«Oqyrman» – алтын көпір
Қарағанды қаласындағы «Oqyrman» кітап дүкенінде филология ғылымдарының докторы, профессор, алаштанушы, жазушы Тұрсын Жұртбаймен кездесу өтті. Кездесуге ұлт жанашыры, белгілі кәсіпкер, меценат, «Natige» ЖШС директоры Ерлан Әшім ағамыз ұйытқы болды.
Әдебиет әлемінің тұңғиығына бойлап, әр шығарманы зерделеп, көркем туындыны өз деңгейінде түсінудің өзі бір ғанибет дүние. Ал, әдеби шығарманы оқып, түсінумен қатар, оның жазылу тарихын білу – бөлек әңгіме. Міне, күнде қолға түсе бермейтін осындай бағалы сәттерге осы кездесуде куә болдық.
Өте қызықты әрі танымға толы жиында «Абай жолы» роман-эпопеясы туралы ғана емес, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылық жолына қатысты да тың деректер, Алашорда туралы көп айтыла бермейтін мәліметтер ортаға салынды.
Аталған кездесуге аймақтың белгілі тарихшы ғалымдары Сағындық Жауымбаев, Нұрсахан Бейсенбекова, Мәулен Жакин және ғылымға талаптанып жүрген Әділет Жағыпар, ардагер ұстаздар Ғазиза Ғабдоллақызы, Айткүл Төлеуханқызы, Күлшім Төлеуханқызы, Желтоқсан оқиғасының ардагерлері Абай Абдрахман, Жәлел Әуез ағаларымыз және мектеп ұстаздары, жастар, қала тұрғындары қатысты.
– Тұрсын Құдакелдіұлының Алаш тақырыбындағы зерттеулерін жастана оқығанмын. Ғылымға, қаламға адал жан. Ғалым деп айтуға тұрарлық, қазақ ғылымына өлшеусіз үлес қосқан соқталы тұлға. Жазушылығы бір төбе. Портреттері мен мақалалары бір бөлек. Ал, Құнанбай қажы туралы еңбегін оқығанда қатты таң қалдым. Тарихи шындық пен көркем шындықтың аражігін ажыратып берген өлмейтін туынды. Кездесу жоғары деңгейде өтті. Ұйытқы болған азаматтарға мың алғыс, – дейді М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапхананың өлкетану әдебиеттері бөлімінің меңгерушісі Айткүл Төлеуханқызы.
Кездесу емен-жарқын еркін форматта өтіп, сұрақ-жауап түрінде өрбіді.
Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz