Ресми

Орман өрті – орасан қауіп

Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты орман қорының аумағы 127 039 гектарды құрайды. Оның ішінде 68 968 гектары – орман алқабы. Негізгілеріне Ақтоғай, Қу, Қарағанды орман шаруашылықтары жатады. Биыл Қарағанды орман шаруашылығында 2,54 гектар аумақта үш орман өрті тұтанған. Бұл турасында facebook әлеуметтік желісінің тікелей эфирінде басқарма басшысы Бахтияр Санбаев мәлім етті.

 

– Өрттің тұтануына көбіне көліктен тараған ұшқын себеп. Тіркелген үш өрттің біріне автомобиль иесі кінәлі деп танылды. Көлік иесіне Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықтық Кодексіне сәйкес, 367-бабының екінші бөлігі бойынша хаттама толтырылып, тіркелген мәліметтер сотқа жолданды. Өрт ошақтары дер шағында ауыздықталды, – деді спикер.

Өрт қаупі кезеңінің басынан бастап мемлекеттік орман қоры ау­мағында арнайы жолақтар орна­ластырылып, маусым сайынғы кү­тіп-баптау амалдары жүргізілуде. Орман өртінің алдын алу жөнінде биылға арналған іс-қимыл жоспары Қарағанды облысы әкімдігінің қау­лысымен бекітілді. Мұнан бөлек, «Қазақмыс» корпорациясы мен жекелеген кәсіпкерлер де тілсіз жауға қарсы күресте бірлескен іс-қимыл бойынша жекелеген келісімдер жасалды. Орман шаруашылығы өкілдері ауыл шаруашылығы кәсіпкерлерімен меморандум жасасып, өрт пайда болған жағдайда бірігіп әрекет етуге уағдаласты.

Облыстық бюджеттен қорша­ған ортаны қорғау жоспарына сәйкес, 907 миллион теңге қаражат бөлініп, қаупі жоғары маусымда жанар-жағармай қоры жинақталды. Қазір қорда 4000 литр дизель отыны мен бензин сақтаулы. Орман шаруашылықтарын материалдық-техникалық жабдықтауды нығайту үшін тиісті жабдықтарды сатып алу үдерістері жалғасын табуда. Бұларға «МТЗ» тракторлары мен мотоциклдер және патрульдік автомобильдер, дрон үлгісіндегі ұшу аппараттары, рациялар, квадроциклдар, аспалы қопсытқыштар, соқалар, дүрбі, автоцистерналарды жатқызамыз. Орман шаруашылықтарының аумақтарында өртке жедел әрекет ету үшін бір типті бес орман өрт станциясын салу жоспарланған. Бұл бағыттағы жұмыстар жыл аяғына дейін тәмамдалады.

– Айтып келмейтін апаттан сақтану – күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі. Сондықтан, қай кезде де тілсіз жауға тосқауыл қажет. Күннің күрт ысуына байланысты табиғи өрттердің орын алу қаупі арта түседі. Аптапта ыстық пен қуаңшылық кезінде ормандағы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаудың маңызы өте зор. Орманды тілсіз жау­дан қорғау – әрбір саналы жанның қастерлі борышы, – деп атап өтті Бахтияр Жұматайұлы.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button