Қордың үлесі қомақты
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен әлеуметтік дамудың берік негізі қалыптасып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен құрылған қор жер-жерлерде әлеуметтік нысандар ашуға мұрындық болуда. Қордың негізгі көмегі денсаулық сақтау, әлеуметтік қамту, білім беру және спорттық бағытта. 2022 жылдан бері қор көрсеткен қолдау көлемі 17 млрд теңгеден асады. Оның ішінде, Қарағанды өңірі де бар. Қор тарапынан аймаққа 8,7 млрд теңге көлемінде қайырымдылық жасалып, 13 жоба жүзеге асырылды.

Басты байлық – денсаулық
Қордың денсаулық сақтау саласында көрсеткен көмегі үш бағытты қамтиды. Әуелгісі, инновациялық дәрі-дәрмек сатып алуды қаржыландыру. Одан кейін әлемдегі озық өндірушілердің құрылғыларымен жабдықтау және дәрігерлер мен мамандарды жаңа технологияларды енгізу мақсатында оқыту.
Қор тұжырымдамасына сәйкес көмек еліміздің ең әлсіз және қорғансыз азаматтарына көрсетіледі. Сол арқылы көптеген әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ықпал етеді. Қор науқастарға өмірлік маңызды дәрі-дәрмекке қол жеткізуге көмек бере отырып, оларға жаңа өмір сыйлайды. Мәселен, орфандық ауруларға шалдыққан емделушілерді дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету бойынша жоба қор құрылған 2022 жылдан қолға алынған. Қордың ресми сайтындағы дерекке сүйенсек, 2022-2024 жылдар аралығында қор 62,3 млрд теңге сомасына 490 адамның дертіне шипа болатын аса маңызды дәрілік заттарға қол жеткізуге себепші болды. Оның 300-ге жуығы – балалар. Бұлар – мемлекет ұсынбайтын сирек және ауыр аурулары бар азаматтарды қымбат, заманауи, инновациялық, тіркелмеген дәрілік заттар. Мәселен, қор әлемдегі ең қымбат 2 млн АҚШ доллары тұратын «Золенгсма» препаратын 5 науқас балаға сатып берді. Оның ішінде, қарағандылық кішкентай пациент те бар екені мәлім. Дәрілік зат жұлынның бұлшықет атрофиясын (SMA) емдеу үшін қолданылады. Жалпы, облыстың 43 тұрғыны осындай көмек алды. Бұған қор 3,609 млрд теңге көлемінде қаражат бөлді.
Бұдан бөлек, онкологиялық ауруы бар 95 науқасқа да осындай көмек көрсетілгенін атап өту керек. Ел бойынша 2023 жылдың қараша айынан бастап онкологиялық аурулары бар 241 пациент қамтамасыз етілді. Қордың бұл жобасы жыл соңына дейін жоспарланған.
Балалардың туа біткен қан тамыр патологиясы проблемасын шешу, халықтың әлеуметтік осал топтарынан гемангиома диагнозы қойылған 18 жасқа дейінгі балаларға медициналық көмек көрсету де осы бағытқа жатады.
Қордың тағы бір жобасы балалардың туа біткен қан тамыр патологиясы проблемасын шешуге бағытталған. Оның мақсаты – халықтың әлеуметтік осал топтарынан гемангиома диагнозы қойылған 18 жасқа дейінгі балаларға медициналық көмек көрсету. Көмек атап айтқанда, мүгедек балаларға, көпбалалы отбасылардан, толық емес отбасылардан, аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған не ата-ананың бірінің мүгедектігі бар отбасылардың балалары алады. Бағдарлама бойынша 103 бала тіркелген, аймақтан 9 науқас бар. Бұл бағытта қор облыстағы науқастарға 1,440 млн теңге бөліп отыр.
Сонымен қатар, қордың көздің мүйізгек қабығын ауыстырып салуды қажет ететін көз ағзаларының аурулары бар пациенттерге қайырымдылық көмек көрсету жобасы бар. Облыстың жеті тұрғыны қор арқылы аталған көмекті алды. Бағдарлама көз ағзаларының аурулары бар пациенттерге, атап айтқанда, көздің мүйізгек қабығын ауыстырып салу арқылы соқырлыққа әкелетін сүйел, бұлдырлық, туа біткен ауруларды (кератоконус) емдеуге бағдарланған.
Бүгінгі таңда мүйізгек соқырлығымен ауыратын пациенттерге көруді қайтарудың бірден-бір әдісі – мүйізгек қабықты ауыстырып салу (кератопластика). 2018-2019 жылдары жүргізілген оталар өкінішке қарай тоқтап қалған. Елде донорлық материал мен көз банкінің болмауы – пациенттер үшін күрделі проблема. Сондықтан, басқа елдің арнайы көз банкінен алынған консервіленген донорлық материалды қолдану бүгінгі күні мәселенің жалғыз шешімі болып табылады. Мұндай оталарды науқастар қордың көмегінсіз жасауы екіталай. Сондықтан, қор қарапайым адамдардың қалтасы көтермейтін, қолы жетпейтін көмекті қайырымдылық ретінде жасап келеді.
Заманауи құрылғылар сапаны арттырады
Облыстық балалар клиникалық ауруханасының базасында ашылған ерте араласу орталығы – аймақта қор қолдауымен жүзеге асқан алғашқы жобалардың бірі. Дамудың ерте кезеңдерінен бастап, даму бұзылулары бар және олардың пайда болу қаупі бар балалар үшін Қарағандыдан бөлек, 12 өңірдегі ерте араласу орталықтарын материалдық-техникалық жарақтандырды. Бұған дейін елде ерте диагностика және ерте абилитация жүйесі жоқ еді. Өмірдің алғашқы кезеңдерінде дұрыс жүргізілген диагностикалау және түзету өзгерістерді жұмсартып қана қоймай, жаңа бұзушылықтардың алдын алады, балалардың әлеуметтік бейімделуінін, өмір сапасын жақсартады.
Ғылыми ақпарат көздеріне сүйенсек, шала туған нәрестелер арасында мүгедектік пайызы 20-дан 30%-ға дейін, ал, толық жетілгендер арасында – 6%. Елдегі балалар мүгедектігіне бірінші кезекте жүйке жүйесінің аурулары (28,5%), екінші орында туа біткен ауытқулар, деформациялар және хромосомалық бұзылулар (24,9%) және үшінші орында – психикалық бұзылулар және мінез-құлықтың бұзылуы (11,9%) себеп. Ерте араласу орталықтары осы себеп салдарын жоюға күш салады. Бұл жобаға қор 64,3 млн теңге жұмсады.
Шала туған балалардың ретинопатиясын емдеуге және офтальмологиялық скрининг жүргізуге арналған құралдар ел бойынша 14 облыстың 28 медициналық мекемесіне алынды. Оның ішінде облыстық клиникалық аурухананың №1 және №2 перинаталдық орталықтары, облыстық клиникалық балалар ауруханасы, Теміртау қаласының көпсалалы ана мен бала орталығы, сондай-ақ, Балқаш қаласының орталық ауруханасы да аталған жабдықтарға ие болды. Ел өңірлеріндегі медициналық ұйымдардың көпшілігінде шала туған ретинопатиясы бар балаларға медициналық көмектің толық көлемін көрсету үшін офтальмологиялық скринингке арналған жабдық жоқ. Ал, бұл дерт – көру қабілетінің төмендеуінің, көру қабілеті мен бала соқырлығының негізгі себептерінің бірі. Сондықтан, қор аталған жобаны қолға алды. Жоба бойынша аймаққа 72,4 млн теңгеге арнайы жабдықтар алынды.
QH балалар нейрохирургиялық қызметін дамыту жобасы еліміздің 19 өңірінің нейрохирургтері үшін оқыту іс-шараларының кешенін жүргізу арқылы өңірлердегі балаларға көрсетілетін мамандандырылған және жоғары технологиялық нейрохирургиялық көмектің қолжетімділігін жақсартады және сапасын арттырады.
Қауіпсіз нейрохирургиялық емдеудің заманауи технологияларын трансферттеу үшін жағдай жасалуда. «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ өңірлерде операция кезінде пациенттерді қауіпсіз нейрохирургиялық емдеу бойынша заманауи тәжірибелер мен тәсілдер трансфертін жалғастыруға мүмкіндік алады. Бұл орталыққа жоспарлы нейрохирургиялық көмекке күту парағындағы кезектілікті біртіндеп төмендетеді. Жоба аясында аймақтың балалар нейрохирургия қызметін жандандыру үшін 92,2 млн теңге бөлінді.
Облыста онкологиялық қызметті жандандыру үшін қор қомақты қаражат – 2,65 млрд теңге бөлгенін атап өткен жөн. Жоғары технологиялық сәулелік терапияны кеңінен енгізу үшін заманауи желілік үдеткіштер қажет. ҚСТ үшін сәулелік аппарат паркінің 50% физикалық және моральдық тұрғыдан ескірген гамма-терапевтік қондырғылардан тұрады.
Жоба онкологиялық қызметтің материалдық-техникалық базасын жақсартуға мүмкіндік береді және сәулелік жабдықтың жетіспеушілігі бойынша сәулелік терапия мәселесін шешуге көмектеседі. Жоғары технологиялық медициналық қызметтерге қолжетімділікті және қатерлі ісіктерді ерте сатысында анықтауды арттырады. Мұндай мүмкіндік Абай, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстары, Астана және Алматы қалаларының тұрғындарына жасалып отыр. Нәтижесінде бастапқы анықталған және қайталама онкологиялық науқастарды стандартты және жоғары технологиялық сәулелік терапиямен қамту ұлғайды.
Сонымен қатар, пульмонологиялық, камбустологиялық және кардиологиялық қызметтер де қор қолдауы арқылы жаңа жабдықтармен қамтылды. Аталған қызметтер облыс орталығында ғана емес, Теміртау, Шахтинск, Саран қалаларының ауруханасында, Қарқаралы, Абай аудандарының аудандық ауруханаларында жүзеге асырылуда.
Камбустологиялық қызмет Қарағанды секілді өндірістік аймақ үшін маңызды. Сондықтан, оны дамыту үшін қор 526,5 млн теңге бөлді. Кардиологиялық қызметке 487,9 млн теңге және пульмонологиялық қызмет үшін 78,5 млн теңге бөлінді.
Әлемнің озық деген өндірушілерінің құрал-жабдықтарымен жұмыс істей білетін маманның болуы заңдылық. Заңдылықты сақтай отырып, қор мамандарды оқытумен де айналысады.
Маман біліктілігі бірінші орында
Медициналық генетиктер мен ультрадыбыстық диагностика мамандарын шетелде оқыту нәресте өлімі мен мүгедектікті азайту үшін ұрықтың туа біткен ауытқулары мен перинаталдық нәтижелерді ерте диагностикалауды жақсартуды көздейді. Ана мен баланы қорғаудың сапасы және оның нәтижесі ультрадыбыстық диагностика мамандары мен генетик дәрігерлердің құзыретіне тікелей байланысты. Осы себепті мамандардың біліктілігін арттырудың маңызы зор. «Медициналық генетика» және «Ультрадыбыстық диагностика» мамандықтары бойынша біліктілікті арттыру курстары мен шеберлік сағаттарын ұйымдастыру осы мақсатты көздейді. Екі мамандықтан ел бойынша 25-тен, барлығы 50 маман Санкт-Петербург қаласындағы Д.Отт атындағы акушерлік, гинекология және репродуктология ғылыми-зерттеу институтында біліктілігін арттырып қайтты. Олардың арасында екі қарағандылық маман да бар. Жоба 2023 жылы жүзеге асырылды.
Қордың арнайы жобасымен «Трансплантация үйлестірушісі» мамандығы бойынша бір маман білімін арттырып келді. Ал, ел бойынша 24 маман 2023-2024 жылдар аралығында Стамбул қаласында оқыды. Бүгінде Қазақстанда трансплантация үйлестірушілерін кәсіби даярлау жүйесі жоқ. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, трансплантация үйлестірушілері – орган донорлығын дамытуда қозғаушы күші. Осыған байланысты, шетелдік көшбасшы елдердің озық тәжірибесін зерделеу және халықаралық трансплантациялық қоғамдастықпен интеграциялау арқылы орган донорлығы қызметін күшейту және кәсібилендіру қажет. Қордың осындай ауқымды да маңызды мәселеге атсалысуы саланы ілгерілетуге сеп болары сөзсіз.
Әлеуметтік қолдау мен оңалту – маңызды қадам
«Қазақстан халқына» қоры Қарағанды облысында төрт қайырымдылық жобасы мен бағдарламасын жүзеге асырды. Бұған қор қаражатынан 900 млн теңге бөлінді. Жобалардың барлығы әлеуметтік сипатқа ие. Облыстық балалар клиникалық ауруханасында ашылған оңалту орталығы сондай. Мұндай орталықты қор Қарағандыда ғана емес, Жетісу, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау облыстары және Шымкент қаласында да ашты. Аталған аймақтарда қажеттілік басым. Жалпы, мүгедектігі бар балалардың саны жылына шамамен 3000-4000-ға көбейіп келеді. Тек өткен жылы 13 мың баланың мүгедектігі алғаш рет анықталды. Олардың өмір сүру сапасы мен әлеуметтенуін жақсарту үшін ең алдымен, оңалтуға үнемі қолжетімділікті қамтамасыз ету қажет.
Аудандық оңалту орталықтары жобасы бойынша Балқаш қаласының көпбейінді ауруханасында да оңалту орталығы ашылды. Жоба бюджеті – 241,2 млн теңге. Оның мақсаты – шалғай елдімекендерде заманауи оңалту құралдарымен жабдықталған оңалту орталықтарының қолжетімді желісін кеңейту, мамандарды оңалтудың тиімді әдістеріне оқыту. Жоба аясында еліміздің 17 облысында 19 өңірлік оңалту орталығын ашу және жабдықтау жоспарланған.
Аутизм және басқа да менталды бұзылулары бар балаларға арналған орталықтарды жарақтандыру жобасы ел бойынша 8 орталықты қамтиды. Қайырымдылық көмекті 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі аутизм және басқа да психикалық ауытқулары бар, мүгедектігі бар балалар және олардың отбасылары алады. Бұл орталықтарда көмек кешенді жүргізіледі. Жоба аясында мамандарды оқыту да қарастырылған. Мамандарды оқыту жобаны жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады. Өйткені қазіргі уақытта аутистік спектр бұзылысы бар балаларға және олардың отбасыларына көмек көрсететін мамандар жеткілікті білім мен тәжірибеге ие емес. Сонымен қатар, бұл бұзылыстардың жыл санап көбейіп келе жатқаны да жасырын емес. Сондықтан, бұл бастама да қоғам үшін маңызды.
Мүгедектігі бар балалар мен жастарды инновациялық протездік-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз ету жобасы бойынша облыстан 13 науқас көмек алды. 86,6 млн теңгелік көмекті 14-29 жас аралығындағы науқастар алды. Протездік-ортопедиялық бұйымдарды дұрыс таңдау үздіксіз оңалту процесін қолдау, қозғалыс бұзылыстары бар адамдардың әлеуметтік бейімделуі мен белсенділігін қамтамасыз ету және тәуелсіз белсенділіктің шекарасын кеңейту, сондай-ақ, қайталама және үшінші деңгейлі асқынулардың дамуын болдырмау үшін қажет.
Қорда ресми мәлімдегендей, көрсетілетін көмектің басымдығы кімнің бірінші өтініш бергеніне байланысты емес. Өтініштің өзектілігі мен ауырлығы бірінші кезекте. Қор қазақстандықтардың барлық мәселелерін физикалық тұрғыдан бірден шеше алмайды. Сондықтан, қор ең өзекті әрі шұғыл мәселелерді қарастырып, содан кейін ғана басқа да мәселелерді шешуге көшеді.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»