Бас тақырыпЖаңалықтар

Ораза ұстаудың пайдасы

Бүгін оразаның алғашқы күні. Осы орайда ortalyq.kz мүфтияттың оразаға қатысты мәліметі негізінде оразаның пайдасы туралы ақпарат жариялайды.

Ораза – Исламдағы бес парыздың бірі, рухани тазаруға арналған теңдессіз құлшылық. Оның мәні – адамның өзін-өзі тәрбиелеуі, сабыр мен төзімділікке үйренуі, нәпсіні тізгіндеуі және Аллаға жақындай түсуі.

Ораза ұстаған адам күн шыққаннан күн батқанға дейін ішіп-жеуден, жаман сөз бен әрекеттерден, теріс қылықтардан бас тартады. Бұл адамның бойындағы сабырлық, мейірімділік, төзімділік секілді қасиеттерді дамытып, жүректі тазартады. Сонымен қатар, ораза – мұсылманды аштықтың не екенін түсініп, жағдайы төмен адамдарға жәрдемдесуге ынталандырады.

Рухани тұрғыдан алғанда, ораза – адамның Аллаға шүкіршілік етіп, Оның бұйрықтарын орындау арқылы өз сенімін күшейтетін ғибадат. Сондай-ақ, ораза бұл дүние сынақ екенін еске салады, адамдарды тақуалыққа, Құдайдан қорқып, жақсылыққа ұмтылуға тәрбиелейді.

Оразаға қатысты Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистері көп. Құранда мынадай аяттар бар: «Уа, мүміндер! Сендерге дейінгілерге парыз етілгендей, сендерге де ораза парыз етілді. Мүмкін, тақуа боларсыңдар» («Бақара сүресі», 183-аят). Бұл аятта оразаның бұрынғы үмметтерге де парыз болғаны айтылып, оның тақуалыққа жетелейтіні ескертіледі.

Рамазан айының ерекшелігіне қатысты мынадай аят бар: «Рамазан айы – адамдар үшін тура жолдың айқын дәлелдері болған Құран түсірілген ай. Кімде-кім бұл айда болса, ораза ұстасын…» («Бақара» сүресі, 185-аят). Бұл аятта Рамазан айының қасиеттілігі мен ораза ұстау міндеті айтылған.

Алла Тағала пенделеріне ауырлық қаламайды, жеңілдік қалайды. Ораза ұстаушыларға жеңілдік берілген. Бұған қатысты мынадай аят бар: «…Кімде-кім науқас немесе сапарда болса, басқа күндерде қазасын өтесін. Алла сендерге жеңілдік қалайды, ауырлық қаламайды…» («Бақара» сүресі, 185-аят). Бұл аяттан ауыр науқастар мен жолаушыларға оразаны кейін өтеуге рұқсат берілгененін көреміз.

Оразаның күнәлардың кешірілуіне себепші болатыны жайлы Пайғамбарымыз «оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Рамазан айында шынайы иманмен және сауап үміт етіп ораза ұстаса, оның өткен күнәлары кешіріледі», – деген. Ораза ұстаған адамға берілетін сыйы мынадай: «Адам баласының әрбір амалына еселеніп сауап беріледі… Алла Тағала: «Ораза – Мен үшін, оның сауабын Өзім беремін. Өйткені, пенде Мен үшін нәпсісін және ас-сусыннан бас тартты», – дейді» (Бухари, Муслимнен жеткен хадис).

Оразаның пайдасы көп. Оразаның рухани пайдасы мынадай: ең әуелі тақуалықты күшейтеді. Ораза адамды Аллаға жақындатып, құлшылығын арттыруға көмектеседі. Нәпсіні тәрбиелейді. Адамның сабырлы, ұстамды болуына ықпал етеді. Күнәлардың кешірілуіне себепші болады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқандай, шынайы ықыласпен ораза ұстаған адамның өткен күнәлары кешіріледі. Ораза жан тыныштығын береді. Рухани тазару арқылы адам ішкі жан дүниесін тыныштандырады.

Оразаның физикалық пайдалары мынадай: ас қорыту жүйесін демалдырады. Ораза кезінде асқазан мен ішкі ағзалар демалып, қалыпқа келеді. Денені зиянды заттардан тазартады. Ағзадан токсиндер мен қалдықтар шығарылады. Иммунитетті нығайтады. Дене табиғи түрде өзін жаңартып, қорғаныс жүйесін күшейтеді.Артық салмақтан арылуға көмектеседі. Дұрыс тамақтану арқылы дене салмағын реттеуге болады.

Ал оразаның әлеуметтік пайдалары мынадай:аш адамдардың жағдайын түсінуге көмектеседі. Ораза ұстаған адам аштықтың не екенін сезініп, мұқтаждарға жәрдемдесуге ден қояды, ізгі істе ықыласты болады. Қоғамдық бірлікті нығайтады. Мұсылмандар бірге ауыз ашып, тарауих намазын оқып, бір-бірімен бауырмашылдығын арттыра түседі. Жаман әдеттерден арылуға көмектеседі. Темекі шегу, ғайбат айту, ашулану сияқты зиянды әдеттерден тыйылуға ықпал етеді. Бұл ретте баса айта кетер жайт: ораза – тек ішіп-жеуден тыйылу емес, ол жан мен тәннің тазаруына, өзін-өзі тәрбиелеуіне және Аллаға жақындауға жетелейтін теңдессіз құлшылық.

Рамазан – сауаптар еселеніп жазылатын ай. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза құлшылығының сауабы еселініп жазылатыны туралы былай деген: «Сендерге ұлық, берекелі ай келіп жетті. Бұл айда мың айдан артық Қадір түні бар. Алла осы айда ораза тұтуды парыз етті. Ал түндерінде намаз оқуды ерікті етті. Осы айда Аллаға бір ізгі қасиетпен жақындаған жан басқа уақытта парыз орындағандай. Осы айда парыз амалын орындаған адам басқа уақытта жетпіс парыз орындаған болады. Бұл – сабырлық айы. Ал сабырдың сыйы – жәннат. Бұл – өзара жанашырлық айы. Бұл айда мүміннің ырзық-несібесі еселенеді…» деген.

Рамазан – дұға қабыл болатын ай. Алла Тағала Құранда: «Құлдарым мен жайлы сұрай қалса, қасындамын. Тілек тілеушінің дұғасына жауап беремін. Олар да менің әміріме құлдық қылсын, иман келтірсін, сонда ғана олар тура жолмен жүретін болады» («Бақара» сүресі, 186-аят) деп баяндайды.

Рамазан – жақсылықта жарысатын ай. Жақсылықта жарысу – мұсылманға тән сипаттың бірі. Алла Тағала қасиетті Құранда «Бақара» сүресінің 148-аятында:«Әркімнің бет алатын құбыласы бар. Жақсылықта жарысыңдар» деп баяндаса, «Әли Имран» сүресінің 133-аятында:«Раббыларыңның жарылқауына және тақуалар үшін әзірленген, кеңдігі жер мен көктей болған жәннатқа асығыңдар» деген.

Материалды әзірлеген: Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button