Бас тақырыпОблыс әкімі

Орақ науқаны аяқталуға жақын

Қырдағы күзгі науқан тәмамдалуға жақын. Апта басында облыс әкімі Жеңіс Қасымбек Бұқар жырау, Осакаров және Нұра аудандарына барып, орақ науқанының барысымен танысты.

Бүгінде Бұқар жырау ауданында егін жинау науқаны 72%-ға аяқталды.

– Жұмыс жоспарына сәйкес, біз астықты 1 қазанға дейін жинап алуымыз керек. 6 қазанға дейін картоп пен көкөніс жиналып болуы тиіс. Егер, жаңбыр жаумаса, барлығын уақытында аяқтаймыз, – деді Бұқар жырау ауданының әкімі Шагурашид Мамалинов.

Бұқар жырау ауданында «Нұр СХ» ЖШС және «Баймырза Агро 2018» ЖШС атты екі ірі шаруа қожалығы орналасқан. Екіншісі бір жыл бұрын ғана жұмыс істей бастады. Алайда, үлкен табысқа қол жеткізіп отыр. Кәсіпорын картоп пен көкөніс өсірумен айналысады.

– Биыл 140 гектарға картоп ектік. Қойма кешенін салдық. Қазір оны жылытумен айналысудамыз. Қазан айының соңына дейін жұмысты толық аяқтауды жоспарлап отырмыз. Онда 4 қойма орналасқан. Әрқайсысы 760 тоннаға есептелген. Қазіргі уақытта қоймаларға картоп кіргізудеміз. Кешен жартылай толтырылды, – дейді «Баймырза Агро 2018» ЖШС құрылтайшысы Ержан Нашаров.

Ал, Осакаров ауданында астық жинау науқаны қыркүйек айының соңына дейін

аяқталады деп жоспарлануда. Жалпы егіс көлемі 318 мың гектарды құрайды. 211 мың гектардан астық жиналды. Бұл жалпы көлемнің 66% құрайды. Мұнда облыс әкіміне аграрлық бизнестегі цифрландыру элементтерінің жұмысы көрсетілді.

– Өткен жылы пилоттық режимде біз өз шаруашылығымызда цифрландыру элементтерін іске қостық. Және Қазақстанда осы саладағы көшбасшылар ретінде танылдық. Жоба 500 гектарға есептелген. Ал, биылғы жылы алаң 4 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Әрбір 2-3 күн сайын жерсеріктерінен суреттер жасалады. Комбайнға қосылу арқылы ылғалдылықты және басқа да параметрлерді бақылай аламыз. Комбайндар өнімділік картасын көрсете алады. Бұл – ең басты элемент. Болашақ егіс аумағы осы негізде анықталады, – деді «Найдоровское» ЖШС директоры Павел Лущак.

Жеңіс Қасымбек цифрландыру жүйесінің пайдалы әсеріне қызығушылық танытты.

– Әрине, көмектеседі және нәтиже де бар. Мысалы, өткен жылы облыс бойынша рекордтық өнім болды. Биылғы жылы мұндай көрсеткіштер жоқ. Себебі, жазда 49 күн жаңбыр жаумады. Бірақ, бұл жағдайда да біздің көрсеткіш облыс бойынша орташа көрсеткіштен 1,5-2 есе жоғары, – дейді Павел Лущак.

Егін жинау жұмыстары Нұра ауданында да кесте бойынша жүріп жатыр.

– 13 қыркүйектен бастап астықты жинай бастадық. 21 күн ішінде барлығын жинап алуды жоспарлап отырмыз. Ал, 18 қыркүйектен бастап картопты жинаймыз. Егер, ауа райы қолайлы болса, барлығын уақытында аяқтаймыз, – деді Нұра ауданының әкімі Аян Шалмағанбетов. Облыс әкімі егін ору жұмыстарының барысымен танысқаннан кейін бірнеше тапсырма берді. Тапсырмалардың бір бөлігі субсидиялау мәселелеріне қатысты болды.

– Жалпы, барлығы жоспар бойынша жүріп жатыр. Ең бастысы, ауа райы қолайлы болса жақсы болады. Өнімділік жақсы. Бірақ, субсидия мәселесін шешіп, шаруашылықтарға көмектесу керек. Мұны жыл соңына дейін жасау қажет, – деді Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button