Орамды ойлар ордасы
Жуырда Абай Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлы-техникалық колледжінде Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті, ағылшын тілі және лингводидактика кафедрасының аға оқытушысы Жаңбырбай ҚАҒАЗБАЕВПЕН кездесу өтті. Мұндағы мақсат – Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көрініс тапқан латын әліпбиіне көшу туралы іргелі жобаны жастар қауымына түсіндіру еді.
Уақытпен үндескен мұндай маңызды бастаманы халқымыз қызу қолдап, осы мәселеге орай байыпты пікір білдіріп жатқаны белгілі. Сондықтан, ордалы ойлар айтылатын мұндай кездесулер жастар аудиториясына ауадай қажет. Өз кезегінде Жаңбырбай Қағазбаев колледж ұстаздары және студенттерімен кездесу барысында латын әліпбиі туралы орамды ойларымен бөлісіп, көзі қарақты қатысушылардың көкейкесті сұрақтарына жауап берді.
Латын әліпбиіне ауысу – заман талабы. Дүние жүзі халықтарының 80 пайызы осы қаріп түрін таңдағанын ескерсек, латын әрпіне көшу – озық инновациялар мен жаңа технологияларға бір табан жақындаудың белгісі екені анық. Мұның тиімді жақтары өте көп. Мәселен, Жапон елі өзінің IT технологиясында және ғылым саласында латын қарпін екінші әліпби ретінде қолданады. Қытай елі де өздерінің иероглифтерімен қатар, осы латын әліпбиін пайдаланады екен. Латын графикасына көшудің тамырлы һәм тағдырлы тұсы да жоқ емес. Біз ол арқылы түркі тілдес бауырлас халықтарға бір қадам жақындаймыз. Түркі халықтарының мәдениеті, сөздік құрамы латын әліпбиінде жазылғандықтан, оларды зерттеу де оңайға түседі. Түптеп келгенде, латын әліпбиіне көшу – түркі тілдес бауырлармен толық ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді. Тағы бір тиімді тұсы – латын әліпбиі ағылшын тілін тез, әрі, қиындықсыз үйренуге жол ашпақ. Сонымен қатар, әлем жаңалықтарынан уақытында хабардар болып, өркениет көшінен қалмауымызға мүмкіндік бар. Шетелде тұратын қандастарымыздың бәрі латын қарпін қолданады. Жаңа әліпби солардың бәрінің басын біріктіруге жағдай жасайды. Яғни бұл – біріктіретін процесс.
Расында, әліпби ауыстырудың қажеттілігін тілдің өзі талап етіп отыр. Қазіргі жазудың (орфография) айтылымға (орфоэпияға) кері әсер етуі, кірме дыбыстардың төл сөздеріміздің фонетика-грамматикалық талаптарын бұза бастауы секілді түрлі жағдайлар әліпби өзгерту мәселесін алға тартты. Сондықтан, латын әліпбиіне көшу біз үшін, болашақ үшін әлдеқайда маңыздырақ.
Жаңбырбай Ахметұлы осы игі бастамаға маман ретінде атсалыса жүріп, бүгінге дейін жасалып, бекітілген әліпбиді таныстырып, кейбір мәселелерді түсіндіріп өтті. Студенттер сұрақтарына жауап беріп, оларды өнегелі, өрісті ойларға бастайтын тағылымды кеңестер берді. Білікті ұстаздың байыпты байламдары латын қарпіне ауысудың мәні мен маңызын айқындап қана қоймай, көңілдегі кейбір күдіктерді жойғаны – қатысушылардың тартымды әңгімені зейін қоя тыңдап, салмақты сауалдар жолдауынан байқалып тұрды. Кездесу соңында колледж әкімшілігі, оқытушылар, студенттер Жаңбырбай Ахметұлына ризашылығын білдірді.
А.Құнанбаев атындағы Саран гуманитарлық-техникалық
колледжінің оқытушылары.