Бас тақырып

«Қорғансыздың күнін» кешпес үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын мақұлдап, бала қауіпсіздігін күшейтуді тапсырды. Бала құқығын қорғап, денсаулығын сақтау жүйесін нығайту аса маңызды екенін атады.

Дегенмен, қоғамда балаға қатысты қайғылы жағдай азаймай тұр. Өңірде қараусыз қалып, терезеден құлайтын бала көбейді. Жасөспірімді қағып өтіп, оқиға орнынан ізін суытатындар шықты. Жаңа туған нәрестесін далаға тас­тап, бейқам жүрген ата-ананы да көрдік. Бала құқығын аяққа таптайтындай не күн туды? Баладан неге безіндік?

Коллажды жасаған А.Рақымжан

Бүгінде елімізде 6,8 миллион бала бар. Бұл көрсеткіш үнемі өсу үстінде. Әр жылы 400 мыңнан астам сәби дүниеге келетінін ескерсек, қазір еліміздегі 7 мыңнан астам мектепте 3,8 млн бала білім алуда. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Ирина Киселева өңірде балалар құқығы лайықты қорғауда екенін айтады.

– Жылына облыста бала құқығын қорғауға қатысты 120-ға жуық сұраныс түседі. Көп жағдайда көпбалалы отбасылар баланы тамақпен қамти алмай, әлеуметтік қолдау сұрайды. Балаларын жиі ұратын әкелер жайлы мәселеге араласамыз. Жақында Қарағандыда баласын қалдырған ата-ана жайлы мәселе көтерілді. Бұл жағдайда жастарға түсіндіру жұмыстарын жүргіздім, – дейді Қарағанды облысындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Ирина Киселева.

Оқушыға мектеп керек

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін 1000 мектеп салу жайлы тапсырма берген. Заң аясындағы өзгертулер де алдымен мектептер мен балабақшаларды қамтамасыз етпейінше көпқабатты үй салуға тыйым салды. Оған қоса, мемлекеттік мектептер мен колледждерді жекешелендіруге жол жоқ. 30 жылдан астам пайдаланылған мектеп, балабақша және колледж ғимараттары әр 5 жыл сайын апаттылық қаупі бойынша тексерілмек.

– Қамқорлыққа мұқтаж балаларға айрықша көңіл бөлінеді. Оқу-ағарту министрлігі балалардың қолайлы және қауіпсіз білім алулары үшін барлық жағдайды жасап отыр. Соңғы 3 жылда үш ауысымды оқу және орын жетіспеу мәселесін шешу үшін елімізде 626 жаңа мектеп салынды. Биыл тағы да 130 мың оқушыға арналған 154 мектеп салынып жатыр, – деді Ғани Бейсембаев.

Мектептегі орын тапшылығы – орта білім беру жүйесіндегі өткір проблема. Қазіргі таңда елде 225 мың оқушыға орын жетіспейді. Осы мақсатта «Жайлы мектеп» қолға алынды. Ұлттық жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 2,3 трлн. теңге бөлу көзделген. Мысалы, 2023 жыл – 500 млрд теңге, 2024 жыл – 976,3 млрд теңге, 2025 жыл – 909,4 млрд теңге. Былтыр «Самұрық-Қазынаға» тиісті көлемде 500 млрд. теңге қаржы аударылған.

– Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025 жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді. Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Оның санын бір мыңға жеткізуді міндеттеймін, – деген болатын Мемлекет басшысы.

Мәселен, биыл Қарағандыда үш ауысымдық мектеп мәселесін жою мақсатында 7 100 орындық 10 мектеп салынады. Атап айтсақ, Қарағандыда – 4 мектеп, Балқаш қаласында –1, Бұқар жырау ауданында – 3, Шет ауданында – 2 мектеп пайдалануға беріледі.

Қазіргі таңда қалалық №101 мектеп-лицейі де үш ауысымда жұмыс істеп тұр. Үш ауысымды жою мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында «Гүлдер» шағын ауданында 300 оқушыға арналған мектеп те пайдалануға беріледі деп күтілуде. Осылайша, үш ауысымда оқытатын мектептің мәселесі шешілмек.

Баланы кезекке қою платформа арқылы жүзеге асады

Заң аясында 1 сыныпқа қабылдау үшін емтихан өткізуге тыйым салынды. Тиісінше депутаттар алты жастағы баланы емтиханмен іріктеу тиімсіз екенін алға тартты. Бұл баланы мектепке қай жастан берген дұрыс деген сұрақты қайта қозғап отырғаны рас. Көпшілік баланың мектепке ерте барғаны абзал десе, екіншісі емтиханда ештеңе білмей тұрса, асығуға негіз жоқ екенін айтады. Психологтар пікірінше, «1 сыныпқа қабылдайтын емтихан көрсеткіші нашар» дегенді естіп, не істерін білмей қалған ата-аналар кездескен. 6 жастан қабылдау және емтихан тапсыру жайлы Заң шыққанда балабақшадан қуылып, мектепке мәжбүрлі түрде жіберіп жатқан жағдайлар қаптап кеткен-тін.

– Педагогтар сабақты тез ұғатын, физикалық дамуы жетілген балаларға көбірек көңіл бөледі. Сондықтан, әр баланың жағдайын жеке қарау керек. Кейбір балалардың емтиханға қабілеті мен пайымы жетпеуі мүмкін. Қазіргі білім жүйесінде мектеп жасындағы балалардың жүктемесі тым ауыр. Оны игеріп, балаға түсіндіру бала түгілі, ата-ананың өзіне оңай емес. Емтихансыз мектепке қабылдау – дұрыс шешім, – дейді №34 мектептің оқушысы Зеренің анасы.

Сыбайлас жемқорлықты азайту мақсатында Заңда баланы кезекке қою да бірыңғай ақпараттық платформа арқылы жүзеге асырылатын болды.

– Бәрі біле бермейді, бірақ қазіргі кезде балабақшаларды, мектептерді және колледждерді басқару, тағайындау, қаржыландыру және әкімшілендіру мәселелері әкімдіктердің қолында. Алайда, әкімдіктер білім сапасына заңнамалық тұрғыда жауапты болмаған. Білім-инновация лицейлері секілді желілік мектептер туралы норма енгізілді. Қ.Сәтбаев атындағы инженерлік мектептер, Жәутіков атындағы IT мектептер және Абай атындағы гуманитарлық мектептердің желісін ашуды 2020 жылдан бастап едік. Оларға арнайы бір басты ұйымға барлық қызметті үйлестіруге, жалпы бағдарламаны енгізуге, кадрларды басқаруға, біліктілікті арттыруға мүмкіндік беретін осындай норма енгізілді, – деді депутат Асхат Аймағамбетов.

Терезе жайы не болды?

Заң аясы көпқабатты үйлердің терезелері арнайы қауіпсіздік механизмдерімен немесе құлыптармен жабдықталуын міндеттеді. Бұл – балалардың терезеден құлауының алдын алады.

Парламент Сенаты ресми сайтының ақпаратына сүйенсек, терезелердің ашылуына тосқауыл қоятын арнайы механизмдерді терезелерге міндетті түрде орнату бойынша заңнамалық талаптар белгіленді.

Қарағандыдағы Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуынша, балалар ата-­аналардың мінез-құлқын әрдайым қайталайды. Оларды құлаудан сақтау үшін – ересектер терезенің жанына жиһаз қоймауы тиіс. Бала ешқашан терезесі ашық бөлмеде қараусыз қалмауы керек. Егер терезе алдында үйге қажетті заттар тұрса, ол балаға терезенің астына оңай шығуға мүмкіндік береді. Статистика мәліметтері құлау жағдайларының көбі балаларды қысқа уақытта қараусыз қалдыр­ғанда орын алатындығын айғақтаған.

Департаменттегілердің сөзіне сүйенсек, балалардың отпен ойнауы оқыс оқиғаға ұшыратады. Баланы терезеге жүгіруге мәжбүрлейді.

– Балаларын үйде қалдырып, кілттеп кететіндер бар. Әсіресе, сіріңкелерді жасырмай, электр қуатымен жұмыс істейтін құралдарды ток көзінен ажыратпай кетеді. Балалар осының бәрін ұстап көргісі келеді. Кейін ол өртке ұрындырады. Әкелер кешкі ас бар­ысында балаларға от және тоқ құралдарымен терезе алдында ойнау – қандай жағдайға ұшырататынын түсіндіруі керек, – дейді департамент мамандары.

Телефонға тыйым салғаны рас па?

Сабақ кезінде ұялы телефондарды пайдалануды шектеу жайлы арнайы норма да Заң аясына енгізілді. Норма тек сабақ кезіндегі шектеулерге қатысты. Бала телефонын мектепке әкеліп, тек үзіліс кезінде пайдалана алады. Бұл тұрғыда ешқандай шектеу жоқ. Ал, сабақ кезінде тек оқумен айналысуы тиіс.

ЮНЕСКО-ның есебінше, ұзаққа созылатын ашық экран балалардың эмоционалды тұр­ақтылығына әсер етеді. Сондықтан ұйым балаларға смартфон қолдануға тиым салған.

– Цифрлық революцияның өлшеусіз әлеуеті бар, бірақ оның қоғамда қалай реттелуі керектігі туралы айтылған ескертулер білім беруде, оны қолдану тәсілінде де айтылуы керек, – деді ЮНЕСКО директоры Одри Азуле.

Жаһандық телефон тыйымы жайлы ұсынысты алғаш 2018 жылы Франция елі қолдапты. Қазіргі таңда Тәжікстандағы білім заңының 25-бабында бастауыш және орта мектеп оқушыларының ұялы телефон қолдануына тыйым бар. Ал, Өзбекстанда мектепке кірерде барлық құрылғының өшірілуі – міндетті.

Қалалық ІІД-нің жергілікті полиция өкілдері оқушылар арасында телефон қолдануға тиым салу – ұялы телефон ұрлығын болдырмайтынын айтады. Ал, логопед-дефектолог мамандар жалпы баланың ұялы телефоннан бас тартуын жақсылыққа балап отыр.

– Сабақта телефонға үңілмеу оқушының көру қабілетін сақтайды. Оқу кезінде интернетте отырып, ойын ойнамайды. Қажет кезінде баламен байланыса алмай қаламыз деген қорқыныш бар. Шектеу тек оқу процесі кезінде ғана қолданылғаны дұрыс. Үй жұмысын телефон арқылы жіберіп, үйге берілген тапсырманы телефон арқылы орындауын талап ететін мұғалімдер бар. Мектеп әкімшілігі оқушыларға телефонды қажет жағдайда ғана дұрыс қолдануды түсіндіруі қажет, – дейді 6 сынып оқушысының анасы Гүлмира Сәтбекқызы.

Ал, оқу-ағарту министрлігінің Орта білім комитеті «құжаттың мәні – сабақ кезінде қажеттілік болмаған жағдайда, педагог пен оқушыға ұялы телефон қолдануға тыйым салынады» деп мәлімдеді.

– Сабақ үстінде телефон қолдануға тыйым салынады. Бұл оқушыға да, мұғалімге де қатысты мәселе. Өйткені 45 минут сабақтың өзінің кезеңдері бар. Мысалы, үй тапсырмасын тексеру, жаңа тақырыпты түсіндіру және оны бекіту, жеке және топпен жұмыс. Осы жұмыстарды ұйымдастырып, өткізуге әрине телефон кедергі жасайды, – деді Орта білім комитеті төрағасының орынбасары Зәуре Байменова.

Мұғалімдер тарапы «ең басты жауапкершілік ата-анада» дейді. Ата-ана баланың қызығушылығына мән беріп, оқуға, спортпен немесе шығармашылықпен айналысуға, еңбекке баулуы тиіс. Білім саласының қызметкерлері балаға телефон сатып әперуден бұрын дұрыстап ойлануды ұсынады.

Жасөспірімге «ЖОҚ» деуді үйрет!

Президент «Әр баланың психикалық саулығы – өте маңызды» екенін қадап айтты. Білім беру мекемелеріне психологиялық қолдау қызметін күшейту қажеттігін тапсырды. Қоғам құбылып тұрған шақта, әр балаға психологтың көмегі керек-ақ. Қазіргі таңда балаға қатысты оқыс оқиғаның жиілегенін ескерген психологтар, бала қауіпсіздігі үшін, олардың өздеріне не істеу керектігін ашық айтады. Алдымен, көшеде бейтаныс адаммен сөйлесуге және оны үйге кіргізуге болмайтынын балаларға ескертуді міндет санайды.

– Подъезд және лифтке бейтаныс адаммен кіруге болмайды. Басқа ересек адамды не әйел адамды күткен дұрыс.Үлкендерсіз бөтен автокөлікке отыруға болмайды. Көпшілік ата-аналар балаларына такси шақырып береді. Кейін көліктің номерін, түрін сұрасаң, білмей отырады. Такси қызметі – бала үшін қауіпті. Кешкілік уақытта баланы дүкенге жалғыз жіберу – өте қауіпті. Қазіргі таңда бейтаныс адамның су сұрауы, телефонмен сөйлесуге рұқсат сұрауы, ата-анаға хат жазамын немесе құжат қалдырамын деуі белең алды. Егер баланы үйге жалғыз қалдырсаңыз, үйде ересек адамдар болмағанда есікті ашуға болмайтынын ескертіп кету қажет, – дейді психолог Сәуле Аяпбергенқызы.

Адам жанын түсінетін психологтар әрбір ата-ана баласына «жоқ» деуді үйретсе екен дегенді айтады. Мәселен, бала көшеде кездескеннің «үйіңе дейін жеткізіп салайық» деген ұсынысына «жоқ» деуі тиіс. Әлеуметтік желі арқылы танысып, кездесуге шақырса, жасөспірімдер үйдегі үлкендерге ескертуі – міндетті.

Бала мәселесінде психологтар күн-түн демей дабыл қақты. Осылайша бұл мәселе қоғам назарына ілікті. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында көп мәселе «Заң аясында шешіледі» деген үміт басым.
Бала – балалыққа салып, Заңды – заңдылық деп қабылдамауы мүмкін. Алайда, ересектер – ескеруі тиіс мәселе көп…

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button