Қорғаныс министрлігі өкілдері Қарағанды жастарын патриоттық рухқа тәрбиелеуде
Аймақта «Біртұтас ел – біртұтас жер» республикалық акциясы аясында Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы жастармен кездесулер өткізіп, олардың Отан қорғауға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған бірқатар іс-шаралар ұйымдастырды.

Қарағанды қаласында министрлік офицерлері Бауыржан Момышұлы және Нұркен Әбдіров атындағы мектептердің оқушыларымен жүздесті. Кездесу барысында оқушылар әскери қызметтің маңызы, әлеуметтік кепілдіктер мен кәсіби өсу мүмкіндіктері туралы мағлұмат алды. Полковник Дәулет Бейсековтың айтуынша, мұндай кездесулердің басты мақсаты – жастарға әскер қатарында қызмет етудің абырой екенін ұғындыру және ардагерлердің ерлігін үлгі ету.

– Мектеп оқушылары мен студенттерге әскери қызметтің артықшылықтарын түсіндіріп, сұрақтарына жауап береміз. Сондай-ақ ардагерлерімізді де ұмытпай, олардың өмір жолын жас ұрпаққа өнеге ретінде насихаттаймыз, – деді іс-шараны ұйымдастырушы, полковник Дәулет Бейсеков.

Ақпараттық топ құрамына Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың Әскери-тарихи музейі мен Орталық ансамбль және әскери оркестрдің ұжымдары кірді. Олар Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған көрме мен концерт ұйымдастырды. Бағдарламаның ерекше бөлігі ретінде Ұлы Отан соғысының ардагері, 100 жасқа ағымдағы жылдың 16-желтоқсанында толатын Виктор Шелудяковқа арнайы барып, министрлік өкілдері ардагерге құрмет көрсетті. Сонымен қатар, Қарағандыдағы әскерге шақыру пунктінде ақпараттық топ жақында Қарулы күштер қатарына аттанатын жастармен кездесіп, оларға табандылық пен сәттілік тіледі. Әскердегі қызметтің әр азамат үшін тұлғалық қалыптасудың маңызды кезеңі екені атап өтілді. Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы Қарқаралы ауданында, сондай-ақ Шахтинск пен Теміртау қалаларында жұмысын жалғастырды.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



