Орамішілік желілер жаңғыртылады
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Теміртау қаласындағы жылыту маусымын ойдағыдай өткізу мақсатында арнайы кеңес өткізді. Жиналыс қорытындысы бойынша, орамішілік желілерді жаңғыртудың үш жылдық жоспарын әзірлеу тапсырылды.
Биылғы жылыту маусымы Теміртау қаласында 30 қыркүйекте басталған. Жылу магистральдарындағы жөндеу жұмысы оң нәтиже берді. Алайда, ішкі желілердегі құбырлардың жарылу жағдайлары әлі де кездеседі. Осындай келеңсіздіктерді жедел жою үшін қосымша бригадалар құрылды.
Аймақ басшысы жылыту маусымына дайындықтың және оның берілу жұмысының тұрақты бақылауда екенін атап өтті.
– Жылумен қамтудың тұрақты өтуіне станциялар мен коммуналдық ұйымдардың басшылары билік өкілдерімен тең дәрежеде жауапты болады, – деді облыс әкімі.
Дәл қазіргі жағдай туралы Теміртау қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков, «Оқжетпес-Т» ЖШС директоры Сергей Работягов, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ ЖЭО-2 директоры Сергей Кривов кеңінен айтып берді.
Ораз Тәуірбеков жылу магистральдарын жөндеу келесі жылы жалғасатынын хабарлады. Дерекке сүйенсек, биыл басталған төрт жобаны аяқтау қажет. Бұдан басқа, жоспарда бес жаңа жоба бар, олардың екеуі бойынша жобалау-сметалық құжаттама дайын және мемлекеттік сараптаманың қорытындысы күтілуде.
– Биыл апаттар жиі орын алған учаскелерге жөндеу жүргізілді. Осылайша, жылу желілерінің тозуы 75%-дан 66,9%-ға дейін төмендеді. Бірақ, құбырлардың жарылуы әлі де тіркелуде. Бұл жайттарға жедел ден қою үшін 10 бригада құрылып, оларды техникамен, қажетті мамандармен жасақтадық. Бұл жұмысты жағдай толық тұрақталғанға дейін жалғастырамыз, – деді Ораз Тәуірбеков.
Жылумен жабдықтаудың тұрақтылығы энергия көзінің жұмысына тікелей байланысты екенін айта кеткен жөн.
– Басты сұрақ: Сіздердің станцияның қыс мезгілінен қалыпты өтетініне кепілдік бересіз бе? – деп облыс әкімі ЖЭО-2 басшысына сұрақ қойды.
– Ойдағыдай болады, кепілдік береміз, – деп сендірді Сергей Кривов.
Аймақ басшысы кеңесті қорытындылай келе, барлық тәуекелді тағы бір рет талдап, мұқият қарауды сұрады. Энергия бақылау басшыларынан тек нұсқаулармен шектеліп қана қоймай, нақты шараларды ұсынуды талап етті.
– Біріншісі – қала әкімдігі энергетика және ТКШ басқармасымен бірлесіп жылу магистральдарын одан әрі жөндеу бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы уақытында дайындауы керек. Екіншісі – орамішілік желілерді жөндеудің үш жылдық жоспарын әзірлеу кезек күттірмейтін мәселе. Бұл – өте маңызды. Үшінші мәселе қаланың электр желілерімен байланысты, жақын арада желілердің қалыпты жұмыс істеуіне сенімді болуымыз үшін нақты ұсыныстар беруіңізді сұраймын, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.
Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz