Қорғанда қайратын танытты
«Сарыарқа» сырттағы ойындар сериясын жеңіспен тәмамдады. 28 желтоқсан күні Қорған қаласында жергілікті «Зауральемен» кездескен қарағандылық ұжым 0:3 есебімен басым түсті.
Алғашқы шайба 5-ші минутта соғылды. Шабуылшы Валерий Поляков мергендігімен көзге түсті. 0:1.
31-ші минутта шабуылшы Олег Ломако қорғандықтардың қорғанысын тас-талқан етіп, есепті еселеді. 0:2.
Ал, арада алты минут өте (37-ші минут) тағы бір шабуылшы Артур Сарваров таблодағы көрсеткішті 0:3-ке жеткізді.
Вадим ЕПАНЧИНЦЕВ, «Сарыарқа» ХК бас бапкері:
– Кездесуде біздің ойыншылар толық құраммен ойнамаған сәттер болды. Тіпті, бір жарым минут бес ойыншыға үш адам қарсы ойнады. Алайда, «сарыарқалықтар» қайратын танытып, қақпаны қорғап қала алды. Қарсыластардың қауіпті соққылар жасауына мүмкіндік бермеді. Үшінші кезеңде қорғанысқа көңіл бөлдік. Менің ойымша, бұл матчта командамыз жеңімпазға тән өнер ойын өрнегін көрсетті.
Сөйтіп, ЖХЛ-дағы 36 ойыннан кейін «Сарыарқа» үшінші сатыға орналасты. Қоржында – 70 ұпай. Өскемендік «Торпедо» 79 ұпаймен бұрынғыдай көш бастап келеді. Екінші саты 72 ұпайы бар петерборлық «СКА-Неваның» еншісінде.
«Сарыарқаның» келесі төрт матчы Қарағандыда өтеді. 10 қаңтарда Төменгі Тагилдің «Спутнигін», 12 қаңтарда Пермьнің «Молот-Прикамьесін», 14 қаңтарда Ижевскінің «Ижсталін» және 16 қаңтарда Нефтекамскінің «Торосын» қабылдайды.
Нұрқанат ҚАНАФИН