Әдебиет

Оразбайдың айтқаны

Мағауияның (Абайұлы) қонақасы Шеткі Ақшоқы мен Үлкен Ақшоқы арасындағы Есіргеп бұлағында өткізілген. Абайға көңілін білдіріп, ақынның қайғысын бөлісуші туған жұрты ішінде айрықша көрінген, соңына мол алыпқашты лақап қалдырған Оразбайдың келу жөні болды.

Оразбай осы күзекте Мағашқа бата жасаған екен. Оразбай қайтарында:

– Абай, сен өледі екенсің. Кел, кешу айтысайық, – депті. Естігендер шошып кетіпті. Абай:

– Дұрыс айтасың, бай. Мен өлемін. Кешу айтыспағымыз жөн, – деп орнынан тұрып:

– Кештік, қиянат-қайымда жолығысайық, – десіп, құшақтасып қоштасыпты. Бата оқырға келген Есболаттар ұзап шыққан соң, Қыстаубай:

 – Ойпырмай, бай-ай, тірі өлтірдің ғой. Осындай қастық болар ма?! Өзі қан жұтып отырған Абайға “сен өледі екенсің” дегенің қай қисынға сыяды? Мұның қаскөй тілек қой. Абайымыз – халқымыз, қазағымыз емес пе еді? Тірі қайтпадық… – депті. Сонда Оразбай:

– Тоқтат, Қыстаубай! Сендер сезбес болды деп мен қапы ұра алмаймын. О несі! Неге көрмейсің, неге сезбейсің, түге. Абайдың денесіне ажал еніп кетіпті. Бір сөзін бір жерде екі айтатын Абайды қашан көріп ең, а?!.

“Ел қайғысы – ер қайғысы еді. Ер қайғысы – ел қайғысы неге болмасын?! Еліме рахмет!” деген сөзді екі рет қайталады емес пе?!

Абай селк етіп шошып маңайына қарай береді. Көзі қыдырыстайды. Бəріміз шулап, үстінен арыз жазып, өсектеп, жалалап, жабылып жүргенде шіркей құрлы көрген Абай бар ма еді бізді, а?! Ет жүрегі селт етіп пе еді оның?! Енді бүгін балаша шошынып селк етіп кетіп отыр… Қайран арыс Абай жоқ бізге. Жоқ… Жоқ…

Бұл Абай мен Оразбайдың соңғы кездесуі болған…

 Бекен ИСАБАЕВТЫҢ

 “Ұлылар мекені” кітабынан.

Басқа материалдар

Back to top button