Қоршаған орта
Басы газеттің №№ 86, 89, 92, 95, 100, 103, 106, 112, 115, 118, 123, 126, 135, 143 сандарында)
Сыни көзқарас
Сыни көзқарас деген ғажап қой. Сыни көзқараспен өзендер арнасын кеңітеді, елдер көсегесін көгертеді! Бірақ, бізге Мырқымбайдың «сыны» емес, Махамбет пен Салтыков-Щедрин, Гогольдердің сыны керек! Абайдың сыны!
«Ердің құны – жүз жылқы, ар-ожданы – мың жылқы!»
Осыны айтқан жұрт өркениет өріне бір шықпай қоймайды!
Мынау заман
Ақымағы – «хакім», асабасы – «ақын» болған заман болып тұр…
Қазақ елі!
Чех Президенті Милош Земан! Кейін біз де солай атаймыз, – «Қазақстан» демей!
Жазып қойса бұл сөзді…
Дальдің 4 томдық (орыс) түсіндірме сөздігінде 200 мыңнан аспайтын сөз, ал 17 томдық орыс тілінің академиялық сөздігінде 120 000 сөз, ал, қазақтың 10 томдық түсіндірме сөздігінде 2,5 миллион сөз бар екенін Парламент пен Үкімет Үйінің маңдайына жазып қою керек. Бүгін естігенін ертең ұмытып кетеді олар!
Ақын
Ақын – адамзат тарихындағы айрықша құбылыс, ол пенделерден әлдеқайда биік, періштеден сәл төмен, Тәңірінің тізесінен келетін тұлға болуға тиіс!
Қазақ пен қалмақ (ХХ ғ.)
Елуінші жылдары қалмақтардың біразы Қазақстанға жер ауып келді. Пойызда келе жатқан қалмақтар жолда қатты қобалжыпты. «Қазақтар бір кезде ата жауымыз болды. Олар бізді қалай қарсы алар екен?», – деген дүдәмал ой түн ұйқысын төрт бөлген. Көп ұзамай пойыз да діттеген жеріне келіп жетеді. Қалмақтар сойыл ұстаған қазақтарды көреміз деген күпті көңілмен сықырлап ашыла бастаған есікке жалт қараса, құшағын жайған қазақтарды көріп, шежірені бес саусағындай білетін көнекөздері «Сіздер ұлы халық екенсіздер!» – деп жылап жіберіпті…
Үш Татьяна
1970-1980 жылдары қазақ әнін тамылжыта шырқаған үш Татьяна (Полтавская, Мартыненко, Бурмистрова) «Таңшолпанда» қонақта отыр. Ертеректегі түсірілім. Қайталап көрсетіп жатыр. Қазақтың жанын сүйсіндірген сәттер – бұл!
Татьяна Бурмистроваға қалың ормандай орыс та – төркін, қазақша білмейтін қазақтар да төркін екен…
Үш Татьяна!
«Үш Тәтіжаным!» – дедім мен ішімнен! Абай Пушкиннің «Евгений Онегинін» Сахараға «Татьянаның әнімен» әкеліп еді.Татьяна – Тәтіжандар бізге ежелден ыстық. Шіркін, қазақтың үш жүзінде қазір осылардай 300 Тәтіжан болғанда Қазақстан баяғыда-ақ қазақша сайрап кетер еді! Мемлекеттік тілдің тағдырын осы 300 Тәтіжан баяғыда-ақ шешіп берер еді! Әттең…
Нұртөре
Бүгін (30.04.2015.ж.) Нұртөре Жүсіптің туған күні екен. Алашта аты-жөнін Бас әріппен жазатын азын-аулақ Азаматтың бірі һәм бірегейі – осы.
О,Тәңірі! Жаман-жәутік пенделерді көрген сайын жаны жайсаң жақсыларға күннен-күнге жаным қалмай барады!
Испан ақыны келгенде…
Астанаға испан ақыны Хусто Хорхе Падрон келді. Соның құрметіне болатын кездесуге Астанадағы испан елшілігі мені де шақырған. Қол тимеді. Танакөз Ілияс тәржімалаған «Егер Құдай бізден жалықса…» атты өлеңдер топтамасын ФБ-дағыларды «баурамай» (осындағы бір өлеңшінің сөзі) жатыр. Жаңалықты жатырқау ежелден бар дүние. Ал, мыналар, ішінде «ақыны», «сыншысы» да бар, тіпті, оны түкке тұрғысыз қылды… «Фариза апа бір кездесуде: «Поэзия тек біздің қазақта ғана бар ма деп қалдым, мына шетелде шөп те өлең, жыбырлап бара жатқан жәндік те өлең, не болса, соны жазады», – деп еді» – дейді біреуі. Бұл Ақынның эмоцияда тұрған бір сәтінде аузынан шығып кеткен сөзі шығар? Фариза апай бұлай ойласа, Пабло Неруданы аудармас еді ғой?!
Біреулер испан поэзиясынан ұйқас іздеп, әуре болды. Танакөз «Түпнұсқада ұйқас жоқ. Сол себепті, мен авторға хат жазып, қазақ оқырмандары ұйқассыз өлеңді қабылдай алмайтынын жаздым. Және көркем аударма жасауды, өлеңдерін ұйқаспен аударуға рұқсат сұрадым. Хусто Падрон өлеңдерін ұйқаспен аударуға, көркемдеуге, еркін аударма жасауға келіспейді. Түпнұсқадан ауытқымайтын аудармасын жасауды өтінді. Бір-бірімізге жазған хаттарды тарих үшін сақтап қойдым» десе де, оған иланған ешкім жоқ….
Біреуі «Қазақтың қара өлеңінен садаға кетсін! Еліктеу мен солықтау адамға опа бермейді» – деп соқты! Бұл – «Италияның операсы қазақтың әндерінен садаға кетсін» дегендей, – наданның ғана аузынан шығатын сөз! Өзінше қыр көрсетіп, «сен – космополит болсаң, мен – ұлтшылмын» дегені…
1937 жыл болса, қайтер еді мыналар?! Күллі дүниені бір ғана қазақтың көзімен таразылауға болмайды ғой? Пенденің өлшемі емес, – Алланың өлшемі керек-ті. Тәңіріңе қазақсың ба, орыссың ба, жоқ, әлде, испансың ба, – бәрібір! Пушкинді тәржімалаған Абай соны білген.
Алдымызда Абайдың болғаны қандай ғажап! Ол болмаса, қайтер едік?
Санкт-Петербургтегі магистр-ақын қызымыз Ақерке Асан ғана «Танакөздiң аудармалары тамаша! Оқып шықтым! Жақындық сездiм. Егер қазақтың сөзiн қалай ойнатам десе солай ойнататын ақын Танакөздей-ақ болсын. Бiрақ, аудармаға келгенде салқынқандылық таныту өте маңызды! Ақын үшiн ол оңай еңбек емес. Осы аудармалар негiзiнде ендi еркiн аудармалар да кете беретiн шығар, бiрақ ол бөлек әңгiме» – деп, ара түсті.
Мыналар, қайтеді, ей, – алдында Абайы жоқ ел секілді?!
Сыни ой
Абайдың кім екенін алты Алашқа түсіндірген Әлихан Бөкейханның екі-үш беттік мақаласы. Қазақтағы сыни ойдың алғашқы озық үлгісі – Абайдың қара сөздері. Онда қазаққа керектің бәрі бар. Ділінен – дініне дейін. Өкінішке қарай, сол ұлттық сыни ойымыз Абайдан кейін ұлттық деңгейде ілгерілеп, дамып, кемеліне келе алмай қалды.
Мемлекет пен халық
«…если гражданина заставляют платить за образование и медицинское обслуживание, пенсию накапливать из собственных средств, жилье и коммунальные услуги оплачивать полностью, по рыночной цене, то зачем мне такое государство?! С какой стати я должен еще платить налоги и содержать безумную армию чиновников? Я всегда на всех уровнях говорил, что здравоохранение, образование и наука должны обеспечиваться из бюджета. Если государство сваливает эту заботу на нас самих, пусть исчезнет, нам будет гораздо легче» – депті Ж.Алферов, орыс оқымыстысы, Нобель сыйлығының лауреаты.
Мен де ойланып қалдым…
Шәкәрім мен Еуропа
1906 жылы қажылыққа аттанып, Еуропаға жол шеккен Шәкәрім «Европа білімді жұрт осы күнде. Шыққан жоқ айуандықтан о да, мүлде» деп жазған. Ол кезде Батыста бүгінгі бір жыныстылардың некелесуі болмаған. Семья бұзылмаған-ды. «Азаматтық неке» деген де жоқ-ау деймін? Порнография да қазіргідей есіктен ентелеп жүрген жоқ. Сексуалдық төңкерістің қарасы көрінбеген…
Сол кездің өзінде де ол оңбай тұрған екен ғой?
Жас ақын – жаңа ақын
Бүгін бір мықты ақынмен танысып, ежелден күткен қыдыр қонағыммен табысқандай, мәз-мәйрам болып отырмын.
«Шамын жағып, жарқ-жұрқ етіп көзді алдайды Астанам.
Жатсынамын, жүдетеді жалдап алған баспанам.
Көше кезген аяқтарым,
Жел тербеген шаштарым,
Мүлкіндей боп көрінеді басқаның.
Қала шуын көкірегіме жеткізетін құлағым,
Шынымен-ақ менікі ме?
Жанарымнан сұрадым.
Түніменен жаңа жырдың сөздерін һәм жолдарын
Жазып берер жүрегім мен қолдарым,
Менікі емес сияқтанып жүремін,
Солай бәлкім,
Тек бір нәрсе білемін:
Өлең ғана өзімдікі,
Қалғанын –
Елу жылға Тәңірден жалға сұрап алғанмын!» – дейді Құралай Омар.
Бұрын бұл қыз қайда болған?! Қалай көрмей, білмей келгем?!. Жас ақынның бәрі Құралай сынды жаңа ақын болуға тиіс! Айтары бар, ала құйын асау сезімі де бөлек, жаңа заманның жаңа ақыны болары көрініп тұр.
Имам Шәміл
Имам Шәміл Санкт-Петербургке келгенде оны көрген бір графиня шошып кетіп, «Ойбай, мынау жыртқыш қой?! Ол бізді қазір бір-ақ асап, жеп қоюы мүмкін…» дегенде, Имам: «Мен шошқа етін жеп көрмеппін!» – деген.
Өмір-өлең
Фб-да «Өмір-өлең» деген бір Періште ылғи жүрегін қолына ұстап, жақсы жырларды насихаттап жүреді. Өзі өлең жаза ма, жазбай ма, – білмедім. Өзгенің сәтті дүниесіне таңырқап, тамсанбаған пенде өмір бақи өрелі шығарма жаза алмайды! Мына бала бірдеңе жаза ма, жазбай ма? Жазса, – күндердің күні мына тас қараңғы жаһанды жарқыратып жіберер еді, шіркін! – деп, қуанышым қойныма сыймай, ФБ-ға жариялап жіберсем, Дулат Аманжол «бұл, – жеке адам емес, – ФБ-дағы поэтикалық топ» деп, ескерту жіберіпті… Мұндай адам жоқ екен ғой, – жаңа естідім, аңқау басым!
…Мұндай Періштенің өмірде болуы мүмкін емес-ті…
Тіл ұшына келген сөз
Осы дүниеде алпыс жылдан аса жасағалы өз замандастарымнан Мұхтар Мағауин мен Нұрмұқан Оразбеков, Герольд Бельгер мен Асылы Османдай қазақты егіле, емірене сүйген қазақты көрген емен. Бүгін ФБ-дан «Мағжан ақын айтқан: «Тұрандай жер жоқ, түріктей ел жоқ» – деп. Мен Қазақстандай жер жоқ, қазақтай ел жоқ дер едім!», – деген Асылы апайдың ыстық лебізін естігеннен кейін тіл ұшына оралған бір сөз ғой бұл. Басқа жұрт мұнымды «Ал, сонда біз қайда қалдық?!» деп, көңіліне ала ма? Алса, ала берсін…
Көресісін көрген жұрт
«16 ғасырда шайбанилер қазақтың миын шіріткен, 17 ғасырда қара қалмақ пен құба қалмақ пəленің басы болған, 18 ғасырда қалмаққа шүршіт пен орыс патшасы қосылды, əйтеуір, қалмақтан 300 жыл салып бір құтылды. 19 ғасырда орыс отаршылығы қазақты шоқындырам, жерін тартып алам, орыстандырам деп əуре-сарсаңға түсті. 20 ғасырда бəлшебек деген жауыз жөйіт шықты, барлығын сəбет қылам, Құдайдан бездірем деп қазақты қазақтығынан, мұсылмандығынан бездіріп, арақпенен аздырып, аштықпенен тоздырып, жақсысын атып, оқығанын қырып-жойып, қалғанын қанды қырғын соғысқа аямай салды…» (ФБ-дан).
Тарихтың тезі – бұл. Тар жол, тайғақ кешуден өттік. Қансырап, қажып өттік. Енді бұдан өткен сойқан бола қоймас. Көресінін көрген жұрт жөйттай-ақ болар, қазір, әне, көсегесі көгеріп отыр ғой? Иврит тілін Інжілден үйреніп, мемлекеттік тілге айналдырды! Сенің ұлы ұлттық эпосың мен жыраулар жыры, әлемдік озық үлгілермен тізе қағысар ұлы ұлттық әдебиетің бар ғой?! Атыраудан – Алтайға дейінгі асты-үсті алтын-гауһар жеріңді айтпағанда? Тас түйін ұлт болсаң (қырт болмай!), көсегеңнің көгерер күні алыс емес!
Етегіңді жиып, еңсеңді көтер, Қазақ Елі!
(Жалғасы бар)
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ.