Қордан – қомақты қолдау
Қазір елімізде «Мектепке жол» акциясы жүріп жатыр. Бұл науқаннан жылдағы үрдіс бойынша «Сары Казна» ЖШС мен «Медная компания Коунрад» ЖШС құрған «Коунрад» корпоративтік қоры қалыс қалған жоқ. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, сондай-ақ, аз қамтылған және көпбалалы отбасы балаларына көмек көрсетті. «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында жаңа оқу жылына қажетті мектеп құралдарының барлығымен, соның ішінде кеңсе тауарларымен, мектеп және спорттық формалармен, аяқ киіммен қамтамасыз етті.
Осылайша материалдық қолдау көрсетіп, әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке келмеуінің алдын алды.
Қор басшылығы мектеп әкімшілігінің жазбаша өтініштерін қабылдап, оны мақұлдағаннан кейін балаларға және олардың заңды өкілдеріне өздеріне қажеттінің барлығын таңдауға мүмкіндік берді. Барлық оқушылар мектеп және спорт формасын, аяқ киімді өздері таңдап, киіп сынап көруі үшін бұл процесс әдейі ойластырылды, ал Білім күні олар мектепке толық дайындықпен, жақсы көңіл-күймен және жақсы оқуға деген ынтасымен барды.
Биылғы жылы Қор шапағаты көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларына арналған мектеп-интернаты және №10 арнайы мектеп-интернаты, №1, №3, №25 жалпы білім беретін мектептерінен 50 баланы қамтыды. Барлық қажетті құрал-жабдықтарға жұмсалған қаражат 2,6 миллион теңгеден астам. Бұдан бөлек, «Коунрад» қорының басшылығы Балқаш қаласындағы халықтың осал топтарын қолдауға үлкен мән береді, олардың өмір сүру сапасын жақсартуға ұмтылады. Әлеуметтік әділеттілік пен эмпатияға берілгендік қоғам алдында тұрған негізгі мәселелер мен міндеттерді тиімді шешуге мүмкіндік береді және шынайы әсер етуге, адамдардың өмірін жақсы жаққа өзгертуге ынталандырады.
Айта кетейік, осы науқан басталғаннан, яғни 2020 жылдан бастап 2024 жылға дейін Қор 190 балаға қолдау көрсетті, қайырымдылық акциясына бөлінген сома 6,5 миллион теңгеден асады.
– Қордың көмегін алған, ата-аналар мен балалар риза болып отыр. Көпбалалы отбасы болғандықтан, балалардың барлығын бірдей қажетті киім-кешек және мектеп құралдарымен қамтамасыз ету оңай емес. Осыны уақытылы әрі дұрыс түсінген аталған қор өкілдері көмек көрсетіп, үлкен сауапты іс жасап отыр. Бүгінгі жас ұрпақ – ертеңгі елдің иелері. Сондықтан да, мұндай бастамаларды біз қуана қолдаймыз.
Қор биыл 7 баланы мектеп құралдарымен қамтыса, былтыр да бірнеше бала көмек алған, – дейді №25 мектептің әлеуметтік педагогі Бақыт Төлеуханқызы.
Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz