2022 жылдан бері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры еліміздегі білім беру, медицина саласының заман талабына сай дамуына, әлеуметтік-экономикалық бағытының өркендеуіне сүбелі үлес қосып келеді. Осы уақыт аралығында Қарағанды облысында жалпы құны 23,9 миллиард теңге қаражатты құрайтын 33 жоба қор есебінен жүзеге асты. Бастамалар білім беру, денсаулық сақтау, спорт және әлеуметтік қолдау салаларын қамтиды. Қазір көмірлі өңір қоғамдық қор іске асырған жобалардың игілігін көріп отыр. Осыған орай, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының өкілдері Қарағанды облысына арнайы іссапарымен келіп, Қарағанды, Теміртау, Саран қалаларында жүзеге асқан игі жобаларды жұртшылыққа таныстыру мақсатында БАҚ өкілдері үшін екі күнге созылған баспасөз турын өткізді.

Инновациялық кабинет – шәкірт игілігіне
Білім беру саласы – бүтін бір мемлекетті қалыптастырудағы маңызды бағыттарының бірі. Бұл тұрғыда салаға ерекше басымдық берілген. Бүгінгі таңда қор қолдауымен осы бағытта 7,7 млрд теңгені құрайтын 9 жоба жүзеге асырылуда.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Білім, мәдениет және спорт саласындағы бағдарламалар мен жобаларды басқару орталығының аға жобалық менеджері Зауре Байменованың айтуынша, Теміртау қаласының өзінде жалпы құны 4,7 млрд теңгені құрайтын 15 қайырымдылық жоба жүзеге асқан.
Аталған маңызды жобалардың бірі – «Білім-инновация» лицейлерінің тәжірибесін Қарағанды, Саран, Шахтинск, Теміртау қалаларындағы, сондай-ақ Абай және Қарқаралы аудандарындағы мектептерге енгізу. Осылайша бұл бағдарлама 86 мектепті қамтып отыр. Халықаралық қоғамдық «Білім-инновация» қоры серіктес ұйым ретінде таңдалған.
Жоба аясында Теміртаудағы №1 гимназияның физика, химия және биология кабинеттері заманауи зертханалық және дидактикалық құрал-жабдықтармен қамтылды. Мұғалімдер біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, жаңа құрылғылармен жұмыс істеу үшін тәлімгерлік қолдау көрсетілген.
– Білім беру саласындағы барлық бастаманы біз озық инновациялық ұйымдармен бірлесе жүзеге асырамыз. Қоғамдық қор есебінен кабинеттерді жабдықтап қана қоймай, мұғалімдердің біліктілігін арттыруға да көңіл бөлінді. Бұл жобадағы серіктестердің бірі – Қарағанды облысының әкімдігі. Әкімдік жабдықтарды жеткізу басталғанға дейін кабинеттерді жөндеуді қамтамасыз етті. Ал «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мектептерге жалпы құны 2,9 млрд теңге болатын физика, химия және биология кабинеттеріне жаңа жабдық сатып алып берді. Біз үшін мұндай жобалардың тұрақты болуы өте маңызды, – деді қор өкілі Зауре Ануарбекқызы.
Теміртау қаласындағы №1 гимназияның директоры Татьяна Хотенова металлургтер қаласына техник мамандары, әсіресе, инженерлер мен зерттеушілер аса қажет екенін атап өтті.
– Бұл тұрғыда педагогтердің негізгі міндеті – оқыту процесін зерттеушілік бағытта тиімді ұйымдастыру, сол арқылы оқушылардың болашақ мамандығын таңдауға бағыт-бағдар беру. Біздің балалар мектепті тәмамдаған кезде өңір игілігі үшін болашақта таңдайтын техникалық бағыттар мен техникалық мамандықтарын айқындай алуы қажет. Қоғамдық қордың мектепке жасап жатқан көмегі – еліміздің өнеркәсіптік және экономикалық болашағына жасалған сәтті инвестиция деп есептеймін. Жаңа жабдықтармен, құрылғылармен оқушылар цифрлық технологияларды меңгеруде. Соның арқасында сабақтар қызықты әрі нәтижелі бола түсті, – деді мектеп директоры Татьяна Александровна.
Мектептегі физика кабинетінде оқушылар сабақ үстінде заманауи жабдықтармен зертханалық жұмыс жасауда. Пән мұғалімі Алексей Прутьконың айтуынша, «Қазақстан халқына» қоры алып берген құрылғылармен жұмыс істеу – оқушыларға тапсырма орындауды әлдеқайда жеңілдетіп, жеделдеткен көрінеді.
– Бүгін біз бұл шамды тәжірибелік жолмен зерттеп жатырмыз. Осы функцияларды жинақтап, ток күші графигін құрастыруымыз керек. «Қазақстан халқына» қорының арқасында бізде енді датчик бар, сондықтан мұны бірнеше тәсілмен орындауға болады. Физика кабинеті едәуір жаңарды. Бізде цифрлық тақта пайда болды. Осы бағдарлама арқылы орнатылған барлық датчиктердің деректерін оқи аламыз. Бұл зертханалық жұмыстарды орындауды айтарлықтай жеңілдетті. Амперметр мен вольтметрдің көрсеткіштерін әп-сәтте жазып ала аламыз. Бұрын орындау мүмкін болмаған зертханалық жұмыстарды қазір оңай жасауға болады. Мұндай құрылғылармен жұмыс істеу оқушылар үшін өте қызық, – деді физика пәнінің мұғалімі Алексей Сергеевич.
№1 гимназияның физика, химия, биология кабинеттеріне ыңғайлы әрі оқушылар үшін арнайы ойластырылған заманауи мектеп жиһазы, сенсорлы интерактивті тақталар және әлемдік деңгейдегі PASCO цифрлық датчиктері әкелінген. Мұндай жабдықтар көмегімен білім беру сапасы жақсарады. Ал оқушылардың ғылымға деген қызығушылығын ашады. Осы өзгерістердің арқасында оқушылар мен мұғалімдер айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізуде. Ал мектептегі өтіп жатқан күнделікті сабақтар бұрынғыдан да қызық бола түсіпті.
– Біздің оқушылар жоғары білім жолына түскенде бәсекеге қабілетті болады. Өйткені сабақ барысында қажетті білімді заманауи жаңа технологиялар көмегімен меңгеруде. Біз сондықтан болашақ мықты мамандарды осы мектеп қабырғасынан-ақ дайындап жатырмыз. Жаратылыстану-математика бағытындағы пән мұғалімдерінің сабақ жоспары қазіргі уақытта толығымен жүзеге асып жатыр. Бұл жабдықтардың құндылығы жоғары және ол балаларға көптеген артықшылықтар береді, – деді химия пәнінің мұғалімі Ирина Юрьевна.
11-сынып оқушысы Астамбек Мағауия химия пәнінің мұғалімі мамандығын таңдап отыр.
– Заманауи құрылғылармен жұмыс істеу барысында біз түрлі зерттеулер жүргіземіз. Өзіміз жасап жатқан химиялық реакциялардың әрекеттесу нәтижесін арнайы құрылғы көмегімен бірден интерактивті тақтадан көре аламыз. Сабақ қызықты өтеді. Осы ғылыммен болашағымды байланыстырғым келеді, – деді оқушы.
Ерекше балаларға – ерекше қамқорлық
Білім беру жобаларының тағы бір маңызды бағыты – ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау. Бұл жобаға Қарағанды облысындағы он арнайы мектеп қамтылыпты. Мысалы, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының есебінен Теміртау қаласындағы №5 мектеп-интернатында футбол, волейбол, баскетбол алаңдары, воркаут аймағы және жаттығу құралдары бар заманауи спорт инфрақұрылымы салынды.
– Ерекше балаларға ерекше қамқорлық танытып, көмек бергені үшін қоғамдық қорға алғысымыз шексіз. Біздің мектепте Теміртаудың ғана емес, Қарағанды қаласы мен Бұқар жырау ауданынан да балалар келіп оқиды. Жаңа спорт алаңдары олардың оқу процесіне үлкен серпін берді, – деді мектеп-интернат директоры Динара Смаилова.
Мұнда 140 бала білім алуда. Олардың ішінде сөйлеу қабілетінің ауыр бұзылыстары мен жеңіл деңгейдегі ақыл-ой кемістігі бар балалар оқиды.
«Қазақстан халқына» қорының қолдауымен психолог кабинеті, сенсорлық және логопед бөлмелері ашылып, заманауи түзету жабдықтары орнатылған. Сондай-ақ, бастауыш сыныптарға арналған жаратылыстану пәндері бойынша шағын зертханалар сатып алынды. Бұның бәрі оқу сапасын арттырып, балалардың ынтасын ашыпты.
Дефектолог-мұғалім Оксана Малахованың айтуынша, таза ауада спортпен шұғылдану ерекше балалардың қимыл-қозғалысынан бөлек, зейіні мен көңіл күйіне оң әсер етеді. Воркаут, яғни таза ауада жаттығу – балалардың коррекциялық сабақтар орындауына мүмкіндік туды. Қимыл-қозғалыс тәрбиеленушілердің өмір сапасын жақсартуға, даму қабілетін ашуға, өз мүмкіндіктерін тануға ықпал етуде.
Логопед кабинетіне балалар үшін ойынға құрылған интерактивті үстел сатып алынған. Мұнда арнайы бағдарламалар арқылы оқушылардың сөйлеу тілін дамытып, ойын арқылы оқытады. Логопед Виктория Рябова балалардың сабақ үстінде тапсырмаларды сондай қызығушылықпен орындайтынын айтты.
Теміртаудағы «Технопарк» жаңарды
Қоғамдық қор балалардың қосымша білім беру ұйымдарында техникалық және шығармашылық әлеуетін дамытуға ерекше мән беруде. Айталық, қор Теміртаудағы «Балалар технопаркі» техникалық-шығармашылық мектебін жаңғыртып, бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан 10 үйірмені қайта жаңартты. Олардың қатарында Кеме үлгілеу спорты клубы, Автомодельдеу клубы және «Жасыл мектеп» бар.
Сондай-ақ, төрт бірдей жаңа бағыт ашылды: телестудия, кеме үлгілеу спорты зертханасы, жасанды интеллект және робототехника негіздері, ақпараттық және VR-технология зертханалары.
Мұндағы 240-тан астам бала 3D-модельдеу мен бағдарламалаудан бастап, робототехника және кеме үлгілеу спортымен айналысуға мүмкіндік алды.
– Бұрын мұғалімдер 80-ші жылдардағы ескі жабдықтармен жұмыс істесе де, дәл осы жерде халықаралық байқаулардың жеңімпаздары шықты. Біз осы бастамаларды қолдауды жөн көрдік. Сондықтан, Теміртаудағы балалар технопаркін жаңғырту жобасы ел бойынша пилоттық жобаға айналды. Бұл қазірдің өзінде оң шешім болғанын көріп отырмыз және алдағы уақытта тәжірибені басқа ұйымдарға да енгізуді жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті қор өкілі Зауре Байменова.
Кеме үлгілеу үйірмесі – технопарктің мақтанышы саналады. Өйткені ол өңірге белгілі көптеген чемпиондарды тәрбиелеп шығарды. Оқушылары республикалық қана емес, халықаралық жарыстарда да жеңімпаз атанған.
Техникалық-шығармашылық мектебінде балаларға кеме үлгілеуді үйрететін қосымша білім беру педагогі Сергей Оконечников те осы мектептің түлегі әрі бұл спорт түрінен әлем чемпионы.
– Жабдықтар жылдар бойы жаңартылмаған еді. Керек жабдықтарды өзім сатып алатынмын. Енді балалар заманауи құралдармен жұмыс істеп, сапалысын пайдаланатын болды. Ерекше мақтанышымыз – кеме сынауға арналған жабық бассейн. Мұнда ең жас спортшыларға да ыңғайлы әрі кемелерді сынақтан өткізуді тек жылы мезгілде ғана емес, жыл бойы жасауға мүмкіндік береді, – деді педагог Сергей Оконечников.
Саранның сапалы мектебі
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры ауылдық жерлердегі тірек мектептерді дамыту бағдарламасы аясында Саран қаласындағы Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің материалдық-техникалық базасы да толығымен жаңартты. 2023 жылы 250 миллион теңгеге аталған мектеп жабдықпен толықтай қамтылды.
– Жалпы, бізде 22 оқу кабинеті бар. Олардың барлығы заманауи жабдықтармен, жиһазбен және дидактикалық материалдармен толық қамтамасыз етілді. STEM-зертхана, робототехника кабинеті, телестудия мен арт-студия ашылды. Сондай-ақ акт залы мен спорт залы, еңбекке баулу, психолог және логопед кабинеттері қайта жабдықталды. Жаңа жабдық келгеннен кейін білім сапасы да артты. Оқушылар байқауларда топ жара бастады, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қызыға бастады, – дейді мектеп директоры Гүлден Серікова.
Бұл қатарда акт залы мен спорт залы, ұлдар мен қыздарға арналған технология кабинеттері, психологиялық және логопедиялық қолдау кабинеттері де бар.
– Қыздар технология кабинетіне жаңа 16 тігін машинасы келді. Оқушылар осы заманауи құрал-жабдықтармен өте жақсы жұмыс істеп жатыр, қызығушылықтары жоғары. Оқушылардың алды дизайнер мамандығына оқуға түсті. Қазақтың ұлттық құндылығын дәріптейтін бұйымдарды тігеміз. Оқушылар байқауларда өздері тіккен ұлттық киімдерді киеді. Сонымен қоса, кесте тігуді үйретеміз. Осындай мүмкіндік сыйлаған қоғамдық қорға ризашылығымыз жоғары. Балалардың шығармашылықпен айналысуына кең өріс ашты, – деді Көркем еңбек пәнінің мұғалімі Жайнагүл Мухархан.
Абай атындағы жалпы білім беретін мектебі «тірек мектебі» болып саналады, яғни оған үш магнитті мектеп бекітілген. Мұндай өзара әрекеттесу балаларға қазіргі заман талабына сай білім алуға мүмкіндік береді. Ал жоба өз кезегінде кешенді екенін және мектеп кабинеттерін заманауи жабдықтауға бағытталғанын Зауре Байменова атап өтті.
– Білім беру саласындағы қазіргі маңызды мәселелерге алдын ала талдау жасадық. Нәтижесінде ауылдық жерлердегі білім беру саласына басымдық берілді. Төрт жыл ішінде Қазақстанның барлық аудан орталықтарын, моно- және шағын қалалардағы білім ошақтарын қамтыдық, – деп нақтылады Зауре Ануарбекқызы.
Мектеп директоры Гүлден Серікова бұрын жабдықтардың жетіспеушілігі, әсіресе зертханалық және тәжірибелік жұмыстар үшін құрал-жабдықтардың тапшылығы байқалғанын атап өтті. 2023 жылдан бастап жаңа аппараттар алынғаннан кейін, білім сапасы 10-12%-ға артты, ал оқушылар қалалық, облыстық және республикалық байқауларда топ жарып, жеңімпаз атана бастады.
– Бастауыш сыныптарда жағдай жақсарып, оқушылар үшін ыңғайлы оқу орындары, қосымша білім беру секциялары құрылды. Мұнда балалар сабақтан тыс уақытта шахмат үйірмесі, телестудия, шығармашылық кеңістігінде түрлі іс-шараларға қатыса алады. Сонымен қатар, біз Назарбаев Зияткерлік мектебі химия-биологиялық бағытымен тығыз ынтымақтастық орнаттық. Педагогтер осында келіп, НЗМ тәжірибесімен бөліседі, – деді Гүлден Серікова.
Саран қаласындағы Абай атындағы мектепте заманауи кабинеттермен қатар, бастауыш сыныптар, музыка, еңбек, физика, информатика, география, тарих, биология және басқа пән кабинеттері бар. Мектеп фойесінде электронды ақпараттық тақта орнатылған. Мұнда оқушылар мен ата-аналар сабақ кестесі, мектеп жаңалықтары, мұғалімдер туралы мәліметтер, асхана мәзірі және басқа да қызықты ақпараттармен таныса алады.
Спорт залы мектеп жанындағы бөлек ғимаратта орналасқан. Оның екінші қабатында оқушылар шығармашылықпен айналысатын үйірме, студиялар ашылған. Болашақта мектеп пен осы ғимарат арасында жылы өтпелі дәліз орнатылмақ.
Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»