Жаңалықтар

Қорғаны мықты ел тыныш

Қандай қоғамда, қай кезеңде болмасын көпшіліктің көкейінде қабылданған заңдылықтарға, әлеуметтік-қоғамдық қағидаларға қайшы келетін іс-әрекеттің болып тұратыны рас. Біз оны қылмыс дейміз. Осы қылмыс атаулының барлығы дерлік біреудің, яғни, қоғамның мүддесіне қарсы келіп, тіпті, олардың қызығушылықтары мен қажеттіліктерін аяқасты етіп жатады. Сол себепті де, қылмыс – қоғамдық дерт. Осы дертпен барын салып күресетін құқық қорғау қызметкерлері екені әмбеге аян. Осыған орай, қаламыздағы қылмыстық ахуал мен олардың алдын алу үшін жүргізілетін шаралар туралы Қарағанды қаласы ІІБ бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Шахназар САЛИНДІ әңгімеге тартқан едік.

Шахназар Әбдашімұлы, әңгімемізді қалалық ІІБ-нің тыныстіршілігінен бастасақ…

  • Қалалық басқармада 400-ге тарта тәртіп сақшысы тынымсыз еңбек етеді. Оның ішінде жедел басқару орталығы, тергеу бөлімі, екінші арнайы бөлім, криминалдық полиция бөлімі, есірткі бизнесімен күрес жөніндегі бөлім, тылдық қамтамасыз ету бөлімі, жедел криминалистикалық бөлімі, штаб бөлімі, жергілікті полиция қызметі, ақпараттық-техникалық бөлімі, жол-патрульдік полициясы полкі, кадр жұмысы бөлімі, қаржымен қамтамасыз ету бөлімі, мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімі, заң тобы бар. Әрине, әрқайсысының қызметі әртүрлі бағытта жүріп жатқанымен, барлығының көздегені бір мақсат, бір мүдде – қылмыс және құқық бұзушылықпен күрес. Олар тиісті бақылау мен іріктеу нәтижесінде қабылданғандар. Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетілгендей, полиция қызметкерлерін іскерлік қабілеттері негізінде іріктеу жүйесі қалыптасқан. Жұмыс барысында кез келген келіспеушілік немесе оқыс жағдайлардың алдын алу мақсатында кәсіби дағдыларын және жеке тұлғалық қасиеттерін тексеру үшін іс басындағы полиция қызметкерлерін және қызметкерлікке кандидаттар тестілеуден өтеді. Бұл халықтың полиция қызметкерлеріне деген сенімін нығайтудың бір жолы болып табылады. Елбасы әсіресе, қазіргі жаһандық тұрақсыздық уақытында халықтың полиция қызметкерлеріне сенім білдіруі маңызды екенін үнемі қайталайды. Полиция қызметкерлері қызметтік парызды мүлтіксіз атқарғанда ғана қоғам мен мемлекеттің жаңғыруы жүзеге асатынын ұмытпауымыз керек.
  • Біреудің жиғантергені біреуге жұғым болып жарытпасы анық. Алайда, жасалатын қылмыстың дені басқаның мүлкіне қол сұғу, яғни, ұрлық-қарлық екені белгілі. Бұл келеңсіздіктің тыйылмауына не себеп?
  • Тұрмыс түзелмей, тәртіп орнамайды. Әлеуметтік тұрмыстың түзелмеуі қылмыс атаулыға себепші. Мәселен, қалада тіркелген мүліктік қылмыстың саны – 4832. Былтыр бұл көрсеткіш 5601 болған. Төмендеу байқалса да, бұл қуантарлық жағдай емес. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, жастар арасында жұмыссыздық мәселесінің оң шешілуі бұл көрсеткіштің төмендеуінің факторы саналады.
  • Қылмыстың алдын алу үшін қандай жұмыстар атқарылуда?
  • Мәселен, бір ғана автокөлік ұрлауға қатысты қылмыстардың алдын алу мақсатында Қарағанды қаласының ІІБ КПБ бірқатар іс-шараларды қолға алды. Автокөліктердің жиі қолды болатын жерлері мен бөлшектенуі мүмкін орындарды тексеру және автокөлік тораптары мен агрегаттарын бұзумен айналысатын адамдарды анықтау жұмыстарын жүйелі түрде жүргіземіз. Жүргізушілерге автокөлікті ұрлықтан сақтаудың жолы – арнайы дабыл беру жүйесімен, мүмкіндігінше GРS-навигатормен жабдықтау қажеттігі туралы кеңес береміз.Сонымен қатар, көп жағдайда ұялы телефондар ұрлық нысаны болып табылады. Ұялы телефондарды оңай табыс көзі көретіндер оларды қоғамдық көліктерде ұрлайды. Қылмыс жасаған күдіктілерді анықтау мен оларды жауапкершілікке тартуда ұялы телефондарды қабылдау және өткізудің кейбір пунктері кедергі келтіреді. Бірқатар жеке кәсіпкерлер телефонды оларды сатқан адамдардан қолхатсыз қабылдайды. Бұл олардың өздерінің қызметіне немқұрайлы қарайтындығын білдіреді. Қазіргі күні қала бойынша ұялы телефон қылмысын ашу көрсеткіші – 24,4%-ды құрайды.
  • Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің Ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2020 жылдарға арналған бағдарламасының барысына тоқталсаңыз?
  • Қарағанды қаласының ІІБ криминалдық полиция бөлімінің жұмысы осы бағдарлама негізінде жүргізіледі. Қылмыстың жолын кесу мақсатында халыққа түсіндіру іс-шаралары, рейдтік жұмыстар жүргізілуде. Жер-жерлерде полиция қызметкерлері әкімдіктің, күзет мекемелерінің өкілдерімен бірлесіп отырып, халықпен кездесулер өткізуде.
  • ІІБ жедел басқару орталығының қызметі қандай?

    – Әрине, бейнебақылау камераларының біздің жұмыста атқаратын қызметі айрықша. Жедел басқару орталығы сол барлық бейнекамераларды бақылайды. Ол 2003 жылдан бастап жұмыс жасап келеді және техникалық мүмкіндіктері зор. Еліміздегі басқа орталықтарға қарағанда ІІБ жедел басқару орталығының қызметі Қарағанды қаласының аумағындағы 32 учаскелік полиция пунктерінде ғана емес, Абай, Саран, Шахтинск, Теміртау сияқты серіктес қалаларда да жұмыс жасайды. Жедел басқару орталығына 325 камера қарасты. Оның ішінде 198 камера тұрғын үй аулаларында, ірі жол қиылыстары мен қаладағы қоғамдық орындарда тағы 130 камера орнатылған. Сол камералардың көмегімен азаматтар көп шоғырланған жерлер, жол қиылыстары, қозғалыстары үнемі бақылауда. Құқық бұзушылық пен оқыс оқиға орын алған жағдайда бейне тіркеу жүзеге асырылып, мәлімет басқару тобына беріледі. Сол арқылы қылмыстарды ізін суытпай ашуға мүмкіндік туады. Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының жұмысын жетілдіруді тапсырған болатын. Алдағы уақыттағы жұмыстарды осы мақсатта жүзеге асыруды жалғастыратын боламыз.

    Сұхбаттасқан Әсемхан САҒАТҚЫЗЫ,

    Қарағанды ҚІІБ МТАБ жетекші маманы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button