Орман – жердің дәулеті. Ел тынысына айналған осы бір байлықты балталатпай, қызғыштай қорып келе жатқан орманшылар әулеті бар. Туыс-туғанымен әбден машықтанған орманшы мамандығын Қарқаралы еліне сый-қадірі бар Махмұт әулетінің немере-шөберелеріне дейін оқып алып, еңбек етіп жүр. Ел осы бір ұрпақ сабақтастығына, еңбек эстафетасына ерекше сүйсінеді.
Махмұт әулетінің орман шаруашылығындағы еңбегі сонау 1971 жылдан басталады. Еңбек бастауының ең ұшында тұрған білікті орманшы Өмірзақ Мұқатайұлы еді. Ең алғаш ол Қарқаралының орман шаруашылығына орманшы болып жұмысқа орналасады. Екі жылдан соң біліктігін білген сол кездегі орман шаруашылығының басшылығы оны бас орманшының көмекшісі ретінде қызметін өсіреді. Бір жыл бойы бас орманшының қасында жүріп, орманға қатысты орасан жұмыстарға бастамашы болады. Бірақ бір жылдан кейін табиғаты тамсантатын Кімасар шатқалына орманшы болып ауысады. Қауырт шаруа, қарбалас тіршіліктен қашпайды. Денсаулығына байланысты сондай шешім қабылдапты. Ол жерде он жыл еңбек етеді. Жиырма жылғы адал еңбегі еленіп, «Ерен еңбегі үшін» медалі бұйырады. Есімі сол үшін де Алтын кітапқа жазылды.
Әке бастаған ізді ұл-қыздары жалғастырады. Үлкен ұлы Жәнібек 1986 жылдан бастап, Кімасар шатқалында мемлекеттік инспектор-орманшы болып еңбек етіп келеді. Әкесі ұлына бес жыл қатар жұмыс істегенде бар білгенін үйретіп кетеді. Соның арқасында шатқалдағы шаруаны шыр айналдырып отыр. Қырық жылға жуық уақыт табан аудармай Кімасарға келетін туристерге орманның ережесін түсіндіріп, ондағы тоғай мен көлді қызғыштай қорып келеді. Тағы бір ұлы Қаныбек те 2003 жылдан бері осы бір шатқалда орманшы. Ол да әлі осы бір үйренген жерінде. Кімасардың сай-сайын, әр тасын, қарағай-аршасын, қыбырлаған жәндігіне дейін әбден жаттап алған.
– Өз заманында қадірлі орманшы болған әкеміз бізді бала кезімізден бері осы бір мамандыққа үйретті. Қыздарына дейін орманшының оқуын оқытты. Үйде бес ұл, үш қыз өстік. Барлығымыз демейік, тең жартысы әке жолын жалғадық. Көріп өскен шаруа болған соң жаттық танытпадық. Керісінше, жанымызға жақын болды. Қазір немерелері де, жиендері де осы саладамыз. Табиғатпен жанымыз үндес. Оның үстіне қызметімізді абыройлы атқарсақ, әулетімізбен әкеміздің аманатына адал болсақ дейміз. Осы бір Қарқаралының ну орманын әкеміздің аманатындай көреміз, – дейді Жәнібек Махмұт.
Тағы бір бауыры Қанатбек 2004 жылдан бері Қарқаралы орманшылығында орманшы.
Талғат Өмірзақұлы 2005 жылдан бастап, Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің тау орманшылығының орман шебері. Қарамағында бес инспектор бар. Өздеріне тиесілі аумақты өрттен, заңсыз аң аулап, ағаш кесетіндерден сақтайды.
Ал, Айдарбек 2014-2016 жылдар аралығында Қарқаралы табиғи паркінің бақылау өткізу бекетінде қызмет істеп, Қарағандыға қоныс аударды. Қазір қаланың Пришахтинск бөлігіндегі өрт сөндіру бөлімінде еңбек етіп жүр.
Гүлнар Өмірзаққызы 2012-2016 жылдар аралығында Ұлттық паркте радиооператор ретінде жұмыс атқарды. Яғни, байланыс желісіне жауапты маман болды. Ал, Шынар Өмірзаққызы 2010-2017 жылдар аралығында Қарқаралы ұлттық табиғи паркінде ғылым және мониторинг бөлімінің мониторинг жөніндегі бас маманы қызметін абыроймен атқарды.
Немересі Шыңғыс Жәнібекұлы 2013 жылдан бастап орман шебері болып еңбек жолын бастайды. Кейін атасының ізімен Қарқаралы орманшылығында бас орманшысының көмекшісі болып көтеріледі. Қазір осы бір жауапты қызметте.
– Орманшы – мемлекеттің орман қорына жататын барлық өскіннің жақсы өсіп, қорғалуына жауап беретін адам. Ағашты ұрлап кесушілерден ғана емес, өрттен, судан, түрлі өсімдік ауруы мен зиянды жәндіктен қорғау міндеті де бар. Жалпы айтқанда мінсіз қызмет атқару керек. Өмірзақ атамыздың бұрынғы жолымен келе жатырмын. Ол кісі де бас орманшының көмекшісі қызметін атқарды ғой. Өте жауапты жұмыс. Әкем де беделді орманшы. Мақтан тұтамын. Жауапкершіліктің де жүгі ауыр, – дейді орманшы немересі Шыңғыс.
Тағы бір немересі Әлібек Қаныбекұлы – Қарқаралы ұлттық табиғи паркінде штаттан тыс мемлекеттік инспектор. Бақылау өткізу бекетінде туристерге орман ережесін таныстырады.
Жиені Анар Ойратқызы нағашыларының жолын қуып, Қарқаралы ұлттық паркінде ғылым және мониторинг бөлімінің аға маманы ретінде жұмыс атқарып жүр.
– Орманшылық саласында үш жылдан астам уақыт қызмет атқарып келемін. Нағашы аға-әпкелерім осы салада бірнеше жылдан бері тер төгіп жүр. Бала кезімнен осы кісілердің жұмыстарын қызықтап, көріп өстім. 2016 жылы «Экология» мамандығын аяқтап, 2021 жылдан ұлттық паркке жұмысқа тұрдым. Негізгі лауазымдық міндетім – ғылыми-зерттеулер, далалық жұмыстарға зерттеу жүргізу. Өсімдіктер және жануарлар әлемі бойынша фенологиялық және мониторингтік бақылаулар жүргізу. Онымен қоса, мекеменің баспасөз қызметіндегі жұмыстарды атқарамын, – дейді ол.
Қарқаралыдағы мәуелі бәйтеректей жайқалған орманшылар Отаны осындай тіршілік кешіп жатыр.
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Қарқаралы ауданы