Жаңалықтар

“Қорғансыздың күні” немесе әйел мен балаға зорлық қашан тыйылады?

Қоғамда айтуға ауыз бармайтын, бірақ айтпасқа амал қалдырмайтын әйел мен балаға қатысты қылмыс дендеп тұр. Далаға шыққан баласының соңынан дабыл қағып, ебіл-дебілі шыққан ата-ана қатары кемитін емес. Зорлық-зомбылық етек алды. Интернетті ашып қалсаңыз, қызына, әйел затына, баласына иттік жасағанды айтып, еңірегенде етегі жасқа толған ел. Сондықтан, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажеттігін» атады Жолдауда. Осы орайда Парламент пен Үкіметке тапсырма берді. 

МӘСЕЛЕНІҢ МӘНІСІ НЕДЕ? 

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120-бабына сәйкес, зорлау көрінеу кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалса, 17 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға, не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады. Ал, ересек әйел адамға осындай қылмыс жасалса, үш жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

Ал, 2000 жылдың мамырында зорлау – ауыр қылмыстан ауырлығы орташа қылмысқа ауыстырылды. Ондағы мақсат не еді? Осылайша жазаны жұмсарту арқылы жәбірленушілер көрген қорлығын жасырмай ашық айтады деген үміт болған. Сол үміт ақталды ма? Проблема – зорлау болғанымен, оны бала мен әйел деп бөліп қарауға мәжбүрміз осы күні. 

БАЛА, БАЛА, БАЛДЫРҒАН, КӨҢІЛІҢДІ КІМ ҚАЛДЫРҒАН?! 

Бұған дейін қоғам белсенділері балаларға зорлық көрсетілуіне байланысты ел Президенті Қасымнемесе әйел мен балаға зорлық қашан тыйылады? Қызғалдақ АЙТЖАН, -Жомарт Тоқаевқа ашық хат жариялағаны белгілі. Туғаны бар, тумағаны бар, жақыны бар, жаты бар балаларға айуандық әрекет жасау толастамады. Тіпті, осы күні баланы кімге сеніп бірер сағатқа қалдыруды білмейді ата-ана. Туғанына тапсырып, жарты сағатқа дүкенге шығып кеткеннің өзі – қауіп. 

Үлкен шаһар тұрмақ, алақандай ауылдарда осындай адамның жағасын ұстатқан оқиғалар белең алып барады. Көпшілігінде ондайды «қол сынса, жең ішінде, бас жарылса, бөрік ішіндемен» қалдырып, жаба салу да біздің менталитетке өте-мөте тән. Бұл болса, сондай хайуандықпен ауызданғандардың жазадан құтылуына әкеп соғады. Президенттің Жолдауында заңнаманы қатаңдату туралы тапсырмасы мұның жолын кесуі тиіс. 

Еліміздің құқықтық саласында балаға азғындық әрекет жасағанға бас бостандығынан айыру және 2018 жылдан бері химиялық кастрация қарастырылған. Ал, бұл жазалар мұндайлардың бетін қайтарды ма? 

Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданының №2 аудандық сотының судьясы Бақытбек Шайзадаев кейбір қылмыстардың, тіпті, тіркелмей қалатындығын айтады. 

– Қарағанды облысы бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу басқармасының мәліметіне сәйкес Қарағанды облысы бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 120- бабы, яғни, зорлау бойынша 2017 жылы – 117 қылмыс, 2018 жылы – 74, ал 2019 жылдың 8 айында – 53 қылмыс тіркелген.

Бұл тек арнайы мәліметтер ғана, ал қаншама осы реттегі қылмыстық әрекеттер тіркелмеуде. Оған дәлел – қазіргі әлеуметтік желідегі қызу талқыға түсіп жатқан оқиғалар. 

Негізі кез келген жауаптылықты қатаңдату шараларының басты мақсаты, сол құқық бұзушылықтардың алдын алу. Осы орайда Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында әйел мен жасөспірімдерге қатысты қылмыстық жауаптылықты қатаңдатуға қарсы берген тапсырмасын уақыт талабы деп түсінеміз, – дейді судья. 

Бұған дейін жария етілген қоғам белсенділерінің дерегінше, былтырғы жылы елімізде 84 бала зорлық көрген. 88 бала осындай бағыттағы әрекеттерді басынан кешіріпті. Баланы азғындыққа бұрған 138 жағдайдың дерегі тіркеліпті. Бас прокуратураның мәліметтерінде соңғы бес жыл көлемінде мұндай тіркелген қылмыс бес есеге өскен. 

Оған қоса, ақпараттар қазіргі уақытта Қазақстанда 3 сағат сайын бір әйелдің, ал, тәулігіне екі баланың зорлық көретінін айғақтап отыр. Мұны осы қылмыстан қорғауға қатысты құрылған қоғамдық ұйымдар растайды. «Не молчи Дети. кz» қоғамдық ұйымының айтуынша, ҚР Қылмыстық кодесінің 120,121-бабы бойынша өткен жылы республика көлемінде 1332 шағым түссе, оның 231-і балаларға қатысты. 

ЗАҢНЫҢ ІЗГІЛІГІ ЖАЗАДАН ҚҰТҚАРЫП ТҰР 

Ал, 2019 жылдың жарты жылының өзінде 799 әйел зорлық көрген. Былтырғы жылы елімізде 1332 шағым түссе, оның тек 454-і ғана сотқа жолданған. Сарапшылардың пікірінше, арыз-шағымдардың тек 30-40 пайызы ғана сотқа дейін жетеді екен. Себеп?! Мұны қоғамдық ұйым өкілдері әйелдердің сотқа дейінгі өндірісте көретін небір кедергі-көрешектерімен байланыстырады. Тергеу барысында әйелдің психологиялық ауыр күйді басынан өткеруі де қылмыскерлердің жазадан құтылуына ықпал етуде. Мұның сыртында, жазаның жеңілдігімен және заңда бейбіт жолмен келісімге келу де сеп болып тұр. Көптің пікірінше, заң күшейіп, мұндай жағдайда бейбіт жолмен келісімді мүлдем алып тастау қажет. Сонымен қатар, бас бостандығынан айыру жылдарын көбейту керек. Қазіргі заңнама бойынша бұл мерзім 3 жылдан 5 жылға дейінгі аралықты қамтиды. 

Теміртаудағы «Мой дом» дағдарыс орталығының заңгері Светлана Горбуша Президенттің әйел мен балаға қатысты қылмыста жазаны қатаңдату туралы тапсырмасының өзекті екенін мақұлдайды.

– Мен зорлыққа тап болған әйелдермен де, балалармен де жұмыс істеп келемін. Жиырма жылдан астам уақыт ішкі істер органдарында қызмет еткенде, одан кейін заңгер ретінде зорлықтан қан қақсаған әйелдермен жиі кездестім. Сонда әйелдердің басынан кешірген ауыр күйлерін көрдім. Ол – ең әуелі, қорғансыздығы мен қауқарсыздығы. Мен зейнетке шығып, қоғамдық бірлестік құрамында заңгер ретінде әлі күнге дейін зорлықтан зардап шеккен әйелдерді кездестіріп келемін. Биылғы жылдың өзінде 40 әйел өтінішпен келді. Сондықтан, заңды қатаңдату қажет деп білемін, – дейді заңгер. Оның айтуынша, зорлық салдарынан өзіне-өзі қол салу жайттары орын алады.

ҚАЙТСЕ ЗОРЛЫҚ ТЫЙЫЛМАҚ?

 Білуімізше, ІІМ және халық қалаулылары жазаны 5 жылдан 8 жылға дейінгі аралықта бас бостандығымен айырумен алмастыруды ұсынады. Мұндай тәжірибе өзге елдерде бар көрінеді. Cондайақ, қылмыскердің жағдайын жеңілдететін жайттарды алып тастау да айтылуда. Яғни, ол – бұрын сотты болмағандығы, кәмелетке толмаған балалары, жақсы мінездеме деген секілді себептер.

Зерттеулер Еуропада білімді адамдар шоғырланған қала, мекендерде зорлықтың көрсеткіші төмен екенін айғақтапты. Оған қоса, бұл қылмысты біздің елде ішімдік ішкен, нақты бір білімі және белгілі бір жұмысы жоқ адамдардың жасайтыны белгілі болып отыр. 

ТҮЙІН 

Кейбір ел мұндай қылмыскерлерді өлім жазасына кеседі екен. Мәселен, Үндістанда 12 жасқа дейінгі балаға зорлық көрсеткенге өлім жазасы бар. Ал, Ұлыбритания ғұмыр бойына еркіндігін шектесе, зорлауға әрекеттің өзін 10 жылға соттайды екен. Ал, АҚШ-тың Монтана штатында кез келген зорлыққа бас бостандығынан өмір-бақи айырады. Егер бұл қайталанса, өлім жазасын тағайындайды. Біздің елдің де заңды қатаңдатуда ойланатын тұсы – осы.

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button