап, бетімді құбылаға қараттым. Сөйтсем, ақындықтың рахатынан – бейнеті, ғажабынан – азабы көп екен. Қазақтың қызғыш құстары Әлихан Бөкейхан мен Әлімхан Ермек, Ақбайдың Жақыбы жүріп өткен тау-тас табанымды қытықтап, суын ішкен бұлағы сусынымды қандырып, жанын жадыратқан қара орман – қарағайдың жапырағы өзегіме өлең болып құйылып, өмірімді өзгеше нұрға бөледі.
– Ясная Полянаңа бара жатырсың ба? – дейтін еді ел маған Жиренсақалды бетке алғанда. Расында да ол менің Жыр Бағым – Нұр Бағым еді. Онда Ару анам Һалифа тірі еді. Жесірліктің не екенін ол кісі жақсы білгенмен, жетімдіктің не екенін мен онда сезген жоқ едім. Ерке едім. Еркін едім. Жиренсақал шыңындай асқақ, Шайтанкөлдей биікте едім. Бір кезде Қасымына пана бола алмай, іші қанжылаған шерменде ел мені басына көтерді. Арыным асқақтап, ақылым кемелдене бастаған. Сенде жүріп, Серік Ақсұңқарұлы атандым. Атымды Алаш таныды. Отызыншы жылдары осында аупарткомның хатшысы болып, жетімді жебеп, жесірді жарылқаған әкемнің көзін көргендер мені емірене ішіне тартты. Мен де олардың ала жібінен аттап өткем жоқ. Арамға есе жібермей, адалдың сөзін сөйледім. Әкемнің аруағы риза болсын дегем. Әкем – Ақсұңқар. Құстың баласы болған соң, жер бауырлап жүруге хақым жоқ-ты. Сол Құс маған Асан Қайғының бір сөзін айтқан: «Сайын Сахарадан Жерұйығын іздеген Асан Ата желмаясымен желіп жүріп, Қарқаралыны көргенде:
– Е-е, мынау Жаһананың жасылы,
Алла Тағаланың асылы екен! – депті.
Сол жасыл жер жанымды жырға бөледі. Отыз жыл ой мен қырды кезіп, қарашаңырақтың қадірін біліңкіремей бара жатыр екем: Сенде отау көтеріп, үй болдым, түтінімді түзедім. Менің ұлым Рауан, қыздарым Фариза мен Әлия сенің топырағыңда жарық дүниеге келді. Мен – балалы, Анам – немерелі болды. Әкем марқұм айтушы еді: «Адам Ата мен Һауа Ана жұмақтан қуылғанда, осы Қарқаралыға түскен көрінеді. Адамзаттың арғы атасы Қабыл – Абыл да осы өңірде дүниеге келіпті-мыс. « Мен – Һауа Ана, Сен – Адам Ата боласың!» – депті Һауаға қазақша тіл бітіп. «Ана деген сөз түсті ғой аузыңа, Сенің тілің – Ана Тілі болады!» – депті Адам Ата сонда. «Адам Ата – Һауа Анада» мен сол әкем айтқан аңызды – жырға айналдырып жібердім. Сол Ана тілімізді арда емген Кемпірбай, Шөже, Әсет, Қаллеки, Әлжаппар, Қапан, Қасымдар сенің атақ-даңқыңды Алты Алашқа жайды! Абайдың Анасы – сенің қызың Ұлжан еді. Алаштың Анасының бірі Һәм бірегейі – Сенсің, Қарқаралы – Қараорманым менің!
Сенің топырағың киелі. Алашқа аңыз болған арыстарың қандай еді!
Мен де Сенің ұлыңмын, Қарқаралы – Қараорманым! Сен – Қазақстанның шағын ғана макетісің ғой. Саған қарап бүкіл бір ұлтты тануға болады. Тарихи сілкіністер кезінде Алашыңмен бірге абдырап, ақыл-есіңді жинап, етек-жеңіңді жиғансың. Ақтабан шұбырынды – Алқакөл сұламадан Қазағыңмен бірге өтіп, Көк Тәңіріден басына азаттық сұрап, еңірегенде етегің жасқа толған. Сенің Жүрегің – Ғасырлар Кардиограммасы! Мен соны қолыма алып оқимын да, Қазақстанның өткені мен кеткенін көзіме елестетем: ол – жырға айналған соң ғана жүрегім тыншып, жүгім жеңілдеп, жүзіме нұр жүгіреді. Алашым – Азат! Енді саған қайдағы бір қағылған-соғылған келіп, орманыңа от қоя алмайды! Алла Сені Алаштың бағына Көкпеңбек қылып жаратқан! Сен – мәңгі бақи көгеріп тұру үшін туғансың! Қазақтың Көк Байрағындай! Сені Швейцария деп жүрген кім осы?! Швейцария – Еуропаның Қарқаралысы емес пе еді!
Қарқаралыдан шығып, Сенің көгілдір тауларыңа аяқ арта бергенде көзім – нұрға, көңілім – жырға толып кетеді. Тау ішінде, түтінің көкті көлбеп, Сен жатасың. «Шайтанкөл – аққулар мекені» дейтін Мейірхан Бұлбұлыңның сұлу үні құлаққа шалынады. Ол менің әнім еді ғой. Менікі емес – Сенің әнің ол! Сен – әнге айналғалы қай заман, атыңнан айналайын, Қарқаралы! Көгілдір тауларыңды тағы да бетке ұстап, Саған келе жатырмын, тірі пендеге имеген өр басымды Саған келіп иейін! Топырағыңды сүйейін! Гүл – Елім – Сарыарқада лүпілдеген Жүрегім, Қараорманым – Қарқаралы!
Орыс тілі хақында
Орыс тілі – ұлы орыс мәдениеті мен ұлы орыс әдебиеті деген сөз! Біз оның «Игорь жасағы жырынан» бастап, Третьяков галереясындағы қөркем дүниесі мен музыкасының күллі озық үлгілерімен сусындадық. Оған беріле бас қойғанымыз сонша, тіпті, өз мәдениетімізден бас тартып, өз ана тілімізді тәрк ете бастадық… Олар біздің Абайды да аудара алған жоқ!
Айдай деген ару қызымыз мисс атағын алғанда теледидардан орысша акцентпен сөйлеген екен, орыс тілді ақпарат оны көрер көзге түрткі ғып, әжептәуір әңгіме көтерді!
Өз халқын бір кезде кіріптар ғып, сорпа бетіне шығарын құлғанадай қуғындап, шетінен қырған һәм сол үшін де кешірім сұрап, ұялып, қызармай отырған жетесіз жұрттың тілінде жөндеп сөйлемей отырған мына қыз қандай ілтипат-құрметке болса да лайық!
Қасым мен Тәкен
Тәкен Әлімқұлов Мәскеуге, оқуға кетерде Қасыммен (Аманжолов) ақылдасады. «Мен қиыр асқанда, осындағы құрбы-құрдастарым менен озып кетіп, мен солардың соңында қалып қоймаймын ба?!» – деп сұрапты. Сонда Қасым «Соғысқа аттанғанда мен де сен құсап уайымдағам. Қайтып келсем, бәрі баяғыдай, бәрі сол өзімнің қойып кеткен орынында отыр! Сен қайтып келгенде олар сол өзің қойып кеткен орыныңда отырады!» – деген!
… Қазақ әдебиеті жойқын дауыл алдында тұр: Мәскеуден – Аягүл Мантай, Санкт-Петербургтен – Ақерке Асан келеді: сол күні ұлттық әдебиет 180 градусқа өзгеріп сала береді!
Ал, біз солардың қойып кеткен орынында отырамыз!..
Ләззат Бәйішева
Мұғалім…
Бір кезде арабтан қазаққа көшкен осы бір аяулы атау құлағымызға жылы естілуші еді. Ол кезде «Мұғалім» деген ең қадірлі есім, ең қасиетті сөз еді. Қоғам оған өте зәру еді. Бүкіл бір ұлыс пен ұлт, ұрпақтың көзін ашып, көңілін ояту тек соның ғана маңдайына жазылған еді.
Көз алдыма Мәкен мұғалім, Қапан мұғалім, Күлмайра мұғалім, Төлтай мұғалімдер елестейді…
Бірнеше буынның ұлағатты ұстазы болған Алаштың ару қызы Ләззат Бәйішева сол мұғалімдердің бірі һәм бірегейі!
Қарағандымен бірге жасап, бірге жасанған адам ол. Бүкіл ғұмыры осында өтті. Бүгін ол қандай ойда отыр екен? Бір кезде өзі дәріс тыңдаған ұлы Мұхтар Әуезовтің ақ маңдайы жарқырап, аудиторияға кіріп келе жатқан кезі көз алдына елестеп, төрінде Алаш арыстарының орны үңірейіп тұрған азалы елін көріп, көңілі күпті болып отыр ма? Атам қазаққа Алашорда мен Азаттық егіз ұғым еді ғой. Алашорда тақтан түскен күні Қазақ аттан түсті: әлі күнге дейін бодандықтан ерқашты болып, көрінгенге көзтүрткі болып келеді!
Әлде, қазақ әдебиеті мен орыс, әлем әдебиетінің тереңінде жүзген қарт ұстаз Чеховтың Горькийге айтқан сөздерін ой таразысынан өткізіп, алаң ойда отыр ма екен: « Шіркін-ай!- демеп пе еді ол бір кезде ормандай орыс жұртына қинала мұң шағып, – орыс деревнясына ақылды, білімдар мұғалімнің қаншалықты қажет екенін сіздер білесіздер ме?! Ресейдегі деревня мұғалімдеріне ерекше жағдай жасау керек! Ел-жұрты жан-жақты білім ала алмаған мемлекет жаман кірпіштен қаланған үйшік сынды тас-талқан болатынын ескерсек, оған бүгіннен бастап қам жасауымыз керек! Мұғалім деген – өз ісін жанындай жақсы көретін артист немесе суреткер сынды болмас па; ал, бізде ол қайдағы бір қара жұмысшы секілді жөні түзу білім алмаған біреу; деревня балаларын оқытуға бейне бір жер ауып барған кісідей сыңай танытады. Ол – аш! Еңсесі түскен пенде… Күні ертең бір үзім нансыз қалам ба деген үреймен күн кешіп жүр. Ал шын мәнінде мұғалім деревнядағы маңдайалды тұлға болуға тиіс-ті, елдің барлық көкейкесті сауалдарына жауап қайтара алатын ұстаздың бойынан басқа жұрт ерекше күш-қуатты сезініп, оған айрықша ілтипат-құрметпен қарауы керек-ті. Оған дәл біздегідей, көшедегі көрінген пенде, лапка байшыкеші мен поп, старшина мен шенеунік айғай салмауға тиіс қой…» (А.Чехов).
Ол қазір қандай ойда отыр екен?..
Ләззат Бәйішеваның болмыс-бітімінің бер жағында Қасым мен Мәди тұр. Арғы жағы – түпсіз терең мұхит: Алаштың көсемі Әлихан Бөкейхан мен Ақбайдың Жақыбы, Әлімхан Ермеков, Абайдың нағашы жұрты – Қаздауысты Қазыбектің елі. Алаштың азаттығын аңсаған Алаш ұлдары! Ләззат апайдың ізгілікті көргенде жаны қалмай, құрақ ұшып, зұлымдықты көргенде өз отына өзі өртеніп кететіні – содан!
кі мыңыншы жылдары «Орталық Қазақстанға» жаңа жырларым жарияланған сайын сол кездегі облыс прокуроры, қазіргі Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты Серік Ақылбай телефон шалып, ақжарма тілегін айтып жатушы еді. Заң қызметкері мен қазақтың қара өлеңінің арасында қандай байланыс бар деп ойласам, Серағаңа поэзиядан дәріс берген Ләззат Бәйішева апай екен!
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген – осы. Өмір бойы Абай мен Әуезовті пір тұтқан Парасат Падишасының шәкірттері бүгінде Республикамыздың түпкір-түпкірінде тәуелсіздігіміздің ең жауапты буындарында тер төгіп жатыр!
Атақ-даңқын менсіз де ел аңыз еткен,
Бұл Алаштан сан ару, сан қыз өткен.
Қарқаралы басында – жалғыз арша,
Қарағанды басында – жалғыз әпкем!
Тарқағанда туыпсыз халық тойдан,
Сұм заман кеп төбеде салыпты ойран.
Ұлтшылдардың ішінде – Әлихансыз –
Ұлтсыздардың ішінде қалып қойған…
Жасыннансыз – Сіз, апай, – дауылдансыз,
Жүре алмайсыз жарқ етпей – жауындарсыз.
Әжелердің ішінде Зересіз – Сіз,
Әйелдердің ішінде – Бауыржансыз!
Заман дейтін қарап бір шарайнаға,
Сарсаң болып түсіпсіз сан ойға да.
Ұстаздардың ішінде Ұлжансыз – Сіз,
Жаныңызды түсінер – Абай ғана!
Қарқабаттың күні өтіп, қаны азғалы,
Қатарыңнан қалай бір қара озбады?
Әуезові жоқ елдің жоқшысы – Сіз,
Әдебі жоқ қоғамның – Ар-ожданы!
Қан ғасырдан қайтпаған қарымтасы,
Жаны күйіп өтетін жарым жасы – ,
Қазақтың бір Ұлпандай Аруысыз,
Хан Кененің Бопандай – қарындасы!
Тарқағанда туыппыз халық тойдан,
Сұм заман кеп төбеден салыпты ойран.
…Ұлтшылдарда шерлі жоқ екеуіміздей,
Ұлтсыздардың ішінде қалып қойған…
Азаматтық лирика
Ақынның паспорты – азаматтық лирикасы. Қазіргі қарақұрттай қаптаған өлеңшілердің бәріне тән осалдық – азамат болмай жатып, ақын болсам деп арамтер болып жүргендігі. Арғы-бергі классикалық әдебиетке жүгірте көз салсаңыз, адамзатты алаң ойға салып, махаббат пен әділет сезімі төрткүл дүниені тебіренткен небір ірі-ірі тұлғалар алдыңыздан шығады. Гомер, Гете, Пушкин, Абай, Достоевский, Мағжан, Қасым, Габриэль Гарсиа Маркес, Мұқағали…
Қуқарақан басының ойы мен мұңын «жырлайтын» ұсақ-түйек пенде Әдебиет дейтұғын Әлемдік Рентген алдында кеудесін ашып тұруға тиіс емес! Тұрса – күйкілігі көрініп қалады…
Қазақ. Үндістер. Жылқы
«…жылқыны Латын америкасындағы үндістер конкистадорлар (басқыншы испандар) мініп келгенде бірінші рет көріп, – таң қалған!» (ФБ).
Ендеше, үндістер біздің үмбетіміз екен деген қауесет – өтірік!
(Жалғасы бар)
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ.