АймақПриозерск

Қоныс тойын тойлады

Приозерскіде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 45 отбасы пәтерлі болды. Кезекте тұрған баспана иелері жаңадан салынған бес қабатты тұрғын үйдің алдына жиналып, қала әкімі Сапар Сатаевтың қолынан пәтер кілтін алды.

– Қоныстанушыларды құттықтаймын және оларға жаңа пәтерлерде бақыт пен амандық тілеймін. Олардың көпшілігі бұл күнді жылдар бойы күтті. Аула аумағын абаттандыру міндетті түрде соңына дейін жеткізіледі, – дей келе Приозерск қаласының әкімі Сапар Сатаев қысқа мерзімде үйді салып берген құрылысшылардың еңбегін атап өтті.

Осы күнге дейін екі баласымен пәтер жалдап тұрған 31 жастағы жалғызбасты ана Айнұр Асанова кілт алған сәтте қуанышын жасыра алмады. – Екі бөлмелі пәтер алып жатырмын. Жеті жыл бұрын күйеуімнен айырылып, үйдің кезегіне тіркелгенмін.

Екі баламды жалғыз тәрбиелеп отырмын. Бірнеше жыл бойы айына 50 мың теңгеге пәтер жалдадым, коммуналдық қызмет ақысын төледім. Мұның бәрі отбасылық бюджетке ауыртпалық салды. Өз баспанаң болғаны үлкен бақыт екен. Ризашылығым шексіз, – дейді Айнұр Асанова.

Айта кетейік, тұрғын үй көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, толық емес және аз қамтылған отбасыларға, жетім балаларға, басқа да әлеуметтік осал топтарға берілді. Келешекте балалар ойын алаңын жайластыру, орындықтар мен урналарды орнату, сондай-ақ ауланы жарықтандыру жоспарлануда. Жақында «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында несие алу бұрынғыдан да жеңілдей түсетін болады. Мамандардың мәлімдеуінше, қазіргі таңда Приозерск қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде 360 адам тұрған көрінеді.

Нұрдос КӘРІМ,

ПРИОЗЕРСК.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button