Қорғансыздың күнін кешу енді жоқ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлеріне шабуыл жасап, күш қолданып және қатыгездік танытқан әрекеттерге қатысты жазаны қатаңдатуды тапсырды. Осы мақсатта алдағы уақытта заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілмек. «Біздің дәрігерлеріміздің денсаулығы мен әл-ауқатына нұқсан келтіретін мұндай оқиғалардың «Заң және тәртіп» қағидатына сәйкес құқықтық құралдармен түбегейлі жолын кесу керек», – деп атап өтті Президент өз тапсырмасында. Енді медицина қызметкерлеріне қол көтергендер 5 емес, 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Кейінгі кезде жиілеп кеткен шабуылдар қатаң шараларды қолға алуға мәжбүрлейді. Қарағандыдағы облыстық клиникалық балалар ауруханасында және жекеменшік клиникада болған жағдайлар, одан кейін Қостанайда дәрігердің соққыға жығылуы медицина қызметкерлерінің қорғансыз екенін көрсетті. Дәл осы жайттар бұрыннан айтылып келе жатқан заңнамалық өзгерістерді тезірек жүзеге асыруға негіз болды.
Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне медицина қызметкерлеріне қатысты шабуылдар үшін арнайы бап енгізуді былтыр ұсынған. Биылғы шілдеде Президенттің өзі медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін жазаны қатаңдатуды тапсырды. Министрлікте мәлімдегендей, Қылмыстық кодекске жаңа 158-1 бабы енгізілуі мүмкін. Бұл бап бойынша қауіп-қатер төндіретін қоқан-лоққы үшін 2 жылға дейін шартты бостандығын шектеу, физикалық зорлық үшін – 2-7 жыл аралығы, төтенше жағдай кезінде – 10 жылға, алдын ала келісіп, топ болып жасалған жағдайда 15 жылға дейін бас бостандығын шектеу ұсынылған. Ал, қазір қолданыстағы Қылмыстық кодекстің 107-бабы – «Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру» жазасы бір мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл немесе 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу, 115-бабы «Қорқытып-үркіту» (жәбірлеу, қысым жасау) бойынша 200 АЕК айыппұл немесе қоғамдық жұмыстар қарастырылған. Одан бөлек, 293-бап – «Бұзақылық» (дәрігерге қол көтеру қоғамдық орында жасалса) бойынша 2-5 жылға дейін бас бостандығын шектеу бар. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінде мәлімдегендей, аймақта орын алған екі оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатыр.
«Адам өмірін арашалап жүрген жанға қол көтеру үшін адам қаншалықты деңгейде қатыгез және мейірімсіз болуы керек? Бейбіт уақытта дәрігерлердің өз жұмыс орнында өміріне қауіп төнуі – ақылға қонбайтын, мүлде жол беруге болмайтын жағдай.
Бұл – тек бір дәрігерге жасалған шабуыл емес. Бұл – ондаған пациенттің қараусыз қалуы, ондаған операцияның кейінге шегерілуі. Бұл – бүкіл денсаулық сақтау жүйесіне төнген тікелей соққы. Шабуыл жасалған қабылдау бөлімдері – онсыз да қаупі жоғары аймақтар», – деді министр Ақмарал Әлназарова. Ол мұндай әрекеттерді тұрмыстық қақтығыс ретінде емес, қоғамдық қауіпсіздікке төнген қауіп ретінде бағалау қажеттігін де жеткізді.
«Медицина қызметкерлеріне қарсы зорлық-зомбылықтың жиілеп кетуіне байланысты ішкі істер министрімен бірлесіп, шұғыл түрде ургенттік стационарлардың, балалар және перинаталдық орталықтардың қабылдау бөлімдерінде тәулік бойы күзет посттарын күшейту туралы шешім қабылданды». Бүгінгі таңда министрлік аумақтық полиция департаменттерімен бірлесіп, республика бойынша медициналық ұйымдарда тәулік бойы жұмыс істейтін 152 полиция постының жұмысын қамтамасыз етті. Олар қалалық, облыстық, балалар стационарларында, перинаталдық орталықтарда, аудандық орталық ауруханалар мен аудандық ауруханаларда орналастырылды. Посттарды ұйымдастыру оқиғаларға жедел жауап беруге, шиеленістердің алдын алуға және медицина қызметкерлерінің де, пациенттердің де қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
– Дәрігерлер мен медбикелер жұмыс орнында агрессияға жиі ұшырайды, – дейді «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облыстық филиалы төрағасының орынбасары Элеонора Омарова. – Бұл қорқыту мен соққыға жығылуға дейін барады. Бұл олардың денсаулығына, мотивациясына және жұмыс істеуге деген ықыласына кері әсер етеді. Біз келесідей мәселелерді қолға алу қажет деп санаймыз: медицина қызметкеріне қызмет бабында шабуыл жасауды билік өкіліне жасалған шабуылмен теңестіру, ауруханаларды күзетпен және дабыл батырмасымен қамтамасыз ету, персоналды дағдарыс жағдайында әрекет етуге үйрету, медицина қызметкерлерін құқықтық және психологиялық қолдаумен қамтамасыз ету. Мұндай қолдауды біздің кәсіподақ ұйымымыз көрсетіп келеді. Мәселен, былтыр жедел жәрдем жүргізушісіне шабуыл жасалуына байланысты біздің облыстық филиал жәбірленушіге заңгерлік қолдау көрсетіп, адвокат қызметінің ақысын төледі. Ұйым мұндай қызметтерді көрсетуге әзір.
Әдетте қол жұмсау фактілері жедел жәрдем қызметкерлеріне жасалады. Облыстық жедел медициналық көмек станциясының директоры Жанат Елубаев мұндай әрекеттер үшін жазаны қатаңдату дұрыс шешім деп санайды.
– Мемлекет басшысының дәрігерлерге, соның ішінде, жедел жәрдем қызметкерлеріне күш қолдану фактілеріне байланысты жауапкершілікті қатаңдату жөніндегі тапсырмасын жедел жәрдем қызметі толық қолдайды. Бұл бастама – медицина қызметкерлерінің ар-намысы мен өміріне қол сұғылмауын қамтамасыз етуге бағытталған өзекті әрі қажетті шара. Соңғы жылдары жедел жәрдем бригадалары азаматтарға шұғыл көмек көрсету кезінде түрлі қауіп-қатерге жиі ұшырап жатыр. Әсіресе, оқиға орнында агрессивті мінез-құлық танытатын азаматтар тарапынан келетін қысым мен күш қолдану жағдайлары алаңдаушылық тудырып отыр. Мұндай әрекеттер тек қызметкерлердің қауіпсіздігіне ғана емес, шұғыл медициналық көмектің сапасына да кері әсерін тигізуі мүмкін. Осыған байланысты медицина қызметкерлеріне деген құрмет пен олардың қызметін қорғау деңгейін арттыру – бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Қабылданатын заңнамалық шаралар еліміздегі денсаулық сақтау жүйесінің тұрақты әрі тиімді жұмыс істеуіне септігін тигізетініне сенім білдіремін, – дейді Жанат Елубаев.
Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»