Қоршаған орта
(Басы газеттің №№ 86, 89, 92, 95, 100, 103, 106, 112, 115 сандарында)
Талант
Талант – ұлттан да, мемлекеттен де жоғары! (Марат Қабанбай).
Ақымақтар еліне айналып барамыз ба?
Осыдан біраз уақыт бұрын «Аргументы и факты» апталығы академик Сергей Капицаның «Рассию превращают в страну дураков» (№37, Қарашаның 9-15 жұлдызы) атты дабылды мақаласын жариялады. Бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығының (ВЦИОМ) мәліметтеріне қарағанда, ресейліктердің 35 пайызы кітап бетін ашпайтын көрінеді. «Егер осы бетімен кете берсе, – деп дабыл қағады орыс оқымыстысы – бұл елдің болашағы күнгірт».
Бұл жалғыз Ресейдің басындағы жағдай емес, бұрынғы одақтас елдердің бәріне ортақ қасірет. «Жұмыс көп. Кітап оқуға уақыт та жоқ» деген сылтау елдің көсегесін көгертпейді. Қайта оны тығырыққа тірейді. Кешегі аға ұрпақтың жұмысы бүгінгі біздікінен аз болып па еді? Еңбек өнімділігі бұдан бұрынғы уақытта бүгінгіден әлдеқайда мол болған.
Қазір қайратты, тау қопарардай небір енгезердей ер жігіттер күзетші болып күн көріп жүр – еңбек еткісі келмейтін кержалқау! Кердең сері…
Адам мен маймылдың организмі бір-біріне өте ұқсас. Маймыл түк оқымайды.
Адам кітап оқудың арқасында цивилизацияның биігіне көтерілді! Міне, мәселе – қайда?!
ХХІ ғасыр – жөңкілген информациялар ғасыры. Атам заманнан бүгінге дейінгі мол қазына кітапханаларда жатыр. Ертеде кітап болмаса да, халықтың ауыз әдебиеті кемеліне келіп еді. Мәселен, қазақтың халықтық эпосын алыңыз. Жас ұрпақ аталарының тізесінде отырып, миф пен аңыздардың көркемдікке суғарылған небір сұлу да, ұлы нұсқаларын тындап, Гома Сапиенске (саналы адамға) айналған.
Соңсоң, дүниеге жазу келді де, ол ойлы оқырманды туғызды.
Академик С.Капица жоғарғы оқу орындарына абитуриент қабылдаудың соны нұсқасын ұсынады. «Ешқандай емтиханның керегі жоқ! – дейді ашулы академик – әрбір абитуриент өзінің қандай мамандықты не үшін тандайтынын айтып, төрт-бес парақ сауатты шығарма жазып шықса, сол – жетеді». Өзінің ойын сауатты жазып шыққан адамның интеллектуалдық байлығы мен мәдениеті, ақыл-ой деңгейі сол шығармадан-ақ айнаға түскендей ап-анық көрініп тұрады.
Бүгінгі таңда бүкіл әлем тығырыққа тіреліп тұр! Неге дейсіз ғой? Кітап оқымайды! Көзі – теледидарда… Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» дәуірнамасын түпнұсқадан оқу мен теледидардан көре салудың арасы – жер мен көктей!
Мәдениет министрлерінің еңсесі үкіметтегі барлық министрден биік болуға тиіс!
Мәдениетті комерцияға басыбайлы құл қылудың соңы сорға айналып барады!
Мемлекеттік, ұлттық идеяға көз жұмып сенетін, өз Отаны, өз елі мен жұртын елжіреп сүйетін армия мен ақша үшін өз елін де, өзгені де өлтіре беретін жалдамалы әскердің арасы да – жер мен көктей! Бұл екеуі бір-біріне мүлде керағар, екі бөлек армия…
Өнердің өзгеше шедеврлері ақшамен жасалмайды – жүректен туады! «Мемлекет – деп жазады академик – өзінің күш-қуатын ақшамен немесе әскери күшпен еселей алмайды. Мемлекеттің мерейін Мәдениет ғана тасытады!
Мәдениет және оның даму деңгейі – ұлттық қауіпсіздіктің басты өлшемі – осы» дейді орыс оқымыстысы.
Орыстар – ой үстінде. Ал, біз қашан ойланамыз осы?!
«Барлық ақын баласы бір адамның…»
Адамзат ақындары мен Алаш ақындарының тағдыр таланы ұқсас. Пушкин дуэльде мерт болса, біздің Абай қазақтың қайғы-қасіретін көтере алмай, пайғамбар жасына тұяқ іліктірместен фәниден бақиға аттанды. Байрон кіндік кесіп, кір жуған жұртынан ат тонын ала қашып, бөтен ел, бөгде жерде қаза тапса, біздің Қасым соғыстан солдат шинелін сүйретіп келіп, ит пен құс, бұралқы мен бұзақы жүрген Алматыдан пәтер таба алмай, жасына жетпей жер құшты!
Францияның қалай ұлы ел болғаны түсінікті!
«Егер менің Қорғаныс министрім нашар болса, бір шайқастан жеңілермін. Егер Ауыл шаруашылығы министрім нашар болса, бір жыл егінсіз қалармын. Егер Мәдениет министрім нашар болса, Франция көршілерінен елу жыл кейін қалар еді!» (Шарль де Голль).
Тексіз
Дүниедегі ең жаман індет – ұлттық һәм адамзаттық құндылықтарға «ит көрген ешкі көзденіп» (Абай), өршелене қарсы шығу екен!
…Осында келіп-кеткен әкім атаулының бәріне «ләпбай, тақсыр!»-лап, ауылын жағалай жамандап, көзге шыққан сүйелдей болған бір тексіз көк езу маған мұрынын шүйіре қарап, « – Өй, сендерді – қой! Біз білеміз ғой бәрін…» деп қойып қалды. « – Не болды?!» « – Сендердің Әбіш Кекілбайларың патшаның қолынан сүйген…».
Басқадан да естіп жүрмін ғой, дәл осы сүмелектен мұндай сөзді күтпегем.
«Әй! – дедім өзімді-өзім әзер ұстап, – Әбіш – кім?! Сен – кімсің?! Ұлы тұлғаның тізесіне бойың жетпей тұрып, оның ақ шалған басына қарама, – мойының үзіліп кетеді!»
Қазақ һәм әлем мәдениеті
ФБ-дан бір ән естідім. Бұл – орыс әні! Сөзі – 20-шы ғасырдың ұлы ақыны Андрей Вознесенскийдікі. Алла Пугачеваның айтуымен жер-жаһанды шарлаған ән – «Миллион раушан» әні. Жапондар оны жапонша айтады! Корейлер – корейше. Біз болсақ, орысша айтамыз. Тіпті, оны орыстан да асырып, акцентсіз аспандатып шырқап берер едік!..
Ұлт болып қалыптасып, өркениеттің өріне шыққан жұрттың бәрі басқа бір елдің мәдениетіне суша сіңіп, тастай батпай, қайта олардың озығын өзіне сіміріп алып, тозығын тәрк етіп, жер бетінде малдасын құрып, нық отыр.
Біз ше?!
Жазғыштың бәрі – жазушы
Жұматай Жақыпбаев жазғыштың бәрі – жазушы, айтқыштың бәрі – ақын болған елде ғұмыр кешті. Біздегі жазушылардың ұзын саны бүгінде 700-ден асып жығылады.
Ақыл-оймен әлемді тәнті етіп отырған Жапонияның өзінде мұншама қаламгер жоқ көрінеді…
Өтірік пен шындық
Болмыс-бітімі ар-ұяттан жаралған Адалдық пен Шындық төсектен тұрып, шалбарын киіп үлгергенше, Өтірік пен Өсек, Жала мен Пәле жалғанды тыр жалаңаш-ақ шарлап шығады! (У. Черчилль).
Жапон құпиясы
Жапондардың бізге ұқсамайтын бір қасиеті, олар – еңбегі мен күнделікті қыбыр-жыбыр тірлік, қарекеті туралы тілін безеп, баяндама жасап, жиналыс ашып жатпайды, – жұмыс жасайды!
«Осакаровка» деген не сөз?
Анықтамалықтарды ақтарып-теңкеріп тапқанымызға қараңыз: «Материал из Википедии – свободной энциклопедии: Осакаровка (каз. Осакаровка) – посёлок в Осакаровском районе Карагандинской области Казахстана. Административный центр и единственный населённый пункт Осакаровской поселковой администрации. Расположен на автомагистрали Астана – Караганда. В 1999 году население посёлка составляло 8080 человек (3719 мужчин и 4361 женщина). По данным переписи 2009 года, в посёлке проживало 8046 человек (3793 мужчины и 4253 женщины). Железнодорожная станция на линии Астана – Караганда, в 110 км к северо-западу от Караганды. Осакаровский элеватор, нефтебаза, асфальтобетонный завод. Русская православная церковь – Храм в честь Казанской иконы Богородицы…»
Бұдан басқа мәлімет жоқ.
Сонымен «Осакаровка» деген не сөз? Қандай мән-мағынасы бар?
Бұл – Столыпин реформасынан кейін қаптаған қалың қарашекпенділердің Алаш жұртында алғаш табан тіреген жері. Соның ізі әлі сайрап жатыр: Коллективное, Колхозное, Комсомольское, Кондратьевка, Звёздное, Иртышское, Крещеновка, Куркопа, Кутумсук, Лиманное, Мирное, Молодёжный, Николаевка, Озёрное, Окольное, Откормочное, Первомайское, Пионерское, Приишимское, Родниковское, Роднички, Русская Ивановка, Садовое, Святогоровка, Сельстрой, Сенокосное, Степное, Тельманское, Трудовое, Центральное, Чапаево, Юго-Восток…
Сонымен «Осакаровка» деген сөздің мәні неде? Дальдің түсіндірме сөздігін ақтарып-теңкеріп шықтық. Ештеңе таба алмадық. С.И.Ожогев пен Н.Ю.Шведованың «Орыс тілінің түсіндірме сөздігін» де парақтап шықтық. Іздегеніміз алдымыздан шықпады.
Мұндағы көнекөз, кеудесі алтын сандық, көзі тірі қарттардың айтуына зер салсақ, «Осакаровка» деген сөз Асақарлы деген қазақ сөзінің орысша бұрмаланған атауы көрінеді. Қарағанды мен Ақмоланың қақ ортасындағы осы елді мекеннің ауа райы, шынында да, адам айтса нағысыз, қыста – алай-түлей боран, ат тұяғы талардай қалың қарлы болып келеді. Жамбылды – «Джамбул», Олжасты – «Алжас» деп атайтын орман елі Асақарлыны да «Осакаровка» атап жіберген болуы керек. Бұл – қазақтың ежелгі қасиетті мекені. Иманжүсіп оны «Абылай аспас Арқаның сары белі» деген-ді.
Ел – киесіз, Жер – иесіз болған емес. Бұл өңір – үш жүздің басын қосқан Абылай ханның серігі Нияз Баһадүрдің кіндік қаны тамған жер. Нияз батыр (1680-1760 жж.) Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламада ұлттық тәуелсіздігімізге ерекше еңбек сіңірген Алаштың айтулы тұлғаларының бірі һәм бірегейі. Ол – қолына найза ұстап, қас дұшпанның қанын төккен батыр ғана емес, қазақ – жоңғар – қытай қарым-қатынастарының небір шиеленіскен түйіндерін шешуге қатысқан ірі саясаткер, дипломат, мемлекет қайраткері!
Ерін қадірлемеген жұрт іргелі мемлекет құрып, ел қатарына қосыла алмайды. Испанның ұлы ойшылы Хосе Ортега и Гассет қоғам дегеннің өзі өнеге көрсетушілер мен өнеге алушылардың қарым-қатынасынан тұратынын дәлелдеп кеткен. «Мүлдем азып кетпеген кез келген адамзат нәсілі өзінің жалпы санына сәйкес мөлшерлі, көрнекті адамдарды дүниеге әкеледі – дейді ол – Олардың бойына айрықша интеллектуалдық, моральдық және өміршеңдік қасиеттер дарытады. Дамыған нәсілдерде бұл мөлшер басқаларға қарағанда әлдеқайда қомақтылау әрі қуаттылау болып келеді. Басқаша айтқанда, бір ұлт бір ұлттан өзінің таңдаулы азшылығының қуаттылығымен басым түсіп жатады. Жеке жампоздар қалың көпшіліктің ортасында әрқилы жолмен ерекшеленеді. Әр топ (тап) өз ортасынан бойында тек өз тобына (табына) тән қасиеттер шоғырланғандарын ғана даралап шығарады. Көрнекті адамдардың жетіспеуі, міндетті түрде, ұлт тарихына жайсыз әсер етеді. Ұлт бір аяғынан ақсағандай болып қалады. Салдары белгілі – шашылып, құлау!»
Маңғыстау Бекет әулиені қалай қадірлейді?! Жетісу Райымбек батырды қалай төбесіне көтереді?! Арқада соларға жетеқабыл тарихи тұлғалар аз ба? Соның бірі – осы біздің Нияз баһадүр! Мән-мағынасы бұлдыр, түп атауы көңілге күдік, күмән ұялататын «Осакаровканы» осы Нияз батырдың атымен атасақ, тәуелсіздігіміздің тұғыры бұдан да мықты, Алаш жұртының береке-ырысы мұнан да құтты болмас па еді?! Осыны айтып егіліп жүрген Темірғали Көкетай тегінен басқа ешкім көрінбейді… Көптің бірі емес, ғасырдың ірі тұлғасы! Соның да сөзін жүре тыңдап, құлаққа қыстырмайтын болғанымыз ба?!
«Осакаровка» деген не сөз? Одан гөрі Сарыбел деген саф алтындай емес пе? Нияз батыр деген қандай ғажап! Біздің ел осындай ерін пір тұтып, өнегесін ұстанып, соның соңынан ерсе, әлемдік қауымдастықтың көш басынан көрінбес пе еді?! Батыры жоқ елдің – қорқақ, ақыны жоқ елдің – ақымақ болатынын түсінген ел ғана тобырдан халыққа айналып, мерейлі мемлекет құрады!
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ
(Жалғасы бар)