Руханият

Қоршаған орта

(Басы газеттің №№ 86, 89, 92, 95, 100, 103, 106, 112, 115, 118­, 123 сандарында)

 

Қытайдағы ғажап оқиға

«Белгілі түрколог Нұрлан Кенжеахметтің айтуынша, 1992 жылы Терещенко Қытайға Қазақстан үкіметінің делегация­сын бастап барыпты. Қытайлар Кеңес үкіметінің шапанынан шыққан ел деп орыс тілді аудармашыларды әзірлеген көрінеді. Түлкібастың тумасы Терещенко қас қылғанда ұшақтан түсе салып, қазақша сөйлепті. Қытай жағы сасып қалып, шұғыл Ұлттар университетінде оқитын қазақ студенттерді шақыртып, Қазақстан жағы кеткенше оларды ұстап отырыпты. Сонда, Қытай газеттері: «Мына Қазақстан деген не деген мықты мемлекет. Өзі Кеңес­ке отар ел болса да, орысты қазақша сөйлетіп отыр» деп жарыса жазған екен…» (ФБ-дан).

Сондағы ұлы мәртебемізді ұстап, тұра бергенде ғой?!

Ұстап тұра алмадық! Ұстап тұрғанда «Менің жер бетінде аяғым тимеген аймақ жоқ. Өз елінде өзі өгей боп, өз тілінде өзі сөйлей алмай отырған қазақтай сорлы елді көрмедім…» деген еттен өтіп, сүйекке жететін кесірлі сөзді естімейтін едік қой?! Естідік!

…Сол Қытайда енді жоғары оқу орындарындағы тестке «Басшылары мен халқы өзінің мемлекеттік тілінде сөйлемейтін ұлт – кім?» деген сұрақ енгізіп, жауабына «Қазақтар» деп жазып қойыпты! (Жарқын Сәленұлының ФБ-дағы парақшасынан).

 

«Ару латын әлі он сегіз жасында…»

Бір кезде Кирилл, Мефодий дейтін болғар монахтары сомдаған, арғы тегі грекке тірелетін, бүгінгі орыс жазуы – Кириллица әліпбиі қазақ халқы үшін ұлы тарихи миссиясын адал атқарып шықты деуге болады. Санаулы жылдар ішінде осы әліпбимен салиқалы елге айналдық. Қазан төңкерісінің қасіретіне қарамастан, бұрынағы одақтастар ішінде ордалы жұрт, іргелі ел болдық. Кириллица дүниеге көзімізді ашып, көкірегімізге нұр құйды. Бойында Менделеевтің бүкіл ғылыми элементтері табылатын ұлан-ғайыр территориясы, Ғылым академиясы, ірі өндіріс орталықтары, қуатты өнеркәсібі бар тегеу­рінді республика болдық.

Осы әліпбимен қазақ совет әдебиетін сомдап, «Абай жолы» дәуірнамасын, дүниеде теңдесі жоқ қазақ поэзиясын туғызып, әлемдік әдебиеттің інжу-маржанын өз тілімізге қотарып алдық.

О, Кириллица, – Ұлы Мәртебелі Орыс Әліпбиі, Сен адамзат мәдениетінің алтын арнасының бірі һәм бірегейісің!

Қазақ сахарасына Пушкинді алып келген – Сен! Сен бізге Абайдың жүрегін тербеп, Татьянаның әні болып келдің!

Пушкинмен бірге пушкаң да келген еді… Оған сенің кінәң жоқ еді. Әлихан мен Ахметке, Сәкен мен Мағжанға жабылған жалаға да сенің қатысың жоқ еді! Оған орыс тілі, орыс әліпбиі жазықты емес, оңбаған отаршылдық ой пиғыл, империялық кердең кеудемсоқтық, орыстың өзіне де опа бермейтін шынжыр балақ, шұбар төс шовинизмі кінәлі болатын!

Бізді ХХІ ғасырға жетектеп алып келген – Сен!

Адамзат қауымдастығының алтын бекетіне ат шалдырып, жан-жағымызға қарап тұрсақ, дүниенің көші басқа жаққа бет алып барады екен. Елу шақты ел бізге қара үздіріп кетіпті: әліпбиі – Латын, әдебі – өзгеше, әлемі де – бөлек. Сол көшке біз де ілесуіміз керек! Бүгін ілеспесек, ертең көштен қалып қоюымыз мүмкін: қанатты елдер, санатты ұлттардың бәрі де латын әліпбиімен қара танып, ғылым мен техниканың дамуына өзгеше үлес қосып жатыр.

Олар биікке шыққанда, біз етекте қалып қойдық.

Компьютердің тілі де – латын.Түркі тілдес ағайындардың да әліпбиі – осы. Бұдан жетпіс-сексен жыл бұрын іргеміз бөлінген, тілі де, діні, ділі, түбіміз бір түркімен басымызды қосып, төрт құбыламыз­ды қашан түгендейміз?!

V-VІ ғасырдағы көне Орхұн жазуынан Күлтегін жырын да криллицаға көшіріп алған ақылы кемел, зерек жұрт едік қой. Күллі ұлттық қасіретімізді, бодан ой-болмысымызды көшкен жұртқа тастап, орыс жазуына орасан зор алғысымызды айтып, сондағы ұлы қазынаны соны әліпбиге қотара көшіріп, Қасиетті Латынға жеткен күні Алаш жұрты да адамзат көшіне ілесіп жүре берер еді…

Латын әліпбиін тұтынатын елдердің көпшілігі біреуге бодан болмаған, құлдық сезімі жоқ, қожайындық қасиеті мол елдер екен. Еңсемізді тіктеп, ел боламыз десек, сол елдер кенелген арда ақыл-ой, сезімге біз де кенелуіміз керек!

 

«…Қазақтың ұлттық партиясы болған…»

Қазақ қаламгерлерінің көптен күткен XII құрылтайы өз жұмысын тәмамдады.

Әлемде жазушылардың көптігі жағынан ең бірінші орынды француздар иемденеді екен. Екіншісі – орыстар. Үшінші орында қазақтар тұр. «Дегенмен де, бізде жиырма шақты ғана сөз шеберлері бар ғой, – деді Сәкен Жүнісов. – «Литературная газетада» өзбек жазушысы Мирсаид Миршаһар КСРО жазушыларының бірінші съезіне жазу-сызуы жоқ қазақтан Жамбыл ғана қатысты деп жазғанда, Ғабең (Ғ.Мүсірепов) соған қатты налып, «Бұл съезге Сәкен, Бейімбет, мен қатыс­тым, Жамбыл болған жоқ. Мен қазақты білмейтін Миршаһарға ренжімеймін. Соның сөзіне түзету жасамаған қазаққа ренжимін деуші еді. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» дәуірнамасын роман емес деген шу көтерілгенде, нанын Абай мен Әуезов­тен тауып жеп жүрген қаратаяқ ағаларымыз үнсіз қалды, соған ренжимін…»
Қазақтың бір-біріне деген қатыгездігі хақында бұдан артық айтудың қажеті жоқ енді…

Құрылтайда Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне әдебиетте өз беті жоқ, талант қарымы күмәнді, кездейсоқ адамдардың өтіп жатқаны қатаң сын тезіне алынды. Ұлттық уызды тәрк етіп, батыс­тық қызыл-жасыл жылтыраққа құмарлық та асыл сөздің абыройын айрандай төгеді. Дәлдүріштік (халтура) пен графомандық бұдан бұрынырақта бойын жаза алмай, көптің көзіне түсе алмай, күпті болып жүруші еді, нарық оларды да жарылқап жатыр. Алдағы уақытта дарынсыздардың тайраңдап кетуіне, мүлде тыйым салып, жазушылар қатарына тұяқ іліктіретіндердің жазған-сызғанын қатаң екшеп, іріктеуге ерекше назар аудару керек.

Қазақстан Республикасы мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед өз сөзінде биылдан бастап, мемлекеттік тапсырыспен шығатын шығармаларға қаламақы төленетінін, әдеби туындыларды басып шығаруға бөлінетін каржы бұрынғыдан гөрі 150 пайызға ұлғаятынын тілге тиек етті.

Құрылтайды заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Мағауин қорытындылады. «Тоталитарлық заман тұсында, – деді ол, – Қазақстан Жазушылар одағы қазақтың ұлттық партиясы болды. Оны енді жасырудың керегі жоқ. Халықтың рухын, мәдениеті мен тарихын, бәрін біз ұстап тұрдық».

Рас сөз! Тоталитарлық тепкінің тұсында басы төмен түспеген бірен-саран пенде болса, ол қазақ жазушылары еді. Сталиндік репрессияда көктей қырылған да осылар-ды. Көкірегімен көк тіреген Колбиннің бетін қайтарып, көзін шұқыған да осы Қазақстан Жазушылар одағы болатын…

Мұхаммед (с.ғ.с.) менен кейін бұ дүниеге пайғамбарлар келмейді. Ақындар келеді! – деген. Бұл енді адамзат қоғамдас­тығындағы пайғамбарлық миссияны ақындар атқарады деген сөз-ді.

Пушкиннің «Пайғамбар» атты өлеңінде Тәңірі ел-жұртына бір ауыз лебіз айтсам деп, қолына қалам ұстаған адамның көкірегіндегі өлі етті суырып алып, оның орнына берісі – ұлтының, әрісі – адамзаттың асау рухы атойлаған асау жүректі ат ойнатып қоятыны хақында айтылған. Өлең емес – «Інжілдің» хикаясы бұл: Құдайдың осындай рухани операциясынан аман қалған адамның құлағына тірі жанға естілмейтін сиқыр дыбыстар шалынып, көзіне өзінен басқа жұмыр басты пендеге көрінбейтін құбылыстар көрінеді. Оның атын «Поэзия» дейді.

Пушкиннің өзін пайғамбардай сезінетінінің түбі сол тәңірлік тезден төркіндейді. Қолына қалам ұстағанның бәрі жер бауырламай, өздерін Пушкинше ұстағанда, Алла адам баласынан дәл бүгінгідей теріс айналып кетпес еді…

Пушкиннің пайғамбарының тебі­ренісіне кенеліп, тереңіне бойлай алмаған пенденің қолына қалам ұстауға хақысы жоқ! Мағауин сол тұңғиықтың тереңіне жеткен соң телегей-теңіздей тебіреніп, жазушының пайғамбарлық миссиясын атқарып кетті…

Мағауин еліне өкпелеп кеткен жоқ. Жұмыр басты пенденің кеудесінде өкпе ғана болса, Мағауинде ондай дүние жоқ қой – Жүрек қана бар-ды! Неге шетел асып кеткенін «Орталық Қазақстанға» берген сұхбатында өзі айтқан: «Чехия өзінің елдігін сақтап, еуропалық болмысын айқындап отырған кішкентай ғана ел. Әуел бастан ел болудың дұрыс жолын таңдай білген жұрт. Ең ғажабы, мұнда алаңсыз тірлік етіп, көсіле жазуға мүмкіндік мол» деген.

Мағауин Абайдың тізесіне келгенде оның тобығында қалған жазармандардың оған ақыл айтуы асылық болады. Мағауиннің аспанында – Алла, арқасында – Абай, алдында – Алаш жұрты тұр ғой!

(Жалғасы бар)

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button