Балқаш

Орайлы істер ауқымы

             Былтыр байырғы Балқаш 80 жылдығын тойлады. Мерейтой жылы атқарылған мерейлі іс балқаштықтардың бірлігін нығайтып, белсенділігін арттырды, өнегелі ұрпақ сабақтастығын паш етті, қаланың көркеюіне соны серпін берді.

Былтыр қала экономикасына 19 млрд. теңге инвестиция құйылды. Бұл — бұрнағы жылғыдан 7%-ға артық. Өнеркәсіпте 8% өсім алынды. Құрылыс қарқыны 13%-ға артып, 6 мың шаршы метрге жуық баспана пайдалануға берілді. Бөлшек сауданың көлемі ұлғайды. Ауыл шаруашылығы өнімін өндіруде оң өзгеріс байқалды. Өнім өңдеу секторындағы еңбек өнімділігі бұрнағы жылмен салыстырғанда 12%-ға өсті.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының бағасын тұрақтандыру бағытында 49 жәрмеңке өткізіліп, 1 миллиард теңгенің өнімі тұтынушысын тапты. Ал, балқаштық бау-бақша өсірушілер жалпы 3,2 млн. теңгенің өнімін қолжетімді бағамен сатты. Қазір қалада 13 мыңнан астам адам кәсіпкерлікпен айналысады. Шағын және орта бизнес саласында бағын сынап жүрген олар былтыр 14,5 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, қызметін көрсетті.

Туризм индустриясы – қала экономикасының маңызды және дамушы саласының бірі: бай туристік және рекреациялық әлеует бар. Жылда 14 мыңдай турист келеді. Былтыр 223,8 млн. теңгенің туристік қызметі көрсетілді. Келуші қатары 27336 адамға жетті. Өңірде туризмді табысты дамыту үшін қызмет көрсету сапасы мен мәдениетін әлі де көтеру, қоғамдық тамақтандыру нысанын талапқа сай ұстау, мейрамхана, сондай-ақ, басқа да құрылымды жетілдіру қажет.

Инвестиция тарту, туристік өнім сату және Балқаш аймағында жағажай туризмін дамыту мақсатында былтыр  маусымда өткен «Туризм – 2017» аймақтық форумы бұл бағытта жасалған нақты қадам болды. «Үздік қоғамдық тамақтандыру орны», «Жол бойындағы бизнес саласының үздігі», «Демалыс алаңындағы үздік нысан», «Үздік такси жүргізушісі» аталымы бойынша  «Бизнестің ең үздік нысаны» атты байқау ұйымдастырылды. «Қазақстандағы ішкі туризм, қонақүй және мейрамхана бизнесін дамыту келешегі» тақырыбында семинар және шеберлік сағаты өтті.

Қала басшылығының мәліметінше, облыс әкімі Ерлан Қошановтың қолдауымен былтыр 650 млн. теңге қала көлігінің инфрақұрылымын жақсартуға жұмсалды. Жалпы ұзындығы 12,5 шақырым автокөлік жолы жөнделді. Сумен жабдықтауды жақсарту үшін «Тоқырау-Саяқ» сутаратқышының 7,4 шақырым апатты телімі айырбасталды. Үшжылдық жоспарға сәйкес білім саласының 13 нысанын жөндеуге 281 млн. теңге бөлінді. Оқушылар сарайына 40 жылдан кейін күрделі жөндеу жүргізіліп, оған 128,5 млн. теңге жұмсалды.

Өткен жылы бюджетті орындау қорытындысы барысында кірісі шығысынан (профицит) 500 млн. теңге асып түсті. Артылған бұл қыруар қаражат келешекте қаланың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы өткір әрі маңызды мәселені шешуге жұмсалады. Оның қатарында саябақ пен скверді абаттандыру жобасы, қала дамуының бас жоспарын қайта қарау, тағы басқа шешімін күткен бірқатар түйінді тұс бар.

Биыл «Қоңырат» ықшам ауданына айрықша назар аударылады. Ондағы жағдайды кешенді жайластыруға күш салынады: қазандық жұмысының сапасы жақсарады, екі көпқабатты тұрғын үй қалпына келтіріледі, аула абаттандырылады, басты көшеге ағымдағы жөндеу жүргізіледі, жаяу жүргінші жолы да ұмыт қалмайды, мектеп жөнделеді, аумақ қоқыстан тазартылады, тұрғындарды толғандырған тағы басқа кейбір мәселе шешімін табады. Осы мақсатқа 800 млн. теңгеден астам қаражат қарастырылған.

Экономикалық өркендеу мен инфрақұрылым дамуын қамтамасыз ету, тұрмысқа қолайлы баспана мәселесін шешу, жұртшылықты жұмыспен қамту, тұрғындарға қолайлы тұрмыстық жағдай жасау, өмірлік маңызы бар кез келген мәселені көп кешіктірмей шешіп отыру — биыл да қала басшылығының басты міндеті болып қалады. Түйінді мәселелер мемлекеттік бағдарламалар аясында және қала бюджетінің мүмкіндігіне қарай оң шешімін табады.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button