Руханият

Қоршаған орта

Серік Ақсұңқарұлы – қазақ әдебиетінің классигі, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Адуынды ақынның отты жырлары баяғыда-ақ, әдебиеттің аға буын алыптарынан жоғары бағасын алған. Қазақ өлеңінде Ақсұңқарұлының өз биігі, өз орны бар. Бұл – ақиқат. Ақынның қаламынан туған публицистикасы, эссе, очерк­тері мен мақалаларының жөні бір бөлек. Тоқсан жылдан астам тарихы бар «Ortalyq Qazaqstan» газетінде тұрақты түрде Серік ақынның «Қоршаған орта» тақырыбындағы өмірден көрген-білген ой-толғамын, күнделігін оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік. Бұл тұшымды дүние талғампаз оқырманның көңілінен шығып, жүрегіне сәуле шашады деп сенеміз. Мархабат!

РЕДАКЦИЯДАН

Бір ақын

Қоршаған ортаның аясы, жаһандану заманында, бұрынғыдан да кеңіп барады. Оған енді әлеуметтік желілер қосылды. Мен де енді осы ортада ғұмыр кешіп жатырмын. Соның бір көрінісі осы жазбалар.

Бір ақын жүр біздің елде – көп емес.
Көрмеген жөн – көзді нұрға бөлемес:
Сүйген жері – қара таңба, қасірет,
Жүрген жері – айқай-шу мен төбелес!

Ұстанатын дәстүрі де, салты – ескі.
Жай жүрген жоқ…
Іздеп жүр ғой Дантесті!
Хайям анау –
Шарап құмар маскүнем,
Пушкин мынау –
Дуэльде өлген қанкешті…

Қай ақын кеп жарылқады қай елді?!
Өзі – кедей, жақтырмайды бай елді!
Күйеді екен өз-өзінен өртеніп,
Сүйеді екен өңкей сұлу әйелді!

Бір ақын жүр қайғылы һәм күлкілі!
Қазақ қалды, жырлайды екен түркіні.
Бұл түгілі Мағжан да от басқан,
Өстіп жүріп, өртенеді-ау бір күні!

Көк Бөрі деп өлең жазып не түрлі,
Көзі оттай боп, мазамызды кетірді.
Оны көрсе – біздің елдің иттері,
Дүрлігеді –
Қасқыр көрген секілді!

…Франция –
Франсуа Вийоннан әзер құтылды!
Ұлыбритания –
Байроннан әзер құтылды!
Қазақстан –
Мұқағалидан әзер құтылды!
Мынаның да түрі жаман, көкешім,
Көкке қарап ұлитұғын сықылды,
Тұтып кетіп, құритұғын сықылды…

Сәкен театры – көкем театры

Сәкен театрының қасынан өткенде менің арқама аруақ қонады! Бүгінгі еңсесі қандай биік! Қазақ ұлттық драма театрларының ішіндегі еңселілерінің бірі һәм бірегейі! Алдында қасқайып отырған Сәкен ескерткішіне көз түскенде, қайдағы-жайдағы еске түседі. Бір рет өліп, екі мәрте қайта туған ардағымыздың асқақ келбеті Алаштың автопортретіндей – сұлу да, дана, дара! Қасиеті ерек қандай ұлы ел едік – көрсе көз тойғандай! Қандай тар жол, тайғақ кешулерден өткенбіз, қандай асу, бел-белес­терге жеткенбіз: бодан кезіміздегі ескі театр мен егемен кезіміздегі жаңа театрға қараңыз – ұлттық азаттықтың асқақ бейнесі осыдан-ақ көрініп тұр.

Сәкен театрының алдынан өткенде арқаға аруақ қонады! Ұлттық рухтың ұлы дүбірі осы ғимаратта ойнақ салып тұр. Соның әрбір   премьера сайын Қарағанды қазағының басы осында қосылады. Өз жерінің қожасы, өз елінің иесі екенін исі қазақ осында келіп зерделейді. Қазақ ұлтының рухани шаңырағы – бұл!

Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрды біреулер «Атам театры», біреулер «Әкем теат­ры» деседі. Сәкен театрын біз «Көкем театры» десек, жарасып кетер еді! Көк – Көктәңірі деген сөз, Көктүріктердің Көктәңірі! Көк – Көктүріктердің Көкбөрісін елестетеді! «Көкем» деген сөз содан туындаған. Қазақ қасиетті ағасын Көкем деген. Сәкен театрын Көкем театры дейтінім – содан! Осы театрда ақындар өлең оқып, ақсақалдар бата беріп, Алаш жұрты күн сайын мәре-сәре болып жатуға тиіс. Кешелі-бүгін осында республикалық театрлар фестивалі шеру тартты. Сәкен театрының алды – сән-салтанат. Сәкен театрының ішін ұлттық ой кернеп, Қарағанды көгіне ұлттық рух қалықтап ұшып барады! Алматы Мәскеуге ұқсаса, Қарағанды Санкт-Петерборға, өзіміздің Алаш орда – Астанаға ұқсап барады…

 

Мағжан

Ұлы тұлғаға қаншама топас пен дарынсыз атаулы қаптаған қабаған иттей ұйлыға қарсы шықса да, оның тұлғасы анадайдан асқақ көрініп тұрады! Мәңгілік!

 

Төрт кітап

Қасиетті Төрт Кітап бар: Таурат, Забур, Інжіл, Құран. Оның кем дегенде біреуін оқымаған пенде бірде-бір кітапты оқып, түсіне алмайды. Кітаптың қасиетіне тұшына да алмайды. Қазіргі атқамінердің көбі шетінен сауатсыз! Лев Толстойдың «Соғыс пен Бейбітшілігін» де оқымаған! Киносын ғана көре салған…

 

Фридрих Энгельс данышпан екен

«Құрып, құрдымға кеткелі тұрған ұлт кінәсіз ұлдарын жазықсыз жазалап, қылмыскерлерін төбесінде тайраңдатып қояды!» – депті!

 

Совет өкіметінің өресіздігі

Совет өкіметі Пушкинді мың-миллиондаған таралыммен жарыққа  шығарды. Соны қара тобыр қабыл алды ма?! Жоқ! Лениннің өзі түсіне алмаған Пушкинге лениншіл қалың нөпірдің өресі қалай жетуші еді?

 

Тұлға

Бір ғасырда бір-ақ мәрте туатын Олжас Сүлейменов, Әбіш Кекілбайлар ұшар басы ақ бауыр бұлттарға малынған шырқау биікте тұр. Түр, келбеті, ішкі болмыс-бітімі көзге көрінбейді. Алыстан асқақ тұрпаты ғана қарауытады… Олардың алып тұлғаларына етекте тұрып назар салғандардың басы айналып, көзі қарауытып кететіні – содан!.. Аспан жаққа абайлап қараңдаршы?! («Егемендегі» Әбіш Кекілбайдың Мұқағали мен Еркін Ібітанов туралы эссені оқығанда туған ой).

 

Ұлттық байлық

Ұлттық байлықты елдің табиғи ресурстарымен өлшеу – өресіздік; оған онсыз-ақ қол жеткізуге болады. Басты ресурс – Адам. Мемлекет ұлтты ұлы кенішке жеткізетін адамның талантының табиғатын ашуға қажетті барлық жағдайды жасаса болғаны (Маргарет Тэтчер).

 

Сексеуілге ұқсас халық

Ресей патшасының қабылдауында болған Михаил Сперанский Қазақтар жайлы былай деген екен:

 – Қазақтар – көшпелi өмiр сүретiн өте жауынгер халық. Арақ iшпейдi және табиғи қиыншылықтарға өте төзiмдi. Далада соғысудың өнерiн жақсы меңгерген…

Ресей патшасы I Александр «Оларды бағындырудың жолын ойластырдың ба?», – деп сұрағанда Михаил Сперанский:

– Қазақ даласында сексеуiл деген ағаш өседi. Өте қатты, балтамен шауып сындыра алмайсың. Оны тек бiр-бiрiне ұрып сындырады. Қазақтар руға қатты бөлінеді. Оларды бір-біріне айдап салып, әлсірету қажет, – депті…

 

«Елім-ай»

Ресей экспанциясы бел алған ХVIII ғасырдан бастап, 1986 жылғы Желтоқсан дүрбелеңіне дейінгі аралықта қазақ елі орыс отаршылығына қарсы 300-ге тарта ұлт-азаттық көтерілісін басынан өткерген екен. 1931-1932 жылдары ­­­­7 млн. қазақтың 4 млны аштан қырылды. 1,5 млны шет елдерге босып кетті. Қазан төңкерісі мен қызыл қасап репрессия болмағанда қазақ халқы өзінің табиғи өсімімен осы күні 30 млн болып отырар ма еді, қайтер еді…

Ресей империясы 20 млн қазақтың құныкері болып қалды!

Соған сұрау салып жатқан кім бар?!

Кәуірге кеткен есе көп. Елден – ел, жерден – жер айырылды. Бізге қалғаны да – қанағат. Басымызға – тыныштық керек еді. Ел – егемен, жер – азат болғанда, «Анау – Машкеевичтің жері!», «Мынау – Терешенконың жері!» деген тағы бір қанқу сөз шықты…Ертең ел басына күн туса: «Менің Алатауым! Менің Атырауым! Менің Сары-Арқам! Менің Алтайым! Менің Алашым!» деп ұрандап шығатын ұл туа ма?! Тумай ма?! Алла «Елім-ай» зарын Алаштың мандайына мәңгіге жазып қойған ба?! Бұл не сұмдық?!

 

Елдің киесі

Қаздауысты Қазыбек  Қантожыға «Берсең – жөндеп бітіміңді айт, бермесең – дірілдемей үйіңе қайт, не – тұрысатын жеріңді айт!» дегенде дұшпан үндей алмай қалады.

Сонда қалмақтар Қантожының қасына келіп:

– Бір жұдырықтай баладан қара суға  түсіп, осынша дірілдеп кеткенің не?! – десе керек.

– Сендер білген жоқсыңдар, – депті Қантожы сонда, – Сөзін өңменімнен сұғып айтқанда, екі иығынан екі аю аузынан от шашып, «тыпыр етіп көрші, – көрейін!» – деп тұрды. Сендерге көрінбегенмен, маған – көрінді… Менің енді бұған қайтарып айтар сөзім жоқ. Мал мен жанын есептеп, алдына салып беріңдер!»

Алашының азаттығы сынға түскенде сол Қаздауысты Қазыбек бидің екі иығындағы екі аю аузынан от шашып, біздің де екі иығымызда  айбат шегіп тұруға тиіс! Елдің киесі – ол!

 

Мына жарық дүниеде…

Мына жарық дүниеде өксігін ылғи ішіне жасырған дәл біздей шерлі жұрт бар ма екен?! Сол шер ел егемен болғанда да, шеменге айналып, көкіректе әлі тұншығып жатыр. Кейін осы өксіктің қанды кекке айналмасына кім кепіл?! Қорқынышты…

 

Талант һәм батыс

«АҚШ-та талантты қорғайтын этикалық бас басқарма бар екен» (Қали Сәрсенбай, ФБ). Өрелі жұрт табиғатты ғана емес, адами құндылықтарды да қорғауға міндетті!

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button