АймақҚарағанды

Қарағанды облысында 580 мың тонна көмір халыққа жеткізілуде

Арқа атырабы биыл да қысқы маусымға ерте қамданды. Күздің қара суығынан кейінгі алты ай қыста көмір қорының молдығы маңызды. Бүгінде көмірдің тасымалында іркіліс болмауы өзекті. Өңір қажеттілігінің шамамен 65 пайызы, яғни, 580 мың тонна көмір халыққа жеткізілуде.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Аймақта қара алтынның саудасы бүгінде 55 нүктеде жүріп жатыр. Оның 41-і теміржол тұйығында болса, 14-і қойма ішінде орналасқан. Ал, жалпы облыс қоймаларындағы қор 29 мың тонна, оның ішінде, 11 мың тоннасы Қарағанды қаласының өзінде өндіріледі.

Бағаға келсек, өңір бойынша «Шұбаркөл көмірінің» тоннасына орташа құны – 19 100 теңге, «Кузнецк» көмірінің тоннасы – 16 500 теңге, ал, «Майкүбінікі» 16 000 теңге шамасында. Ал, шаһардың өзінде «Шұбаркөл көмірі» – 15 500-15 800 теңге аралығында саудаға түсуде. Баға тұрақсыздығының себебі де әрқилы. Қала маңындағы елдімекендерге көмір арзан бағаға жеткізілсе, қашық ауылдарға сәл қымбатқа тасымалданады. Бір сөзбен айтқанда, көмірдің бағасына отынның сапасынан гөрі жолдың жағдайы көбірек әсер етіп тұр.

– Құнның қалыптасуына, ең алдымен, логистика ықпал етеді. Біздің өңір көмір өндірісінде озық технологияларды қолданады. Жылыту маусымы жақындап қалғандықтан әр өндіріс ошағын жіті бақылаудан өткізіп жатырмыз. Баға тұрақтылығы мен халықты отынмен қамтамасыз ету – қатаң бақылауда, – дейді кәсіпкерлік және индустрия басқармасы басшысының орынбасары Ақдидар Рымбек.

Аймақ тұрғындарына сапалы көмір жеткізіп отырған негізгі қойманың бірі – Пришахтинскідегі «ПСВ86» ЖШС айлағы. Мұнда жыл бойы «Шұбаркөл көмірі» сатылады. Бұл отынның басқа отындардан айырмашылығы – күлінің аз болуы һәм жылуының жоғарылығында. Яғни, бір шелек көмірдің жалыны ұзаққа дейін қызуын сақтайды.

Қоймада қазірдің өзінде шамамен 5 мың тонна көмір бар. Бұған қоса, тәулігіне тағы 500 тоннаға жуық жеткізіліп отырады. Күн сайын мұнда облыс аумағының әр түпкірінен жүк көліктері үздіксіз келіп, кезек күттірместен көмір тиеп алады.

– Біздің қойма жыл он екі ай жұмыс істейді. Жаз мезгілінде де көмірге сұраныс жоғары. Монша жағып, табыс табатындардың барлығы біздің көмірімізді тұтынады. Біздегі қызу жұмыс енді басталды. Қысқа қамданған халықтың қарасы қалың. Қор жеткілікті. Біз күніне көмір тиелген 100-150 жүк көлігін жөнелтеміз, – дейді қойма басшысы Никита Аносов.

Бағаға келсек, қоймадағы «Шұбаркөл көмірі» тоннасына 15 800 теңгеден саудалануда. Былтырмен салыстырғанда баға сәл жоғары. Мамандардың айтуынша, оның себебі теміржол тасымалы тарифтерінің өсуі. Әйтсе де, белгіленген шекті сомадан асқан жоқ. Демек, қарағандылықтар үшін бұл баға қолжетімді деп айтуға болады.

Қойманың тыныс-тіршілігіне қарасақ, қысқа ерте қамданған жұрт үшін қолайлы мүмкіндік туып отыр. Ұзын-сонар кезек жоқ, көмір қоры да жеткілікті.

Аймақ атырабындағы көмір өндірудің өзіндік ерекшелігі бар кәсіпорындардың бірі – «Рапид» ЖШС. Мұнда қара алтын ашық әдіспен емес, жерасты тәсілімен алынады. Сол себепті мұндағы көмірдің құны да өзгелерге қарағанда едәуір жоғары.

– Біздің компания Үкіметпен 2001 жылдан бері келісімшарт негізінде жұмыс істеп келеді. Біз бұрын жабылған шахталардың орнында қайта құрылдық. Қазіргі таңда жаңа технологияларды пайдаланып, жерасты әдісімен көмір өндіреміз. Көбіне біздің өнімді «Ақтау» цемент зауыты тұтынады. Сапа бағаға сай, – дейді фирма директоры Андрей Белов.

Бұл көмір – облыс бойынша ең қымбат көмірдің бірі. Тоннасы – 25 мың теңге. Соған қарамастан, тұтынушысы бар. Қарапайым халықтан гөрі тұрақты сатып алушылардың қатарында өндіріс орындары мен арнайы мекемелер.

«Қарағанды – көмірдің отаны» деп текке айтылмаса керек. Өңірдегі көмір өндірісінің жай-күйіне көз жүгіртер болсақ, қысқы маусымға дайындық ойдағыдай. Қор жеткілікті, сауда жүйелі, баға да бақылауда. Қарапайым халықтың қамсыз қалмауына барлық жағдай жасалып отыр.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button