АймақНұра

Қоныс аударушыға қолдау бар

Нұра ауданының Жараспай ауылдық округі қоныс аударушыларды баспана жəне жұмыспен қамтуға дайын. Қоныс аударушыларға көмір беріледі. Сондай-ақ, көтерме жəрдемақы төленіп, малын азықпен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар.

Сурет əкімдік сайтынан

Жараспай ауылдық округі Қарағандыдан – 220, Астанадан – 150 жəне ауданның əкімшілік орталығынан 60 шақырым жерде орналасқан. Қазіргі таңда ауылда 11 жылдық мектеп пен шағын орталық, күндізгі стационары бар фельдшерлік-акушерлік пункт, Мəдениет үйі, саябақ, наубайхана, тойхана, асхана жұмысы жанданған. «Жараспай» ірі серіктестігі бар.

– Қоныс аударудағы мақсат – ауылдық округ тұрғындарының, сондай-ақ, мектеп жасындағы балалардың санын арттыру. Бұл орайда көпбалалы отбасыларға басымдық береміз. Олар мектепті сақтап, жұмыс күшімен қамтамасыз етуге көмектеседі. Ауданға математика, география, биология жəне химия, дене шынықтыру пəндерінің мұғалімдері керек. 20 мың гектар жерде бидай өсірумен айналысатын «Жараспай» ЖШС-не агроном, механизаторлар мен инженерлер қажет. Серіктестікте барлық техника жаңа, тек жұмыс істейтін қызметкерлер қажет, – дейді ауылдық округ əкімі Жанкелді Рахымжанов.

Жалпы, Жараспай ауылында жайлы тұрмысқа қажетті жағдайдың бəрі бар. Өткен жылы 17 шақырым су құбырының құрылысы басталды. Жазда орталық сумен жабдықтауға 170-ке жуық үй мен 30 əлеуметтік нысан қосылады. Ауылда заманауи ойын алаңдары, көпфункционалды хоккей корты бар. Алдағы уақытта 100 жаңа жарықтандыру тіректерін орнатып, мектеп жанындағы аумақты асфальттау жоспарланған.

– Ауылдағы жол бойында автобустар Астанаға, Қарағандыға қатынайды. Жазда демеушілік қаражат есебінен волейбол алаңын жабдықтап, мешітті жөндейміз, – дейді ауылдық округ əкімі.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button