Орамалсыз оқи берші, құлыным!
Тұлымшағы желбіреп жүгіретін жастағы оқушы қыздардың «орамал дауына» тағы бір айналып соққанды жөн көрдік. Себебі, бұл тақырып өз еліміздің шегінен шығып, ВВС NEWS компаниясының орысша жаңалықтар қызметінен таралды. Қазақстанның ішкі ісін əлемге жариялап, сүйіншілеген бұл қыз меттің түпкі мақсаты əзірге айқын емес. Тек мақала авторы мəселені бір ғана қырынан, яғни, оқушылардың орамал тағуын жақтаған, Қазақстан Республикасы Конституциясының бетін ашып көрмеген жанның көзқарасымен жазған…
Бұл өзі осыдан тура сегіз жыл бұрын сол кездегі Білім жəне ғылым министрі А.Сəрінжіпов қол қойған «Орта білім беру ұйымдарында мектеп формасына қойылатын талаптар» бұйрығынан басталған жыр еді. Осы құжаттың 13-тармағында: «Мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды», – деп жазылыпты. Бұйрықтың негізінде еліміздегі барлық мектептер өз жарғыларын өзгертті. Мектеп оқушылары бірдей үлгіде киінуі тиіс. Министр мұндай бұйрықты бекерден жарияламаса керек. Сол 2016 жылғы деректерге сүйенсек, республика бойынша мың жарымдай қыз бала мектептегі сабағына оранып, тұмшаланып баратынды шығарған.
Оған қандай да бір тосқауыл қоймағанда осы күндері қаршадай қыздарымыздың жүзін көруден қалар ма едік. Діни сенім өз алдына, əр нəрсеге еліктегіш балалар мен жасөспірімдер арасында бұл үрдіс сəнге айналып кетуі де ғажап емес еді ғой.
Орамалдан «от шықты»
Қарағандыдағы Назарбаев зияткерлік мектебіне былтыр күзде жетінші сыныптан бастап оқуға кірген қыз мектеп формасын сақтаудан бас тартқаны үшін мектептен шығарылды. Бұл оқушы қызға да, оның ата-анасына да заңды талап қанша түсіндірілгенімен, олар оны орындаудан бас тартты. 2023 жылдың күзінде бір ғана Қарағанды қаласында осындай ондаған қыз баланың ата-аналарына қарасты өз міндеттерін дұрыс атқармағаны үшін əкімшілік істер қаралған. Орамалын шешуден бас тартқан қыздар 1 қыркүйектегі алғашқы қоңырау салтанатына қатысқанымен, 4 қыркүйекте басталған сабақтарға жіберілмеді. Білім саласының мамандарына дін өкілдерін ертіп, үй-үйді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізуіне де тура келген. Соның нəтижесінде орамал таққыш қыздар мен олардың ата-аналарының басым бөлігі ақылға келіп, біркелкі киіну талабын орындады.
Əйтсе де, біраз ата-аналар араға адвокаттарын салып, «Мектеп басшылары министрдің бұйрығын азаматтардың мемлекеттік мекемелерде тегін білім алуына кепілдік берген Конституциядан жоғары қойды»; «Бұл мəселе министрдің бұйрығымен емес, «Білім туралы» Заң бойынша шешілуі керек» деп шу шығарды. Жан-жаққа арыз айдап, оқу-ағарту министрлігі мен прокуратура, полиция органдарының табалдырығын тоздырды.
Əбден ушығуға айналған мəселе Мемлекет басшысына дейін жетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 5 қазанда өткен педагогтар съезінде сөйлеген сөзінде: «Мектеп – ең алдымен, білім ордасы. Балалар мектепке білім алу үшін барады. Ал діни ұстаным – əр азаматтың жеке мəселесі, өз таңдауы. Елімізде дін бостандығына заңмен кепілдік берілген. Балаларымыз өз таңдауын есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң жасағаны дұрыс деп санаймын», – деді.
Ел Президенті мəселеге осылайша нүкте қойғандай еді. Жоқ, өз ісін оң санаған «орамалшылдар» сонда да қояр болмады. Орамалдың дінге қатысы жоқ, əшейін киім түрі деп те түлкібұлаңға салып көрді. Мектеп ішінде ешқандай баскиіммен жүруге болмайтынын түсінгілері жоқ. Əрине, егер қыз бала орамалды басының жарақатына немесе басқадай кемшілігіне орай тақса, өзара келісім жасалар ма еді..? Бірақ, олай емес, бар гəп олардың діни ұстанымында болып тұр ғой. Қарағандылық кейбір ата-ана қайта-қайта сотқа жүгініп, мектепке орамалмен кіргізбейтін ережелерді жоюды, қызын мектепке орамалымен қайта қабылдауды, оның үстіне моральдық шығынын төлетуді талап етіп жүр. Болмаса, баламды онлайн жүйемен оқытсын деген ақылға сыймайтын ұсыныстары да бар. «Күңге күле қарасаң, көйлегіне жамау сұрайды» деген мəтел еріксіз еске түседі… Он екі мүшесі сау оқушыларды қашықтан оқыту артық шығын, қосымша əуре ғана емес, сапасыз да болатынын қалай түсінбейді?! Өткен жылдардағы ковид карантиндерінде лажсыздан жүргізілген онлайн оқулар талай шəкірттің білімін ақсатып тастаған жоқ па…
Заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайды
Негізі, ҚР «Əкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексі 409-бабының 2-тармақшасына сəйкес, ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдерінің Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы заңнамасында көзделген міндеттерді орындамағаны үшін оларға ескерту жасалады немесе бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Ал, «Білім туралы» Заңның 47-бабына сəйкес, «Орта білім беру ұйымдарында білім алушылар білім беру саласындағы уəкілетті орган белгілеген мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті». Мемлекет мектепте қандай да болсын дін жолын ұстанушының қалағанынша киінуіне жол бере алмайды. Форма дегеніміз жай киім ғана емес, ол – үлкен тəрбие, оқушылардың психологиясын теңестіреді, тұрмыс деңгейі əртүрлі балалардың арасындағы əлеуметтік теңсіздіктің алдын алады. Сондықтан, оқушылардың бəріне ортақ бір киім үлгісінің болғаны абзал.
«Заңды білмеу жауапкершіліктен құтқармайды» деген жазылмаған қағида бар. Мектеп əкімшіліктері формалық киім үлгісін сақтауды өз талғамы бойынша емес, заң аясында талап етеді. Мұны ата-аналар дұрыс түсінуі керек. Еліміз зайырлы мемлекет болғандықтан, əрбір азамат Қазақстан Республикасының заңдарын, ережелерін қатаң сақтауға міндетті. Ата Заңымыздың 3-бабында: «…Діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасында бiлiм беру мен тəрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлiнген жəне зайырлы сипатта болады», – деп жазылған.
Басты заңның осы бабы бойынша мектеп əкімшіліктерінің талабы орынды. Буыны бекіп, бұғанасы қатпаған балалардың басын қатырмай, тек олардың дұрыс білім алуын ойлау керек. Оқушы, онда да қыз бала ата-анасының айтқанынан аспайды. Баланың ойын қолдаймын деп, шалалыққа жол беріп алмау керек. Оның арты үлкен өкінішке соқтыруы əбден мүмкін.
Айтпақшы, «Орамалға тиіскенше, мектепке шолтиған белдемше, ашық-шашық кеуде шемен, қымбат əшекейлермен келетін қыздарды тыймайсыңдар ма?», – деп уəжденетін кісілер бар. Бұл орынды. Мектептегі тəртіп тек орамалмен шектелмейді. Педагогтар қауымы жаңағы айтылған тəрізді өзге келеңсіздіктерді де қатаң бақылауда ұстап, тиісінше шара қолданады.
Қазақ қызы тұлымын жасырмайды
Қызын мектепке бірінші сыныптан бастап орамалмен апарғысы келетін ата-аналар да бар. Осы орайда қазақ келіндерінің эталонына айналған апамыз Зейнеп Ахметованың «Күретамыр» кітабынан үзінді келтіргім келеді. «Тұлым шаш қыздарды наздандырып, бұла етіп көрсетеді. Шырайына сəн беріп, ажарландырып тұрады. Қазақ қыздарының тұлымы ұзатылар кезде жиналып, бұрымына қосылып өріледі.
Бұл – əке үйінің оң жағындағы қыз дəуренмен, ерке өмірмен қош тасудың бір белгісі. Тұлым шаш қою кəмшат бөрікке, үкілі тақия ға, шашақты қасаба, моншақты сораба секілді баскиімдерге келісіп-ақ тұрады. Ал, ендігі жерде қалыңдық ұзатылады, мұндай қыз киімдері əке үйінде қалады.
Ол бір жігітке жар, бір елге келін болып, неке қиярда, беташарда сəукеле киеді». Қандай ғажап! Міне, нағыз қазақи дəстүр мен нағыз ұлттық тəрбиенің үлгісі. Біздің қазақ қызының тұлымын ешқашан жасырып, тұмшаламаған. Үлкендер намазын тығылып оқып, оразаны жасырын ұстаған заманды да көрдік. Оның қасында, оқушы қызыма орамал тақтырмады деп қиғылық салу күлкілі нəрсе. Елімізде мыңдаған мешіттер мен шіркеулер бар. Егер дінге шектеу қойылса, сондай еркіндік берілер ме еді? Билік қайта дəстүрлі діндерді дамытуға ел тəуелсіздігінің алғашқы жылдарынан қолдау көрсетіп келеді.
Діни басқарманың пəтуасы қандай?
Осы мектептегі орамал мəселесі туындаған уақытта Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы да үнсіз қалған жоқ. Дін басыларымыздың пəтуа сөзі ҚМДБ-ның сайтында тұр. «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі мұсылман қыз-келіншектер мен əйелдерді киім кию үлгісінде қазақ халқының салт-дəстүрлерін сақтай отырып, жинақы киінуге кеңес береді, – делінген онда. – Ал паранжа (ниқаб) киюдің салтымызда болмаған, басқа елдің үлгісі екенін де ерекше атап өткеніміз жөн. Ислам шариғатында қыз баланың балиғатқа толуын тоғыз жаспен шектеу дұрыс емес. Мұсылман ғалымдары қыз балалардың физиологиялық ерекшелік теріне сай, көпшіліктің жағдайын назарға ала отырып, он бес жаспен шектеген.
Ислам діні балиғат жасына толмаған, санасы толық қалыптасып үлгермеген, орамал тағудың түпкі мəні мен маңызын, үкімін түсінбейтін кішкентай қыз балаға орамал тағуды міндеттемейді. Əрбір мұсылман қыз бала орамалдың қадір-қасиетін терең түсініп, жауапкершілігін саналы түрде сезініп, Алланың əмірін өз еркімен орындауы – басты мақсат. Мектеп табалдырығын енді ғана аттаған бүлдіршінді жаулық жабуға мəжбүрлеуден бұрын оған ең əуелі білім мен тəрбие берген абзал. Бұл – ата-ананың басты міндеті.
Алла Тағала күллі адамзат баласына иманды болуды əрі білім алуды əмір еткен. Құран Кəрімнің ең алғаш түскен аятының өзі «Оқы!» деген бұйрықпен басталуы ерекше назар аударарлық. Мектеп жасындағы баланы имандылыққа баулып, білім үйрету – əрбір адамның азаматтық əрі мұсылмандық борышы. Діни һəм зайырлы білім алу – жарқын болашақтың кілті.
Біз мұсылман жамағаты мен ата-аналарды оқу орындары мектеп оқушыларының киім үлгісіне қатысты қоятын талаптарына түсіністікпен жəне сабырлықпен қарауға шақырамыз. Бұл мəселені ушықтыру дұрыс емес. Өйткені, елімізде орамалға түбегейлі тыйым салынбағанын түсінуіміз керек. Орта мектептерде киім үлгісін бірізділікке түсіру мақсатында ғана осындай шешім қабылданған. Білімсіздік бүлікке бастайтынын ұмытпайық. Сондықтан, қыз баланың толыққанды зайырлы білім алуын ата-аналары еліміздің заңнамасы талаптары шеңберінде қамтамасыз еткендері жөн».
* * *
Солай, құрметті ата-ана, қадірлі оқырман. Оң-солын танып үлгермеген ұл-қыздарымыздың санасын қолдан жасап, əсіресе діни сенім мəселесінде өз дегенімізді тықпалауды азайтайық. Алдымен бойы мен ойын жетілдіріп алсын. Жақсы мен жаманды анық айыра алатын жасқа жетсін. Балалық бал дəуренін, алаңсыз жаз дəуренін шектеп, қиянат жасамайық. Бүгінгі қоғамда жат ағымдардың ықпалына түсіп, жапа шеккендерді көріп жүрміз. Санасы уланған ұрпақты құтқарып, қатарға қайта қосу көп ретте мүмкін емес. Қыршын жастардың біреу асыл десе асылып, жарыл десе жарылып жатқанын да жиі естиміз. Құдай бетін аулақ қылсын. Құлындарымыз орамалсыз да оқыған, тоқыған, иманды, ибалы тұлға болады, оларға ең алдымен білім керек. Сондықтан, ақылға келейік; өнбес дауды қуғанды қойып, осы жерден доғарайық, ағайын…
Болатбек ҚАУЫСОВ,
журналист