Қорғаушылардың құқығы кеңейтілді
Астана қаласындағы «Қазмедиа» орталығында ҚР Әділет министрі Марат БЕКЕТАЕВ халыққа есеп беру кездесуін өткізді. Ведомство басшысы аталған министрліктің өткен жылғы қызметі мен алдағы жоспарлары туралы айтып, кездесу барысында келіп түскен сұрақтарға жауап береді. Өз кезегінде, кездесу өзге өңір тұрғындары үшін бейнебайланыс арқылы жүргізіліп, онлайн-режимде сұрақ қою мүмкіндігі қамтамасыз етілді.
Кездесуге қатысушылар қатарында «Қоғамдық келісім» мүшелері, мемлекеттік органдар, «Нұр Отан» партиясы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, БАҚ өкілдері болды. Сонымен қатар, министрдің есеп беруі «24.kz», «BNews.kz» арналары мен министрліктің ресми сайтында тікелей эфир арқылы көрсетілді. Бұл ретте, аймақтың БАҚ өкілдері мен өңір азаматтары кездесуді облыс әкімдігінде селектр режимі арқылы көргенін айта кеткен жөн.
Баяндама барысында Марат Бекетаев өткен жылы атқарылған қызметтерге тоқтала келе, Конституциялық реформа аясында маңызды жұмыстар жүргізілгенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, реформа шеңберінде Үкіметтің есеп беру және бақылау жұмыстары нығайтылды. Бұдан басқа, құқық қорғау жүйесінде жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару саласына дамыту жүргізілді. Құқық қорғау жүйесін дамыту – қылмыстық процессті гуманизациялауға бағытталған.
Мысалы, тергеу ісінің шешіміне қарамастан, адвокаттың тергеу судьясына шағымдану құқығы кеңейтілді. Сонымен қатар, әкімшілік құқық бұзушылық саласын гуманизациялауға бағытталған заң қабылдады. Мысалы, әкімшілік айыппұлдар сомасы қысқартылды. Яғни, жаза жұмсартылды. Қысқартылған өндіріс институты кеңейтілді. Бұл – 7 жұмыс күні аралығында айыппұлдың жартысын төлеу мүмкіндігі құқықбұзушылықтардың көп құрамына қолдануға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, заңды тұлғаларға қысқартылған өндірісті қолдануға мүмкіндік пайда болды.
ҚР Әділет министрлігі өткен жылы мүліктік құқықтарды қорғауды күшейту мақсатында барлық заңнамаға ревизия жүргізді. Нәтижесінде, бірқатар ұсыныстар әзірленді. Мысалы, банктік қарыз шарттары бойынша қарыз алушыларға құқықтық қорғауды қамтамасыз ету қолға алынды. Сондай-ақ, мемлекет мұқтажы үшін жерді мәжбүрлеп алып қою барысында тең сыйақы белгілеу мақсатында шарттарды анықтау жұмысы жасалған екен. Бұдан бөлек, мүлікті тәркілеу жағдайында меншік иелерінің құқықтарын қамтамасыз ету бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылғанын айт кеткен жөн.
Мұнымен қоса, аталған министрлікте заңнама сапасы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселесі де алға қойылған. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін «Е-Заңнама» атты бірыңғай электрондық жүйесін жасау жұмысы жүргізілуде. Аталған жүйе министрлік жұмысын автоматтандырып, қызметін оңтайландыра түседі. Сонымен қатар, «Е-Заңнама» заң жобаларын жасау кезінде оған электронды сүйемелдеу жұмыстарын жүргізуге бағытталып, жоба жасалуының барлық кезеңдерін қамтитын болады.
– Мәселен, барлық мәлімет базаларында архив пен статистика бар. Ал, егер бұл статистикаға талдама енгізетін болсақ, белгілі бір симулятор жасауға болар еді. Мысалы, салық мөлшерлемесі артатын болса, бұл ел экономикасына қалай әсер етер еді? Немесе, қылмыстық кодекстегі жазалау шараларын күшейтсе, бұдан қылмысқа қалай әсер етер еді? Бұл – белгісіз. Тіпті, мұның бірден жұмыс жасап кетуі де екіталай. Десек те, әлемдік тәжірибеге сүйенсек, бұл ісіміз оң нәтиже берері анық. Әсіресе – маркетинг саласында. Өз кезегінде, бірнеше елдің заңнамасы бұл жүйені пайдаланатыны да жасырын емес. Сондықтан, бұл тектес жүйені Қазақстанда да қолға алуды қалар едік, – деді Марат Бекетаев.
Кездесу соңында селектр режимі арқылы өңірлерден жолданған сұрақтар мен залда отырған қатысушылардың сауалдары тыңдалды. Ведомства басшысы барлық сұрақтарға жауап беріп, заңнама мәселесіне байланысты тұрғындарға белгілі бір кеңесін де жеткізді. Сонымен қатар, министрлік сайтына келіп түскен сұрақтарға да жауап жолданғаны айтылды
Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»