(Басы газеттің №№ 86, 89, 92, 95, 100, 103, 106 сандарында)
Ұрпақтар сабақтастығы. Жаңа поэзия
Алдыңғы толқын ағалар мен кейінгі толқын інілердің арасындағы ұрпақтар сабақтастығы үзіліп бара жатқан жоқ. Он бесінші ғасырдағы жыраулар жырынан Махамбет туды. Ұлттық эпос қазақтың қара өлеңін дүниеге әкелді. Абай, Мағжан, Ілияс, Қасым – қазақ жырындағы алпысыншы жылдардағы ренессанстың табан тірер тұғыры болған. Қазақ жырында өнеге көрсетер тұлға көп. Соған бой ұсынар, өнеге алар ұрпақ болса…
Менің бір таңқалатыным, қазақ әлі өлең жазып жатыр. Ішер ас, киер киімге жарымай…Қазақ жырының ғаламат ғасыры әлі алда.
Эксперимент
Кейінгі жас толқыннан шаршы топты жарып, құбылыс болып тұрған тұлғаны көре алмай отырмын. Қазақ жырына эксперимент жасап, оның мазмұны мен түрін құбылтып жатқан біздің буын. Темірханның «Көк түріктер сарынын» алыңыз. Міне, – эксперимент! Жәркен Бөдеш – бүгінгі қазақ жырындағы ірі құбылыс! Ұлықбектің «Киіз кітабы» әрі – дәстүр, әрі – эксперимент! Тыныштықбек Әбдіәкімнің жыры ше? Поэзия – адам аяғы баспаған аралдарға сапар шегу деген сөз! Бұл менің сөзім емес – Маяковскийдің сөзі. Қазақ поэзиясындағы ең ұлы реформатор – Абай. Абайға дейінгі қазақ өлеңді құлағымен тыңдаған. Абай көзбен оқып, көңілде алай-дүлей дауыл тудыратын Ұлы Мәртебелі Поэзияны дүниеге әкелді. Поэзия деген – Ұлттық Рух! Жылтыраған сөз, жарқыраған теңеу, жымы білінбейтін ұйқас емес…
Ақпараттар ғасыры
Бүкіл дүниежүзілік ақпараттар ағыны аласұрған заманда ақын-жазушыға нені оқу керек? Ұлттық һәм дүниежүзілік әдебиеттің інжу-маржанын қайта-қайта сүзіп шығу керек! Гомерден бастап, Әмірханға дейін…
Ағалар мен інілер
Жеңіс Қашқынов біздің өңірден шыққан алғашы ақындардың бірі һәм бірегейі еді. СССР Жазушылар одағының мүшесі. Көзіміздің алдында қара сол болған. Мені жетектеп жүріп, әдеби ортаға кіргізген Дәуітәлі Стамбеков. Біз елдің бодан кезінде, құдайсыз, атеист кезінде ғұмыр кештік. Асан Қайғы, Ақтамберлі, Доспамбеттерден бастап, осы ХХI-шы ғасырдың басына дейінгі қазақ жырының құлақ күйі азаттықты аңсау болған-ды. Енді заман өзгерді. Дүниеге ешкімге құл болмаған жаңа буын, бекзат ұрпақ келді! Тәуелсіздікті сақтап қаламыз ба, жоқ па?! Мәселе – осында. Көкіректе – ащы өксік. Көңілде – алаң ой. Жас буынның Алаш жұртына айтар сөз, ағытар сыры жетеді әлі.
Әлем әдебиеті
Әлем әдебиеті деген ұғымды айналысқа кіргізген Гете. Немістің ұлы жыршысы ұлтының уызына қанып, тереңіне жүзіп, кемеліне келгенде оның құлағына Құран әуендері шалынады. Біздің қазақта Шыңғыстауда туып, шырқау көкке көтеріліп, әлем әдебиетіне ат шалдырған – Абай! Әуезов…
Ұлтының құнарынан қуат алмаған пенде әлем азаматы бола алмайды. Аллаға бас имеген, аруаққа арқасы қозып, қазақ әдебиетінің өткелегінен өте алмаған қазақ әлем әдебиетінің есігі түгілі, тесігінен де сығалай алмайды.
Әдеби ұрлық – «әдемі ұрлық» па?
«Бір талапкердің топтамасын қарап отырсам, қызды-қыздымен Ұлықбек Есдәулеттің «Түсіме енеді, – Жылқының кісінегені!» – деген өлеңін ұрлап алыпты! Бізден қаншасы ұрлап жатыр?! Құдай біледі…» – деп жазып едім, Алматыдан Ұлқаш «Бізден ұрлап, жырлай берсін! Бәрібір бойына сіңіре алмайды. Ең өкініштісі аты-жөні әлі белгісіз талантты жастардан ұрлап жатыр! Соларға – обал!», – деп соңынан ерген жас толқынға жаны ашып жатыр.
Әдебиеттегі бір қасірет
Ақыл, парасат, ой-толғам, кісілік, дарын, талант – басы жұмыр пенде баласына Құдайдан ғана келеді. Басқа ешқайдан келмейді… Тәңірі санасына саңылау, дарын, талант бермеген жазарман басқа Жазушының жазған дүниесіне қарамайды: оның сүрінген, бүлінген… кезін аңдып, сыртынан өсек, ғайбат айтып, соған мәз-мәйрам болады…
Өзінің жазғаны түкке тұрмайтын шимай-шатпақ екенінде жұмысы жоқ. Қасиетті дүниенің бір қасіреті осы…
Оппозицияның сиқы
Украинадағы Парламент сайлауы тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдеріндегі оппозициялардың жалын бір күдірейтіп кетті.
– Бүгін Украина! Ертең – Қазақстан! Бүрсігүні – Ресей! – деп мәз-мейрам болып жатыр. «Республика», «Сөз», «Жұма таймс» газеттерін оқысаң, төбе шашың тік тұрады.
Біздің оппозиция малақайын көкке атып қуанғанымен, ол ешқашанда Украинадағыдай бүкіл қазақ халқының қолдауына ие бола алмайды. Неге дейсіз ғой? Ющенко мен Тимощенконың жөні де, жолы да бөлек. Олар Украина халқымен бірге туып, бірге жасасып келе жатқан Украинаның төл перзенттері! Тілі – украин. Ділі де – украин. Бесікте жатқанда Украин – анасының бесік жырын естіп, бесіктен белі шыққан соң Тарас Шевченконың поэзиясымен жан дүниесін суарған!
Біздің оппозицияда ұлт жоқ! Ұлт жөнінде ұғым да жоқ… Ұлт жоқ елде Отан да жоқ! Алаш – ана тілін білмейтін арамзаның соңынан ермейді. Қазақты отырған орынан көтеретін – Асан Қайғының азалы, Махамбеттің Азаттық, Абай мен Мағжанның Алаш Жыры! Оны біз 1986 жылы Желтоқсан көтерілісінен көргенбіз!
Біздің оппозиция әлі күнге дейін ұлтын танымайды! Тілі – бөлек! Ділі-жат! Діні де – біздікі емес, христиан ба, шүршіт пе – бірдеңе….Орысша сөйлейтін оппозицияның қазаққа қажеті шамалы!
Әлемдегі ең таңдаулы
Бүгінгі күн парағында қызықты бір дерек бар екен, еріксіз көз түскен: «Әлемнің 35 мемлекетінде 54 спорт газеттерінің редакторлары мен журналистерінің қатысуымен ХХІ ғасырдың атақты спортшылар қатарында 15 азаматтың есімі аталды. Олар: 1. Пеле, (футбол) – Бразилия; 2. Мұхаммед Әли, (бокс) – АҚШ; 3. Карл Льюис, (жеңіл атлет) – АҚШ; 4. Майкл Джордан, (баскетбол) АҚШ; 5. Джесси Оуэнс, (жеңіл атлет) – АҚШ; Дон Брэдмен (крикет) – Австралия; 7. Эдди Меркс, (велоспорт) – Бельгия; 8. Пьер Де Кубертен (олимпиада қозғалысы) – Франция; 9. Джек Никлаус (гольв) – АҚШ; 10. Марк Спитц (суда жүзу) – АҚШ; 11. Пааво Нурми (жеңіл атлет) – Финляндия; 12. Надя Команечи (гимнастика) – Румыния; 13. Пит Сампрас (теннис) – АҚШ; 14. Эмииль Затопек (жеңіл атлетика) – Чехия; 15. Аиртон Сенна (автожарыс) – Бразилия»…
Арасында не орыстан, не біздің қазақтан, не украин, не беларусь, өзбектен бір кісі жоқ! Бұрынғы советтік социалистік жүйеден румындар мен чехтар бой көрсетеді. Мұсылман дүниесінен Мұхаммед Әли жүр. Оған да құдайға тәубе дейсің. Әлемдегі таңдаулы спортшылар бұл. Ал, дүниедегі таңдаулы физиктер, химиктер, математик, кибернетиктер таразы басына түссе күніміз не болмақ?!
«Әлемдік әдебиет энциклопедиясы» деген кітаптан Абай мен Мұхтарды, тіпті, орысша жазатын Олжастың аты-жөнін таба алмай, бір сандалғаным бар еді. Дүниежүзілік әдебиеттегі классиктер мен терезесі тең қаламгерлеріміз жоқ емес – бар! Бірақ, соларды есепке алып, бізбен санасып жатқан ел жоқ! Мәселе – осында.
Сонымен, дүниежүзілік қауымдастықтағы қазақтың орны осындай болып тұр…
Абай айтпақшы, енді не істейміз? Қайтсек, ел боламыз? Қайтіп жұрт қатарына кіреміз? Ең құрығанда осы сауалдарға бас қатырсақ, Тәңірі бірдеңе берер?!
Қазақстанның қазба байлығы
Юнеско Қазақстанның қазба байлығы 1 млрд. адамды асырай алатынын айтқан екен! Сол рас па?!
Біз неге кедейміз ендеше?! Бар-жоғы – 17-ақ миллионбыз ғой!
Омбыдағы орысь келіншегінің өлеңі
Осыдан жиырма шақты жыл бұрын болған оқиға еді. Омбыдағы қазақ ауылына бір айтыс шәйірі келіп, қыз-қырқын, кемпір-шалға тиісіп, жағалай өлең шығарғанда ойдағы орыс елінен осы ауылға келін болып түскен Наталия Ивановна Семенова (өзі орыс әдебиетінің мұғалімі екен), домбыраны қағып-қағып жіберіп, былай дейді:
Аха-оу!
Ақынсүрей, домбырашы дуананы,
Көрсе қазақ неге осы қуанады?
Частушкашы маржа көп біздің елде,
Соның көбі осы елдің құдалары.
Қара мына домбырашы дуананы,
Келе сала қазағын қуалады.
Қосса осыны сондай бір құдашаға,
Жабар еді Омбыны құмалағы…
Елі – кедей, қонды өзі, – жуан әрі,
Қандай жын кеп арқасын дуалады?
Шығармайды төріне біздің орыс,
Мұндай надан, топас бір дуананы…
Біздің шәйір домбырасын салып-салып жіберіп, қарымта қайтармақ болған екен. Келіннің сексендегі атасы:
– О, найсап! Исі қазақты жерге қараттың-ау! Иди к черту! – деп, үйден қуып шығыпты. Сөйтіп, айтыс болмай қалған. Ең өкініштісі осы. Айтыс жанрын зерттеп жүрген бір топ ғұламаларымыз сөз додасының озық бір нұсқасынан айрылып қалғандай, әлі күнге дейін қапа болып жүрген көрінеді.
Қазақ пен ғалам
Бізге17 миллион жапон не соған жетеқабыл (бүгінгі Қазақстан тұрғындарының санындай – С.А.) қытайды әкелсе, Қазақстан әлемдегі ең бай, арабтардың да түсіне енбеген бай-қуатты мемлекет болып кетер еді! – деп жазды Ахметбек Нұрсила ФБ-дағы парақшасында. Сол-ақ екен, «Сен Қазақстанға қалың қытайды неге шақырасың?», «Айдаладағы арапта нең бар?!» – деген жұрт өре түрегелді!
Сол кезде «Қытайдағы екі миллион қазақты солтүстігімізге, солтүстігіміздегі 2 миллион қазағымызды Қытайға көшіріп, он шақты жыл бір эксперимент жасап көрсек қайтер еді? – деп мына жақтан мен шықтым, – Сонда Қытайдан келгендер қазақша білмейтін қазақ түгілі, осындағы ормандай орыстың өзін қазақша сөйлетпесе, Қытайдағы қандастарымыз орысшасын да ұмытып қалып, қытайша сайрап кетпесе, менің қолымды алмай-ақ қойыңыз!»
(Жалғасы бар)
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ