Қоршаған орта
(Басы газеттің №№ 86, 89, 92, 95, 100, 103, 106, 112, 115, 118, 123, 126 сандарында)
Алтын табақтағы бақа
«Бақаны алтын таққа отырғызғаныңмен, батпағын көрсе қарғып түседі» (ФБ).
Ғажап сөз екен!
Ер мен ел
Ер мен ердің, ел мен елдің арасына от салып, «Шоқ! Шоқ! Шоқ!» – дейтіндер күн сайын көбейіп барады… Екі кісі араз болса; екі езуі екі құлағында, – мәз! Сонымен нәпақасын тауып, талтаңдап жүре береді.
Қазақтың үш жүзі – адамның жұмыр жүрегінің үш бұрышы секілді. Оны үшке бөлген пенде – нағыз қарабет! Атырау – Арқа – Алатау – Алтайға дейінгі ұшы қиырсыз жеріміз де – біртұтас! «Бөлінгенді бөрі жейтінін» түсініп, түйсінетін заман келді.
Әсет пен Алаш арыстары
Әсет Ахмет пен Міржақыптың алдында ән айтуға қысылыпты. Неге өйттіңіз деп кейін сұраса: «Ей, қарағым-ай! Онда қонақ болып отырып, ән салуымды сұрағандар бір дария-теңіз, асқан ақын адамдар. Мен олардың қасында кішкене бір бұлақпын. Олардың алдында өзіңді байқап, аяғыңды абайлап баспасаң бола ма?», – депті.
Осындай көшелі жанның Абаймен тәжікелесуі мүмкін бе? Ендеше, Абайдың «Көзінен басқа ойы жоқ…» атты ащы, мысқыл өлеңі Әсетке арналмаған!
Поэзия
Поэзия – адам рухының азаттық пен бостандықты аңсап, аласұрып, азап шегуі Һәм сол аласапыран айқастан асқақ ләззат алып, рахатқа кенелуі ғой! Басқа түк те емес!
Тек
Сенің бүгінгі кедейлігің түк емес, арғы атаң бай-бағлан, текті, бекзат болса, – соның шапағаты жеті атаңа бір жетеді, – санаңда сәуле (Абай) болса-деп еді, қайран, әкем.
Түсімде
Хан-Кененің айтқаны
«Қазақта «Крепостное право…» деген болған жоқ…»
Халық пен тобыр
Халықты тобырға айналдырудың бір-ақ әдіс-айласы бар. Ұлттың ұлы, ірі тұлғаларын түкке тұрғысыз ғып, өнеге аларлық өрелі бір ұл қалдырмасаң болды, сол ел сол сәтте-ақ тобырға айналып шыға келеді!
Көк байрақты сүйген күн
Көк байрақты сүйген күн, көкке төбе тиген күн – бүгін!
Алаш Алаш болғалы, Алла деп атқа қонғалы деп бүгінгідей ұлыстың ұлы күнін өз көзімен көріп, көкірегіне күн сәулесін қотара сіміріп, бекзадаша кеудесін кере дем алып, дәл бүгінгідей мынау тәкаппар дүниеге асқақ адам көзімен қараған емес-ті.
Азат болу – қазақ болудың синонимі!
Төрт құбыламызды түгендеп, ел болғалы осы ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейін осынау тәуелсіздік күніне тәуекел деп ұмтылған жоқ па едік?! Нанбасаңыз, шежірені қараңыз. Осының әрбір парағы – құлдық пен күңдіктен құтылып, ел қатарлы егемен ел болудың қарекеті: «Біз, қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Еліміздің құт-берекесі қашпасын деп жеріміздің шетін жау аяғы баспасын деп найзаға үкі таққан елміз. Досымызды сақтай білген елміз, асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай кірген елміз! Атадан ұл туса құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса күң боламын деп тумайды! Сен – қалмақ та, біз – қазақ қарпысқалы келгенбіз. Танымайтын жат жерге танысқалы келгенбіз, танысуға келмесең, шабысқалы келгенбіз! Сен – Қабылан да, біз – арыстан, алысқалы келгенбіз! Жаңа үйреткен жас тұлпар, жарысқалы келгенбіз. Тұтқыр сары желімбіз, жабысқалы келгенбіз; берсең – жөндеп бітіміңді айт, бермесең – дірілдемей үйіңе қайт, не – тұрысатын жеріңді айт!»
Бұл – қазақ халқының көш бастар көсемдерінің бірі Қаздауысты Қазыбектің ХVIII ғасырда Қантожыға айтқан сөзі.
Сонда қалмақтар Қантожының қасына келіп:
─ Бір жұдырықтай баладан қара суға түсіп, осынша дірілдеп кеткенің не? ─ десе керек.
– Сендер білген жоқсыңдар, – депті Қантожы сонда, – Сөзді өңмеңінен сұғып айтқанда екі иығынан екі аю аузынан от шашып, тыпыр етіп көрші, көрейін, деп тұрды. Сендерге көрінбегенмен маған көрінді. Менің енді бұған қайтарып айтар сөзім жоқ. Мал мен жанын есептеп, алдына салып беріңдер!
Елінің егемендігі, Алашының азаттығы еске түскенде сол Қаздауысты Қазыбек бидің екі иығындағы екі аю аузынан от шашып, иісі қазақтың күллі баласының иығында жұлқынып тұрады!
Абылайдың көзіндегі от та – сол еді.
Шәкәрімнің арқасындағы оқ та – сол еді…
Екі ғасырдың өліарасында әзер шамамыз жетіп ие болған осы игілігімізге санамыз жетпей жатса, қайтерсің. Сол – өкінішті.
─ Арақ алыңыздар, арақ алыңыздар! – дейді жер ортасына келген қазақ әйелі жап-жас қазақ жігіттеріне. Бұл – күні кешегі хан базардағы көрініс. Қазақ алып жатты…
Менің көз алдыма Американың ежелгі тұрғындары – үндістер елестейді. Осынау жаңа құрылықты жаулап алушылар жаугер де, ақкөңіл, аңқау елді найзаның ұшы, мылтықтың мысымен жеңе алмаған соң арақпен арбап, аздырып-тоздырып жіберген-ді.
Иә, егемен ел болдық. Бұрынғыдай өгей анамызға жаутаңдағандай, енді ешкімге көз телміртіп жатқанымыз жоқ. Бірақ, Азаттық Алаш жұртына әлі де алаңдап қарап тұр. Ол кейде Асанқайғы, кейде Қазтуған, кейде Мағжан, енді бірде Сәкен кейпінде елестейді маған.
Қазтуғандардан қалған қасиетті топырақты қайтсек көркейтеміз? Бүгінгі күннің көкейкесті сауалы, міне осы.
Бір кезде бір топ қазақ кәсіпкерлері қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беруге үзілді-кесілді қарсы болды. Ата-бабамыз аттың жалы, түйенің қомында жүріп, көзінің қарашығындай әзер сақтап қалған ата мекенімізді ақшаға сатып жібере жаздады! Ел болып әзер қойдырдық…
Азаттықтың жолы – адал жол екен, әлі мұндай іштен шыққан шұбар жыландардың талайы алдымыздан ойнақтап шығар. Неге десеңіз, бүгінде ойраны шығып, қазан-ошағы қирап жатқан күні кешегі отар елдер қай құрсақтан шықса, біз де сол құрсақтан шыққан жұртпыз. Құдайға шүкір, қырғын-сүргіннен сақтасын, әйтеуір! Әйтпесе, біздің көрген құқайымыз аз ба; он жетінші жылдың қазан төңкерісі, жиырмасыншы жылдардағы жаппай тәркілеу, отыз екінің аштығы, қырық бірдің қырғыны, сексен алтыншы жылдың желтоқсаны дейсіз бе, мұның бәрі бір халықтың басына түскен аз тауқымет емес-ті.
Алашқа жол нұсқайтын ақсақал, қара сақалдарымыздың көпшілігінің аузын ашса кемелдік пен кемеңгерлік төгіле кететін Төле, Қаздауысты Қазыбек, Әйтеке билерден гөрі қазан төңкерісі тұсында ел ағасы болған Елтайларға көбірек ұқсайтыны – содан! Қыздарымыз Қыз Жібектен гөрі Аксиньяларға, ұлдарымыз Ер Төстіктен гөрі Ермактарға ұқсап барады…
– Бесігіңді түзе! – деп еді-ау Алаштың айтулы бір ұлы Мұқаң (М. Әуезов). Сол сөз – сөз! Ошағымызды жөндемей, Отанымыздың еңсесін биіктете алмаспыз!
Көшпелі жұртым ─ осында,
Әшекейлі әлем әр түсті.
Түрксібке кел әуелі, – Түсіну үшін Марксті!
О, Дала!
Бауырым…
Жатымсың!
Көрінбей көзге шетің де, –
Ұлы ГУЛАГ боп жатырсың
Саяси карта бетінде…
Сыналып дауыл, жаңбырмен,
Пышақ алдында тұрғанбыз,
Алысып жүріп тағдырмен,
Айдауда туған ұлдармыз!
Зұлмат дүние түнеріп,
Біз жаққа қарап тұрады,
Күшігін көкке жіберіп,
Жердің серігін сынады…
Крестен басқа түк өспей,
Топырағым іштен тынады,
Тарасты сынап осында,
Достоевскийді де сынады!
Шаршасаң дем ал,
Ұлы Ана,
Тынықсаң, көңілің тына ма?
Ешкімді енді сынама,
Бомбаны да енді сынама! – деп Олжас айтқандай (Сүлейменов), Қазақстан аймағы сынаулар аймағы болудан шаршады. Енді сол күйініштеріміздің сүйінішін көруге жазғай Тәңірі!
Қазақтың ғажайыбын ғаламға жариялайтын күн де алыс емес. Алыстан ат арытып келген жолаушыға жалғыз тоқтысын алып ұрып, аты-жөнін жата-жастана сұрайтын қонақжай ел кім? Қазақ! Нәсіліне, ұлты мен жынысына бөлмей, адамзат атаулыны аймалап сүйетін, оның жақсысына сүйініп, жаманына күйінетін жұрт кім осы? Қазақ!
Жеріміз қандай кең болса, пейіліміз де соған жедеқабыл. Уа, дүние, сен жатырқамасаң болды, біздің тірі пендені кеудесімен итермейтінімізді жер шарының жартысынан көбі көрген. Елдігімізге көзі жеткен. Қалғанның да көзін жеткізуге шамамыз келеді әлі!
Азаттық! Неткен ғажап ең!
Біз енді Сенің Есіміңді егемен еліміздің шежіресіне алтын әріппен жазғалы жатырмыз. Оны оқығанда келер ғасырларға керуен тартатын ұрпақтар қазақтың ғажайыбына аң-таң қала қарап, оның мәрттігіне Ақсарбас атайтын болады!
(Жалғасы бар)
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ