Жаңалықтар

«Ораза тұту – тәннің диетасы емес, жанның емі»

Күллі мұсылман қауым асыға күтетін Рамазан айы да келіп жетті. Айлардың сұлтаны – тек ас-судан тыйылу ғана емес, бұл – адамның ішкі «менін» түгендеп, нәпсінің тізгінін тартып, жүректі кірбіңнен арылтатын мерейлі мезгіл. Жаратқанның мейірімі төгіліп, жақсылыққа ұмтылыс күшейетін бұл айда әрбір жан өз-өзіне үңіліп, өткеніне есеп беріп, болашағына бағдар жасайды. Қасиетті Рамазан – сабыр мен шүкірдің, мейірім мен кешірімнің айы. Оразаның мәні мен маңызы қандай? Арқа жұртының рухани ахуалы қалай? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде ҚМДБ Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы Естай Айтуғанұлымен әңгіме өрбіттік.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

– Естай Айтуғанұлы, «Рухани тазару» дегенді біз көбіне символикалық ұғым ретінде қабылдаймыз. Ақпараттық тас­қын мен материалдық құн­ды­лықтар алдыңғы орынға шыққан бүгінгі қым-қуыт қоғамда Рамазан айы адамның ішкі рухын қалай жаңартады?

– Әуелі аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға салауаттар болсын.
Уақыт керуені тағы бір белесті артқа тастап, он екі айдың сұлтаны, күллі мұсылманның асыға күткен рухани мейманы – мүбәрак Рамазан айы табалдырығымыздан аттады. Бұл ай – аспан есіктері айқара ашылып, Жаратушының рақымы жер бетіне нұр болып төгілетін, пенде мен Раббының арасындағы махаббат бекитін ерекше маусым.
Рамазан – тек ашығу және шөлдеумен ғана сыналатын ай емес. Бұл – рухани кемелденумен қоса, тәрбие айы. Бұл – нәпсінің тізгінін тартып, жүректің кірін жуатын, руханиятты иман нәрімен сусындатып, адамдық болмысты жаңғыртатын ұлы мектеп. Бір ай бойы атқарылатын ғибадаттар – сабырлықтың нышаны, шүкіршіліктің негізі, әрі бізді «Әл-Әмин» болған Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көркем мінезіне жақындататын баспалдақ.
Қасиетті Рамазан айы – мұсылман үшін тек ораза ұстап, намаз оқу кезеңі емес, жүрек пен сана тазалығы, жанның кемелденуі, қоғамдағы бірліктің нығаюы айы болып саналады. Бүгінгі заманда ақпарат тасқыны мен материалдық құндылықтар адамның назарын бөлеп, ішкі әлемді тыңдау­ға мүмкіндік бермейді. Рамазан – осы қарбаластағы тыныштық пен үзіліс. Ауыз бекіту, намаз оқу, Құран оқу арқылы адам өз бойындағы теріс эмоцияларды ретке келтіріп, жүрегін тазалайды.

– Қазіргі қоғамда «тән саулығы» трендте. Десе де, Рамазан – тән емес, жанның емі дейміз. Аштық пен шөл арқылы адам өз еркіндігін қалай сезіне алады?

– Қасиетті Рамазан айы адамның руханиятын көптеген жақсы қасиеттермен өрнектейді. Солардың кейбіреулеріне тоқтап өтетін болсақ:
Біріншіден, Рамазан тақуалыққа жетелейді. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Уа, иман келтіргендер! Тақуалық етерсіңдер деп сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей, сендерге де ораза ұстау парыз етілді», – деп айтқан («Бақара» сүресі, 183-аят).
Олай болса, қасиетті Рамазан айында ораза ұстау арқылы пенденің тақуалығы арта түседі. Ораза ұстау кезіндегі ниеттің, атқарылатын ізгі амалдардың, көркем мінездің барлығының да мақсаты тақуалыққа қол жеткізу. Екіншіден, Рамазан күнәдан тазартады.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде: «Кімде-кім Рамазанда иманмен және сауабынан үміт етіп, ораза ұстаса, оның өткен күнәлары кешіріледі», – деп айтқан (имам Бұхари).
Қазақтың кемеңгері Шәкәрім Құдайбердіұлы қажы бабамыз «Мұсылмандық шарты» атты еңбегінде: «Уа, достар, оразаға қалайша салақпыз? Оны да парыз емес демейміз. Қарнымыз ашады десек дүние ісі үшін неше күндер аштыққа, қиыншылыққа шыдайтұғынымыз қайда? Және ораза тұтқанда аузымызға не келсе, соны сөйлеп, күнә сөзден, істерден тыйылмай жүріп ұстайтұғынымыз қалай? Құдай тағаланың он бір айы біздің күнә істеуімізге жетпеді ме? Осы бір ғана айды күнә жасамай, шамамыз келгенше құрметтеп өткізуге шыдай алмағанымыз қалай?» – дейді. Демек, адам баласы бұл айда ораза ұстау­мен қатар, күнә атаулыдан тыйылып, өткен күнәлары үшін тәубе етіп, Жаратушыдан кешірім тілеуі қажет. Сонда ол адамның күнәсі кешірілумен қатар, үлкен сауапқа ие болады.
Ораза өзінің құлшылығы мен орындалуы және сауап тұрғысынан басқа ғибадаттардан ерекше саналады. Себебі, Алла Тағала оразаның тек өзі үшін орындалатын риясыз амал екенін, әрі оның «сауабын өзі беретінін» айтқан.
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала былай дейді: «Адам баласы оразадан басқа кез келген ісін өзі үшін орындайды, ал ораза – Мен үшін және оның сауабын өзім беремін», – дейді (имам Бұхари).
Рамазан – жанның саулығы айы. Ауыз бекіту арқылы адам нәпсісін бақылап, өз қалауларын саналы түрде реттейді. Бұл еркіндікті шектеу емес, керісінше, ішкі еркіндікке жетудің тәсілі. Аштық пен шөл арқылы адам өз еркіндігі мен тәуелсіздігін сезініп, рухани күш жинайды.

– Рамазан – қайырымдылық айы дейміз. Бірақ кейде біз мұны тек материалдық көмек (ас беру, ақшалай садақа) ретінде ғана түсінетін сияқтымыз. Қайырымдылықтың негізгі өлшемі қандай болуы керек?

– Рамазан – қайырымдылық айы. Кімде-кім Рамазан айында кедей-кепшік, жетім-жесірлерге қол ұшын созып, көмек көрсетсе, Алла оның сауабын еселеп беретіні сөзсіз. Алла Тағала Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінің 127-аятында айтқандай: «Қайырдан не істесеңдер де, сөзсіз Алла оны күдіксіз біледі», – дегендей бұл қасиетті айда жағдайы төмен мұқтаж жандарға қол ұшын беру – үлкен сауап. Қасиетті Рамазан айында садақа беріп, қайырымдылық жасау ең сауапты да, қайырлы істердің бірі болып саналады. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінде: «Рамазанның берекесі – мейірімділік көрсету мен ізгі амалдар жасаумен арта түспек. Жетім мен жесірге, жоқ-жітікке қарайласу мұсылманның мерейін үстем қылады. Жетім мен жесірдің ас-суы мен киім-кешегі үшін көмек қолын созған кісі Алла жолында жиһад жасағанмен, әр түнін намаз оқып, күндізін ораза ұстаумен өткізген адам сияқты», – деп айтылғандай, қасиетті айда қайырымдылық жасауымыз керек. Адамның жанын түсіну, қолдау көрсету, дұрыс бағыт көрсету де қайырымдылыққа жатады. Сонымен қатар, игілікті қайырымдылыққа – қоғамға пайдалы идеялар мен білімді тарату, ал, моральдық қайырымдылық – әділдік, құрмет және жанашырлық арқылы көрінеді.

– Облыс көлемінде атқарылатын іс-шаралардың ауқымы қандай? Мешіт бүгінде тек құлшылық орны емес, қоғамдық мәселелер шешілетін орталыққа айнала алды ма?

– Әрине, Қарағанды облысында Рамазан айында көптеген игі іс-шаралар лек-легімен жүзеге асады. Атап айтқанда: «Рамазан қоржыны», «Ауызашар себеттері», «Қош келдің, Рамазан», «Тегін такси» қайырымдылық акциялары, сондай-ақ, «Ел үлесі – пәтерге», «Тайқазан», «Жылу сыйла», «Көршіңе қарайлас» секілді жетелі жобалар халықтың бірлігін арттыруға бағытталған. Бұл шаралардың негізгі мақсаты – қоғамда мейірімділік пен өзара көмек мәдениетін қалыптастыру. Әсіресе, әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға қолдау көрсету арқылы қоғамдағы жанашырлық пен жауапкершілік сезімін нығайтуды көздейміз. Рамазан айындағы мұндай баянды бастамалар адамдарды жақындастырып, ағайын арасындағы татулықты бекемдейді. Қайырымдылық арқылы әрбір азамат ортақ іске үлес қосып, елдіктің күшеюіне себепші бола алады.

– Сөз соңында Рамазан айында Арқа жұртына айтар тілегіңіз…

– Алла Тағала қасиетті Рамазан айында ұстаған оразамызды, жасайтын құлшылықтарымыз бен қайырымды істерімізді қабыл еткей! Елімізге тыныштық, отбасымызға береке беріп, айдан аман, жылдан есен өтуді баршамызға нәсіп етсін! Әмин!

Сұхбаттасқан Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button