Онлайн төлем кімге оңтайлы?
Наурыз айынан Қарағанды қаласындағы қоғамдық көліктер жаңа жүйеге көшеді деп жоспарлануда. Тұрғындар бұдан былай жол ақысын арнайы карта арқылы төлейді. Қазірдің өзінде 550-ден астам автобусқа терминал қойылып, 300-ден астам арнайы монитор орнатылды. Жаңа жүйеге көшуде қала автопарктерінен және бюджеттен ешқандай қаражат бөлінген жоқ. Барлық шығынды Кореяның «SMART CARD» компаниясы өз мойнына алып отыр.
Қарағандыда – жаңа жүйе
Онлайн төлем жүйесі алғаш Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында енгізілгенін білеміз. Жүйені халық түсінгенше, біраз қиындықтар да болды. Уақыт өте келе онлайн төлемге де халықтың еті үйренді. «Бұл жүйе несімен ерекше? Аталған қалалардағы кемшіліктер бізде де орын алмай ма?» деген сауал көпшілік көкейінде…
Қазіргі таңда қала ішінде қатынайтын автобустың барлығы дерлік арнайы аппаратпен жабдықталып үлгерді. Жолаушылар көліктің артқы есігінен кіріп, алдыңғы есігінен шығады деп жоспарлануда. Бұл реттіліктің тиімділігі алдағы тестілеу режимінде байқалады.
Жүргізушілер шағын монитор арқылы жолаушының жолақы құнын төлеген немесе төлемегенін бақылап отырады. №3 автопарк автобустары жаңа құрылғылармен толықтай қамтамасыз етілген. Мониторлар толығымен қойылғаннан кейін оған арнайы бағдарлама енгізілмек.
«SMART CARD» компаниясының бас кеңсесі – Алматыда. Аппарат арқылы жинақталған қаржының барлығы бірінші шетелдік компанияға түседі. Сосын автопарк басшылығымен келіскен қаражаттың белгілі бір пайызы аталған компания еншісінде қалады.
Компания басшысы Джейсон Ан Корея елінен қосымша карточкалар мен 300 терминал жіберген. Қазір Алматыда тауарға кедендік тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бұдан былай автобус ішіне бейнебақылау орнатылып, кондуктор орнына реттілікті қадағалайтын бақылаушылар тағайындалады. Олар жолаушылардың жолақыны төлеу процесін арнайы құрылғылар арқылы анықтамақ. Құрылғы жолаушы карточкасынан баланстың қашан алынғанын анықтап береді. Барлық қала маршруттарына 60-қа тарта бақылаушы бекітіледі.
- Компания бізге ұсыныс тастап, барлық қаражатты өздері көтеретінін айтты. Ұсынысты қабылдап, бірінші тестілеу режимінде қолданысқа енгіземіз деп шештік. Қазір жан-жақты пысықталуда. Жолақыны «Каспий», «Халық» және басқа да банк карталары арқылы төлеу жолдарын қарастырудамыз. Бұл – біз алдағы уақытта атқаратын жұмыстардың бірі, – деді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Ескендір Кабидолла.
Жолақысын қалай төлейміз?
«SMARD CARD» деп аталатын картаны тұрғындар 500 теңгеден қала дүкендері мен супермаркеттен сатып алады. Картаның атауы алдағы уақытта өзгертіледі деп күтілуде. Пішіні банк картасына ұқсас, сыртында арнайы нөмір көрсетіледі. Сол арқылы терминалдан ақша салу қажет. Картаның ішіндегі қаржыны белгілі бір уақытта жұмсау керек деген шектеу жоқ. Бірнеше ай қолданылмаса да ішіндегі сома күйіп кетпейді. Сондай-ақ, «qiwi кошелек», банктердің «мобильді банк» қосымшасы арқылы да толтыру қарастырылып жатыр.
Қаладағы әлеуметтік билетпен қатынайтын 26 мың жолаушының картасына иесінің аты-жөні жазылады. Оны әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімі реттейді.
Егер карточкаға бір ретте 6000 теңге салсаңыз, жалпы жол жүру билеті қызметін атқаруы мүмкін. Қазір бұл мәселе жан-жақты талқылануда.
Зейнеткерлерге арналған жол жүру билетінің мәселесі де әзірге шешімін таппай тұр. Сонымен қатар, 7 жастан 15 жасқа дейінгі мектеп оқушыларына бұрынғыша заң жүзінде 50% жеңілдік қарастырылады. Ол үшін арнайы карта әзірлеу жоспарда.
- Қоғамдык көлікке күніне бірнеше мәрте ауысып отырғандықтан, маған айлық тегін жүру билеті тиімді. Сөйтіп, бір ай алаңсыз жүре беремін. Енді жаңа жүйенің орнатылатынын естіп, алаңдап жүрмін. Жұмыс бабымен де ара-тұра ісшараларға барып келемін. Ал, бұл жүйе маған тиімсіз. Осы тұрғыда жан-жақты қарастырып, халыққа тиімді тұстарын ұсынса деген ойдамын, – деді №40 қоғамдық көліктің Айнұр есімді тұрақты жолаушысы.
Картасы жоқтарға жеңілдік жоқ
Онлайн карта қолданысқа енгізілгеннен кейін бұл жүйені пайдаланбайтындар үшін жолақы 160 теңгеге қымбаттайды. Карта қолданатын жолаушылар қазіргідей 80 теңге төлеп қатынай береді. «Заң жүзінде, электронды билет енгізілген күні сараланған тариф қабылдануы қажет. Егер бұл тариф қабылданса, баға әрі кетсе 150-160 теңгеге көтеріледі» – дейді мамандар. Ал, қала сыртына қатынайтын автобустың жолақысы бұрынғы қалпында қала береді.
Жолақы төлемеген жолаушыға айыппұл салынады. Мәселен, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында жолақы төлемеген жағдайда 2 АЕК көлемінде айыппұл төлейді екенсіз.
- Айыппұлдың мөлшерін нақты айта алмаймын. Жергілікті жердің жауапты органдарымен ақылдаса отырып шешілетін жайт. Жаңа жүйе жайлы алдағы аптада халыққа нақты ақпарат береміз, – дейді ЖШС «SMART CARD» компаниясының директоры Джейсон Ан.
Ербол ЕРБОЛАТ.