Бас тақырып

Қор – жеткілікті, баға – бақылауда

Алты ай жататын Арқаның қысы да қыр астында. Ауылдағы ағайын болса, көмір тиелген жүк көліктерінің жолын тосып жүр. Қысқа қара отын түсіруі қажет. Ал, мына жақтағы сату нүктелерінде кезек күткен жүк көліктері қорабына қара алтынды тиеуге асық. Дереккөздерге сүйенсек, аймақ тұрғындарын қара отынмен қамтамасыз ету үшін 740 мың тоннадан астам көмір қоры бар. Бүгінгі таңда 55 сату нүктесінде саудаланып жатыр. Оның 41-і теміржол тұйығында болса, 14-і – қоймада.

Суреттерді түсірген
Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Қазіргі уақытта аймақ тұрғындары көмірді сатып алуда белсенділік танытуда. Сату нүктелерінде жұмыс штаттық тәртіппен жүріп жатыр. Тіпті, сұраныс та артып келеді. Ал, мамандар көмір қорының жеткілікті екендігін айтады.

– Бүгінгі таңда қорда 43 мың тонна көмір бар. Оның 17 мың тоннасы – Қарағанды қаласында. Өңірді көмірмен қамтамасыз етуде ешқандай мәселе жоқ. Шұбаркөл көмірінің тоннасы орта есеппен 19 мың теңгеден. Мәселен, Пришахтинскідегі сату нүктесіндегі баға – 14 750 теңге. Айта кетейік, көмір бағасының өзеруіне тасымалдау нүктелерінің қашықтығы да әсер етеді, – дейді өнеркәсіп және индустрия­лық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ақдидар Рымбек.

Пришахтинскідегі «Тепло в дом» көмір қоймасында тек Шұбаркөл көмірі саудаланады. Қоймадан бір тонна көмір алатын болсаңыз – 19 мың теңге. Дәл осы көмір түрін «Шұбаркөл Көмір» АҚ разрезінің өзінен барып сатып алсаңыз – 8 790 теңге шығады. Ал, Қарағандыдағы сату нүктелеріндегі баға – 14 750 теңге. Яғни, баға өзгергенімен, бекітілген шекті сомадан аспайды-мыс.

– Қоймаға күніне 30-50 жүк көлігі келіп көмір тиейді. Күніне қоймаға 24 вагон көмір түседі. Ешқандай мәселе туындап жатқан жоқ. Күн-түн жатып кезек күтетіндер жоқ әзірге. Қойма қызметкерлері жақсы қызмет көрсетуде. Соңғы тұтынушыға дейін үздіксіз жұмыс жасап жатыр. Қарбаластың бәрі әлі алда. Былтыр елдің бәрі соңынан алып еді. Сол кезде кезек күтіп қалған жүк көліктері көп болған. Биыл да солай болатын сыңайлы. Сондықтан, аймақ тұрғындарынан ертерек қам жасауға шақырамын, – деді «ПСВ86» ЖШС көмір қоймасының директоры Никита Аносов.

Жылына 150 мың ғана тонна өнім өндіретін «Рапид» көмір шахтасында да жұмыс – қызу. Бұл көмірдің түрі басқалардыкіндей емес, жерасты әдісімен өндіріледі. Сәйкесінше, бағасы да жоғары. Атап айтсақ, бір тоннаның бағасы – 24 мың теңгеден басталады. Соған қарамастан күніне 15 жүк көлігі тиеп, тасымалдауда.

– Біз жұмыс істеп жатқан көмір шахтасы сонау 1920-1930 жылдары жұмыс істеп, 1968 жылы жабылып қалған. 2001 жылы ҚР Үкіметімен келісімшарт жасасып, 2032 жылға дейін жалға алдық. Әрі қарай жалға алу уақытын созу мүмкіндігі де бар. Ол жылдары техника дамымаған. Тіпті, арнайы көмір өндіруге арналған құралдар да болмаған. Ата-бабаларымыз осы шахтадан мүмкіндігінше қажетті көмір қорын игеріп, жауып кеткен. Қазір біз сол кісілерден қалған қорды арнайы техниканың көмегімен өндіріп жатырмыз. Сол себепті біздің жылдық мөлшеріміз аз. Әрі қымбат, – деді «Рапид» ЖШС директоры Андрей Белов.

Қарағандыда қара отынның қоры жеткілікті. Алаңдауға негіз жоқ. Ал, бағаға әкімдік тарапынан тұрақты мониторинг жүргізілуде.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button