Жаңалықтар

Орман өрті еңбекті еш қылмасын

Қарағанды облысында ауқымды көгалдандыру жобасы іске асуда. Осындай игілікті іске атсалысып жатқан «Орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі Қарағанды шаруашылығы» мекемесінің қарамағындағы жердің жалпы аумағы 27 380 гектарды құрайды. Оның ішінде орманмен жабылған аумағы – 12 252 гектар. Мекеменің бекітілген өндірістік жоспа­рына сәйкес, биылғы жылдың көктемінде – 130 гектар алқапта орман көшеттері отырғызылды. Оның ішінде, Шахтинск қаласы аумағында – 48 гектар, Теміртау қаласы аумағында – 82 гектар. Ал, күзгі орман көшеттерін отырғызу Теміртау қаласы аумағында 208 гектар жерде жүргізу жоспарланған.

«Жылдық іс-шаралар жоспарына сәйкес 2021 жылға өртке қарсы минералдандырылған жолақтарды жүргізу 3832 шақырымға жоспарланған. 2020 жылы орман күзеті қызметкерлері орман заңнамаларын болдырмаудың алдын алу және оны бұзғандарды анықтау бойынша жұмыстар жүргізді. 2021 жылы 55 әкімшілік құ­қықбұзушылық туралы хаттамалары толтырылды», – дейді Қарағанды орманшылығы орманшысының көмекшісі Гүлнұр Көзтаева.

Жаз уақытында өрт қаупі күшейе түседі. Әсіресе, бұл кезде орман алқаптарын өрттен көздің қарашығындай қорғауға тура келеді. «Орманда өрт шығу себептерін сараптағанда, ол көбінесе адамдардың өз кінәсінан болатыны анықталды. Жекелеген тұрғындардың немесе орман жұмысшыларының бұл мәселеге үнемі жіті қарай бермейтінінен болады екен. Сондықтан, өрт қауіпсіздігінің ережелерін үйрететін үгіт-насихат жұмыстарын тек өрт сөндіру қызметкерлері ғана емес, олармен қатар қоғамдық мекемелер де жүргізуі тиіс. Орман шаруашылығының жұмысында өрт қауіпсіздігі – бірінші кезектегі мәселе. Сызбада көлік жолдары, тұрғын үйлер, кардондар, өзен, көлдер, орман шаруашылығының кеңселері, өрт бақылайтын тұрғылар, хабар қабылдайтын пункттер, өрт шығу қаупі бар нысандар белгіленеді. Мұнымен бірге, оған өрт қауіпсіздігі құрылымының жоспарында орманды бақылау қызметін ұйымдастыру, өрт сөндіру-бақылау құрылғыларын салу, телефон байланысының жүйесін жаңартып тұру, радио байланыс ұйымдастыру, тағы басқа қызметтер кіреді», – дейді орманшы.

Оның айтуынша, орманға барар жолдарда, демалатын, орманішілік жұмыс жүріп жатқан жерлерде түрлі-түсті плакаттар, хабарламалар арқылы өрттен сақтандыру шаралары жасалған. «Алайда, осыларды орман маңында демалушылар ескере бермейді. Әр тұрғын мұндай ескертулерге байыппен қараса, халық байлығы – орманды тілсіз жау өрттен қорғауға, аман сақтауға елеулі ықпалын тигізері даусыз», – дейді Гүлнұр Көзтаева. Ормандағы өрттердің бәрі сыртқы себептерден болады. Әйтпесе, орманның ішінде өрттің көзі жоқ. Рас, ормандардың жануы кейде найзағайдан да болады, бірақ өртті орманға негізінен адамдар әкеледі. Орман ішінде болған саяхатшылар, демалушылар, ауыл шаруашылығының жұмысшылары кепкен шөп, кесілген ағаш қалдықтары бар жерлерге от жағады. Орман алаңдарына жақын жерлердегі егістің орнын өртейді. Күн сәулесі мол түсетін жерлерге шынының сынығын тастап кетеді. Ал ол жандырғыш линза тәрізді күн сәулесінен қуат алып құрғақ шөптерді тұтандырады. Орманда шаруашылық жұмыстарын (жарылғыш құрал мен тамырынан жұлу, қоқысты жағу, жолдарды, электр желілерін, құбырларды салуы кезінде сақтық шараларын алмау) дұрыс жүргізбеу салдарынан орман өрті жедел өтеді және тез таралады. «Қалың ағаш ішіндегі өрт минутына 3-4 метр жылдамдықпен таралып, 10-14 сағатта үлкен өртке айналады. Оның ішіне кіру де, өрт сөндіру техникаларын енгізу де қиын шаруа. Орман өртін сөндіру оңай шаруа емес. Сондықтан, оған жол бермеудің алғышарттарын қатаң сақтау қажет», – дейді орманшының көмекшісі Гүлнұр Ырымқызы.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button