Қорға қос бесік қосылды
Біз үшін қасиетті бесікті қоқысқа тастау – қазақы танымға жат. Алайда, жуырда балқаштықтар қоқыс жәшігінің жанынан қос бесікті тауып алды. Бір қуаныштысы, қос бесік енді Балқаш қалалық тарихи-өлкетану музейі төрінен орын алды. Осылайша, қос жәдігер тарихи құндылық ретінде қайта жаңғырды.

Музей ұжымы бастапқыда таңданысын жасыра алмағанымен, қос бесікті қор қатарына қабылдауға шешім қабылдаған. Музейдің ғылыми қызметкері Арай Ахметованың айтуынша, бесікті ымырт кезінде тауып алған.
– Түнде қоқыс төгуге шығып, екі бесікті көріп қалдым. Қазақ үшін бесік – киелі дүние. Оны сыртқа тастауға дәті барған жанның жайын түсіне алмадым. Мүмкін, бір жаман ырымнан қорықты ма екен, әлде отбасы қайғысы себеп болды ма, белгісіз, – дейді ол.
Бір қызығы, табылған қос бесіктің жасалу үлгісі, өрнегі мен ағаш өңдеу тәсілі бірдей. Шебер қолдың табы айқын байқалады. Мамандардың пайымынша, екі бесік те бір ұстаның қолынан шыққан болуы әбден мүмкін. Ағашының таңдалуы, иіндерінің иірімі, бөлшектерінің қиюласуы – барлығы өзара үйлесіп, ортақ қолтаңбаны аңғартады.
Айта кетейік, бұл жайт әлеуметтік желіде жарияланған соң көпшілік арасында қызу пікірталас туған. Перзент сүйе алмай жүрген жандар бесікті ырымдап сұраған. Бұл бесіктің қазақ ұғымындағы орнының әлі де биік екенін көрсетеді. Қоқыс жәшігінің жанынан табылған қос бесіктің музейге жол тартуы – қоғамға ой салған оқиға. Бастысы, киелі бесіктің қадірі кемімей, керісінше, тарихпен бірге жаңғыра түскені көңілге медеу болды.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ



