Қор – қордаланған мәселені шеше ме?
Облыс әкімдігінде қазақстандықтардың нақты проблемаларын шешуге бағытталған «Қазақстан халқына» қорының өкілдерімен кездесу өтті. Кездесудің көздегені – қор өкілдері, жергілікті атқарушы органдар, депутаттық корпус, бизнес, үкіметтік емес сектор өкілдері бірлесіп, елімізде қайырымдылық саласын дамыту мақсатында тиімді жұмыс моделін құратын алаң құру. Ұйымның жалпы қызметіне тоқталған қор төрағасы Болат ЖӘМІШЕВТІҢ де айтпағы осы болды. Яғни, құр баяндау үшін емес, тыңдауға келгенін қадап айтты. Қазірдің өзінде қор қызметкерлері Қазақстанды аралап, жобаларды, кеңестер мен ұсыныстарды жинауда.
Кездесуде аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек облысымызда атаулы көмек көрсету саласында жасалған шараларға тоқталды. Мәселен, биыл жергілікті бюджеттен 22 ауруға шалдыққан 840 науқасқа тегін дәрі-дәрмек көмегін көрсетуге 3 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Оның 16-ы – орфандық ауру болса, 6-ы – тағы басқа түрлері. Бұл ауру түріне тегін дәрілік көмек қарастырылмағанын айту керек. Одан бөлек, 120 бала үшін қосымша 2,3 млрд. теңге тағы бөлінген.
Демеушілердің, меценаттардың қолдауымен жүйелік мәселелерді өзіміз шешуге тырысудамыз. Соған қарамастан проблема әлі де болса көп. Жедел шешуді талап ететін мәселелерге қаржы мен мүмкіндік бола бермейді. Сондықтан, қор өкілдерімен облыс тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға байланысты қормен өзара байланысты талқылап, өз жоспарымызды айтқымыз келеді, – деді Жеңіс Махмұдұлы.
Болат Жәмішев өз кезегінде жиналысқа қатысып отырғандарға алғысын білдіріп, алда үлкен онлайн-конференция өткізуді жоспарлағандарын жеткізді.
Қыркүйекте азаматтық қоғам өкілдері, қор донорлары, қазақстандық ірі кәсіпорындар өкілдері, бизнесмендер, үкімет мүшелері, депутаттарды шақырып үлкен онлайн-конференция өткізуді жоспарлап отырмыз. Қордың жаңа тұжырымдамасы қабылданатын қыркүйек кездесуіне дайындық аясында барлық өңірлерді аралаймыз. Сіздердің ұсыныстарыңызды тыңдау үшін осындай дөңгелек үстелдер өткізуді жоспарлап отырмыз. Біз барлық ұсыныстарды мұқият зерделеп, оларды Қордың жаңа тұжырымдамасына енгізу үшін шығаруға дайынбыз. Сондай-ақ, азаматтық қоғам өкілдерімен 49 конференция өткізу де жоспарда. Оған мыңнан астам қоғамдық бірлестіктер қатысады деген ойдамыз. Қор донорларымен жіті сұхбат жүргізілуде, – деді қор төрағасы Болат Жәмішев.
Қор денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт саласындағы мәселелер бойынша Қазақстан халқын қолдаумен айналысады. Бірақ, проблеманы мемлекет ұсынатын қызметтер есебінен шешу мүмкін болмаған жағдайларда ғана екенін айту керек. Қор қаражатының едәуір бөлігі ауыр дертке шалдыққан балаларға көмек көрсетуге бағытталған.
Болат ЖӘМІШЕВ, «Қазақстан халқына» қорының төрағасы: – Әуелде Қор орфандық аурулармен ауыратын балаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететінін мәлімдеген болатынбыз. Бұл әлем бойынша ауыр науқасқа ұшыраған балаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету дәрі қымбаттығына байланысты қайырымдылық ұйымдарының қолдауымен жүзеге асырылатындығына байланысты болды. Көп жағдайда аталған препараттар эксперименттік және тіркелмеген. Бұл бағытты белсенді түрде дамытқанымызбен, қиындық та жоқ емес. Бастапқыда Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін балалардың тізімін анықтадық. Тізімге 198 бала кірді. 38 бала бойынша қажетті деректер, яғни, диагнозы, қажетті дәрідәрілер, дәрі дозасы, препараттардың дұрыс және толық атауы. Тізімді 3 ай қатарынан үйлестіргенімізге қарамастан, облыстардың денсаулық сақтау басқармаларынан 160 бала бойынша ақпарат ала алмадық. Енді қазір жаңа тізім ұсынуда. Осыған байланысты, бұл бағытта жалпы көзқарасты өзгерту керек екенін түсіндік. Себебі, мүмкіндігінше тиімді жұмыс жасауымыз керек. Қандай да бір диагнозы бар балаға өтініш алғанда, қажетті деректерді жинау үшін бірнеше кезеңнен өтеміз. Содан кейін елшіліктер арқылы осы дәрі-дәрмектерді шығаратын шетелдік өндірушілермен келіссөздер жүргіземіз, содан кейін әр препаратқа, әр балаға келісім жасасамыз. Бұл өте үлкен еңбекті талап етеді. Әрі бұл баласы үшін жанталасқан ата-ананың үмітіне сәйкес келе бермейтіні түсінікті. Сондықтан, қазір «СК-Фармация» ЖШС-мен орфандық аурулармен ауыратын балаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің жаңа тәсілін пысықтаудамыз.
Болат Жәмішев бұдан былай қор «СК-Фармация» ЖШС-ға сирек кездесетін дәрілерді сатып алуға гранттар бөлетінін хабарлады. Ал, «СК-Фармация» ЖШС өз кезегінде мамандандырылған ұйым ретінде балаларға қажетті препараттарды жедел жеткізетін болады.
Бұдан басқа, қор ерекше балаларға арналған оңалту орталықтарын медициналық жабдықтармен қамтамасыз етуге белсенді қатысады. Ол үшін «Қазақстан халқына» қоры «Қамқорлық» қорымен бірлесіп жұмыс істейді.
– Біз 13 ерте оңалту орталығын жарақтандыру бойынша жобаны іске асырудамыз. Жабдықтау бөлігін өзімізге алсақ, қызметкерлерді оқыту «Қамқорлықтың» міндеті. Содан кейін орталықты теңгерімге және коммуналдық меншікке мемлекеттік құрылымдарға береміз. Аутизмі бар балаларды оңалтуға арналған 8 орталықты қаржыландырамыз. Елде аутизммен ауыратын балаларға көмек көрсетуге арналған инфрақұрылым жеткіліксіз деңгейде екенін айту керек. Одан бөлек, тамыр патологиясы бар балаларға көмек көрсету бағдарламасын бекіттік, – дейді Болат Жәмішев.
Қор бала туғаннан бастап соқырлықтың дамуын болдырмау үшін офтальмологиялық ауруларды анықтау үшін перинаталдық орталықтарды қажетті медициналық жабдықтармен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, жаңа туған нәрестелерде аудиологиялық скрининг бойынша жоба пысықталуда.
Қор ауылдық білім беруді дамыту саласында жұмыс істейді. Статистикаға сүйенсек, ауылда білім алатын оқушылардың білім деңгейі қалалық балаларға қарағанда әлдеқайда төмен. Осы статистиканы теңестіру үшін «Қазақстан халқына» қоры НЗМ-мен ынтымақтасуға ниетті.
– Біз қазір ауылдық білім беруді қолдау жөніндегі тиімді жобаларды іздестірудеміз. Арнайы мектеп-интернаттарды жабдықтау бойынша жоба да дайындық үстінде. Қазірдің өзінде 99 мектептен өтінім алдық, 30-нан бастауды жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, «100 спорт залы» бағдарламасын қаржыландыру басталды, – деді Болат Жәмішев.
Қор жұмысының тағы бір маңызды бағыты – мүгедек балалар мен 29 жасқа дейінгі жастарды бионикалық протездермен жабдықтау. – Болашақта барлық жұмыс істейтін халық үшін аталған бағдарламаны кеңейтеміз. Неліктен балалар мен жастар үшін? Шынында да, протез жастар үшін қозғалыс ыңғайлылығы ғана емес, сондай-ақ, өзінің маңыздылығын сезінуге де мүмкіндік береді. Бәсекеге қабілетті болу үшін өзін-өзі бағалауды төмендетпеу маңызды. Протездер жастарға өздерін сенімді сезінуге мүмкіндік береді. Біз сондай-ақ экзоскелет бойынша жобаны пысықтаудамыз. Оларды қазақстандық кәсіпорындар әзірлеуде. Тіпті, бағдарламалық жасақтаманы да өзіміздің ІТ-мамандарымыз дайындады. Бұл сал ауруы бар балаларға арналған, – дейді Болат Жәмішев.
«Қазақстан халқына» қоры аз қамтылған отбасылардың дарынды балаларына жоғары оқу орындарында гранттар алуға көмектесуді жоспарлап отыр. Бұл жеткілікті балл жинаса да конкурстан өтпеген түлектерге қатысты. Әзірге мұндай гранттардың саны шектеулі. Қор мамандары гранттардың қаншалықты өзекті және сұранысқа ие болатынын анықтауда.
Қор төрағасының баяндамасынан кейін қоғамдық ұйымдардың өкілдері өз пікірілерін білдірді. «Talbesyk көп балалы аналар одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ләззат Қожахметова көмекке мұқтаж жандар өтінімдерін тіркеуге қиналатынын айтып шағымданды. Тіпті, қоғамдық ұйымның басшысы ретінде де тіркеуден өте алмаған. Ләззат Таймырқызы қорға ауру балаларға арналған қаражатты ресми жинау сияқты функцияны өзіне алуды ұсынды. Мәселен, әлеуметтік желіде науқас балаға ақша жинау туралы ақпараттан көз сүрінеді. Ал, біреудің қайғысын пайдаланған алаяқтардың салдарынан қаражат діттеген жеріне жетпейді.
Болат Жәмішев бұл ұсыныстан бірден бас тартты. «Қор алаяқты анықтаумен айналыспайды» деп, кесіп айтты.
Ләззат Қожахметова, бұдан бөлек, қор басшылығынан мүгедек балалар мен ерекше қажеттілігі бар балаларға назар аударуды сұрады. Көбісі оңалтуды қажет еткенімен, мұндай орталық та, маман да тапшы. Ата-аналар бұл қызмет үшін үлкен қаражат шығаруға мәжбүр. Оның үстіне, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар да тұрақты психологиялық көмекке мұқтаж. Отбасының қаражаты бұған жеткіліксіз. Сондықтан, қор тегін психологиялық көмек көрсетсе деген де тілегін білдірді орталық басшысы.
Қоғам белсенділері қордан мәйіт донорлығына да назар аударуды сұраған ұсыныстар айтты. Мыңдаған қазақстандықтар ағза ауыстыруға мұқтаж. Бірақ, қайтыс болғандардың туыстары ағзаларды алуға рұқсат етпейді. Науқастар ағза ауыстыру үшін шетелге ұшуға мәжбүр. Ал, өз кезегінде Болат Жәмішев қоғам белсенділерінің мәйіт донорлығын дамыту керек деген идеясын қолдады.
Кездесу «Қазақстан халқына» қоры мен Қарағанды облысының әкімдігі арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қоюмен аяқталды.
Салтанат ІЛИЯШ.