Жаңалықтар

«OPEN ABAY» жобасы: ашық һәм тиімді жүйе

Абай ауданы әкімінің аппараты ауданның тыныс-тіршілігіне, тұрғындардың тұрмысына қатысты мәселелерді тез, әрі сапалы шешіп, халықпен ашық сұхбат жүргізу үшін «OPEN ABAY» жобасын ұйымдастырды. Аталмыш жоба «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы және Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауындағы «Тиімді мемлекеттік басқару» және «Ақылды қалалар» (smart city) бағыттары бойынша жүзеге асырылды.

Қоғамдық қабылдаудың ашылуына ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Ж.Сәрсенов және Абай ауданының әкімі Б.Асанов қатысты.

«Open Abay» жобасы – түрлі өмірлік жағдайларды шешу және тұрғындарға қызмет көрсету, қоғамдық қабылдауға келген әрбір жанға тиісті кеңес беру, ашық сұхбат құру жөніндегі жаңа жоба. Қоғамдық қабылдау мемлекеттік органдардың жұмысы тиімділігін арттырумен қатар, тұрғындар алдында ашықтығын, есепті екенін көрсетеді.

Әсіресе, «Open Abay» жобасы 120-дан астам мемлекеттік қызмет көрсететін 20 мемлекеттік мекемені бір шаңырақ астына біріктірді. Атап айтар болсақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, сәулет және жер қатынастары бөлімі, ауыл шаруашылығы бөлімі, мемлекеттік кірістер басқармасы, кәсіпкерлер палатасы, әділет басқармасы және тағы басқаларының басын құрады.

Жергілікті билік өкілдері «Open Abay» қоғамдық қабылдауы тұрғындар үшін ең басты сұхбат алаңына айналып, өздерінің көкейлеріндегі түйіткілді мәселелердің жауабын алуға септігін тигізетіндігіне сенімді.

Бұл қабылдаудың болатыны жөнінде аудан тұрғындары дыбыстық жарнама, БАҚ және аудан әкімінің сайты арқылы хабардар етілді. Қоғамдық қабылдау қала орталығындағы «Юбилейный» концерттік залы ғимаратында жиі өткізілетін болады.

Гүлнұр ОҢАЛЫСҚЫЗЫ.

АБАЙ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button