Жаңалықтар

Орман өрті өршіп тұр

Жаз мезгілі сақтықты талап етеді. Биыл күн жылынғалы бері өңірде 22 орман өрті тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға көп. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифингте ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Нұрлан ЖАҚЫПБАЕВ айтып берді.

Н.Жақыпбаевтың айтуынша, орман өрті жалпы көлемі 1500 гектардан астам аумақты шарпыған. Сондай-ақ, 11 мың гектарға жуық аумақта 86 дала өрті мен құрғақ шөп өртенген.

«Өткен жылмен салыстырғанда биылғы өрт көрсеткіші 20 пайыз жоғары. Маусым айындағы өрттің себептері облыстың басым бөлігінде ауа температурасының нормадан тыс жоғары болуы, желдің екпіні 30 м/с жетуі, сонымен қатар жауын-шашынның болмауы әсер етті. Сондай-ақ, 20 табиғи өрттің шығуына отқа абайсыз қарау себеп болды», – деп бөлісті спикер.

Облыста 10 орман өрт сөндіру бекеті, 6 мыңнан астам адамнан тұратын 505 ерікті өрт сөндіру бөлімшесі, 1 698 бірлік автокөлік, 134 бірлік өрт сөндіру мотопомпалары бар.

«Мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендерде өрт сөндіру бекеттерін кезең-кезеңмен құру жоспарын іске асыру аясында осы елді мекендердің бірқатарында өрт қауіпсіздігін жергілікті атқарушы органдар құрған. 53 өрт сөндіру посты өртке қарсы қызметті жүзеге асырады. Оның ішінде, 58 мыңнан астам халық тұратын 91 елді мекен бар. Өрт сөндіру бекеттері 30 бірлік өрт техникасымен және 75 бірлік бейімделген техникамен жабдықталған. Биыл Осакаров, Ақтоғай және Нұра аудандарында 8 қызметкер алынды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда, биылғы жылдың жоспарында Қарқаралы, Жаңаарқа және Нұра аудандарының аумағында тағы 4 пост құру көзделген», – деді Нұрлан Жақыпбаев.

Басшы биыл өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзудың 23 фактісі анықталғанын айтты. Кінәлілер әкімшілік айыппұлға тартылды.

«Азаматтық қорғау, жергілікті полиция қызметі, әкімдіктер мен орман шаруашылығы мекемелері қызметкерлерінен 69 мобильді топ құрылып, рейд барысында өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзудың 23 фактісі анықталды. Бұл қоқыс жағу, ғимараттарға жақын жерде от жағу және тағы басқалары. Кінәлілер айыппұл және ескерту түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жазғы өрт қауіпті кезең басталғалы барлығы 400-ден астам рейд, 1500-ден астам жиын, тұрғындармен және ұйымдармен брифингтер мен дөңгелек үстелдер өткізілді», – деді спикер.

Жақыпбаев сонымен қатар тұрмыстық және өндірістік өрт санының өскенін айтты. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында облыста 481 өрт оқиғасы тіркеліп, 17 адам қаза тауып, 22 адам зардап шеккен. Өрттің басым бөлігі тұрғын үй секторында – 290, көліктерде – 94, әкімшілік және қоғамдық ғимараттарда –19, сауда кәсіпорындарында –18, өндірістік ғимараттар мен құрылыстарда 13 – өрт болған «Өрттің негізгі себептері: 37% – электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерін бұзу, 30,8% – отқа абайсыз қарау, 19,8% – пешті орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу, 3,1% – өрт қою, 1,7% – тұрмыстық электр аспаптарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу, 1% – дәнекерлеуде және басқа да ыстық жұмыстарда өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу және пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу, тұрмыстық газ құрылғыларын қауіпсіздік ережелерін сақтамай пайдалану», – деді Н.Жақыпбаев.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button