Бас тақырып

Қор қаржысы кәдеге аса бастады

Ай басында «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бастау алғаны белгілі. Биыл 18 жасқа толатын балалардан алғашқы өтініштер де түсті. Ел бойынша 80-нен астам, ал, облыс көлемінде 5 өтініш түскен. Оның үшеуі қаражатын білім алу мақсатында, екеуі тұрғын жайын жақсарту үшін пайдалануға ниет білдіріпті.

Сурет: ulysmedia.kz сайтынан

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте бағдарламаның аймақта іске асуы жайлы «БЖЗҚ» АҚ Қарағанды облыстық филиалы мамандары айтып берді. Филиал директоры Мүсіреп Хасеновтің айтуынша, Ұлттық қор игілігін ел бойынша 6 919 131 бала көреді. Облыс бойынша бағдарламаға қатысатын 343 230 бала бар.

– Қатысушы ретінде олардың барлығына бірдей 100 АҚШ доллары 52 цент мөлшерінде қаражат аударылды. Бұл – алғашқы аударым. Әрі қарай Ұлттық қордың өсімі мен инвестициялық кіріс есебінен сома ұлғая түседі. Бұл сома бала 18-ге толғанша Ұлттық қор активтері құрамында инвестицияланады. Биыл 18 жасқа толатын 304 815 балаға аталған сома «БЖЗҚ» жинағына түсті. Оны білім алуға, тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалануға құқылы. Алғашқы 10 күнде ел бойынша 41 өтінім тұрғын үй жайын жақсарту үшін, 42 өтінім білім алу ақысын төлеу мақсатында қатысушының банк шотына аударылды, – деді Мүсіреп Мұратұлы.

Ұлттық қордың инвестициялық кірісі жылдық мөлшерде 1,39 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұл – Ұлттық қордың 18 жылдағы орташа жылдық кірісі. Оның 50% 2024 жылы 695,5 миллион АҚШ долларын құрады. Осы сома бағдарлама қатысушылары санына бөлініп, нәтижесінде олардың әрқайсысы 100,52 АҚШ долларын алды.

– «Ұлттық қор – балаларға» жобасының негізгі мақсаты – өскелең ұрпақты қолдау және оларға ұлттық жинақ есебінен тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе білім алуға мүмкіндік беру. Бағдарлама аясында ақшалай аударым бағдарламаға қатысқан әрбір жылы үшін олар 18 жасқа толғанға дейін есептеледі. 2006 жылдың 1 қаңтарынан өткен жылдың 31 желтоқсанына дейінгі аралықта туған Қазақстан Республикасы азаматтары бағдарламаға қатыса алады. Келесі жылдары туған балалар автоматты түрде бағдарламаның қатысушысына айналады. БЖЗҚ жыл сайын «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқоры негізінде кәмелетке толмаған азаматтардың тізімін жасайды. Егер бала қандай да бір себептермен қатысушылардың тізіміне енгізілмесе, бірақ қатысушы болуға құқығы болса, өтініш берген жылдан бастап, өткізіп алған кезеңдері үшін есептеледі, – дейді «БЖЗҚ» АҚ Қарағанды облыстық филиалының көшпелі қызмет көрсету бөлімінің жетекші маманы Ақмарал Түсіпбекова.

Баланың бағдарламаға қатысуын арнайы құрылған  kids.enpf.kz сайтынан баланың ЖСН бойынша тексеруге болады. Сондай-ақ, әрбір балаға жасалған есептеулер туралы мәліметті ата-аналар egov.kz порталындағы жеке кабинетінен тексере алады.

– Бағдарлама жұмысының бірінші күні аталған сайтқа 2 млн. 700-ден астам адам кірді. ЖСН бойынша шамамен 5,5 млн. сұраныс өңделді. Егер бала қандай да бір себептермен қатысушылар тізіміне енбесе, балалардың жеке басын куәландыратын құжаттың болуын, олардың дұрыс көрсетілуін, электрондық үкімет веб-порталындағы «Цифрлық құжаттар» (Отбасы) бөлімінде өзінің жеке кабинетінде балалар туралы мәліметтердің тіркелуі мен олардың дұрыс­тығын тексеру керек, – дейді Мүсіреп Хасенов.

«Ұлттық қор – балаларға» – елімізде алғаш рет қолға алынған маңызды әлеу­меттік жобаларының бірі. Бағдарламаның енді ғана басталғанын ескерсек, нысаналы талаптар сомасының Ұлттық қордың өсуі және инвестициялық кіріс алу есебінен ұлғаятыны анық. Бұл өскелең ұрпақтың ересек өмірге нық қадаммен аттауына көмек болатынын ерекше атап өткен орынды.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button