«Коунрад» Корпоративтік қоры «Қарағанды облысы Балқаш қаласының мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығы» КММ-ге медициналық құрал-жабдықтар сыйлады. Сонымен қатар, орталыққа қажетті құрылғыларды да табыс етті.
«Коунрад» Корпоративтік қорының баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, орталық басшылығы «Коунрад» Корпоративтік қорына («Сары Казна» ЖШС мен «Медная компания «Коунрад» ЖШС құрған) осы орталықтың жабдықталуына демеушілік көмек көрсету туралы өтініш айтқан. Қолдау білдірген қор қабырғаға ілетін және колонналы кондиционерлер, телевизор, көлемі 100 литрлік су жылытқыштар, жылжымалы музыкалық колонка, Indesit ITS-4160W тоңазытқышы, көпіршікті колонна, қозғалуға көмектесу үшін қабырғаға орнатылатын тұтқалар сатып алып берген. Бұдан бөлек, материалдық-техникалық жабдықтау бөлімінің қызметкерлері оңалту орталығының өкілдерімен ынтымақтаса отырып, медициналық жабдықтардың ыңғайлы модельдерін іздестіріп, Премиум класына жататын су асты душына арналған акрилді гидроемдеу ваннасын және әр түрлі модификациядағы мүгедектерге арналған 10 колясканы сатып алып табыстаған. Сондай-ақ, Балқаш-1 станциясында электр энергиясының жиі сөнуіне байланысты, дизельді генератор сыйлап, «Медная компания Коунрад» ЖШС-нің меншікті құрылыс бригадасының және штаттағы энергетиктердің күшімен Орталықтың территориясына орнатып берген көрінеді. Жалпы барлық жабдықтарды сатып алуға, жеткізуге және орнату жұмыстарына Қор тарапынан 23,8 млн. теңге қаржы бөлінген.
Айта кетейік, «Қарағанды облысы Балқаш қаласының мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығы» КММ облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың қатысуымен ашылған болатын. Мемлекеттік мамандандырылған орталық 1,5 жастағы бөбектен бастап 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерді қабылдайды.
Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ.